Сөз – ырыс, өмір – тыныс
1989 жылы «Еңбек туы» газетінің жарыққа шыққанына 50 жыл толады. Газет беттерінде осы жылы естеліктер жиі жазылды. Әрдайым оқырманнан қол үзбеген басылым елу жылға да бай оқырманмен жетті. Бұл жылдары газеттің ауыл-село тілшілері белсене араласты деуге негіз бар. Мысалы, «Шіркейлі» совхозынан мұғалім Байназар Сүлейменов үнемі ауыл өмірін газет бетінде көрсетіп, көптеген сын-ескертпелер, ұсыныстар жазған. Партияның ХVIII съезі атындағы совхоздан Оразбек Бесбаев, Сейтмұрат Ембергеновтің өлеңдері жарияланып тұрған. Аудан орталығының тұрғындары, аудандық ардагерлер Советінің председателі Уәлибек Әбдуов аудан прокуроры Балтабек Сыздықов газеттің мазмұнды шығуына сапалы дүниелерімен атсалысты.
Газеттің мерейлі жылында естелік жазған белсенді автор Мұса Сексенбаев мынадай ұсыныс-тілегін білдіреді: «Соғыс және еңбек ардагерлерін, партия, совет, комсомол және шаруашылық қызметкерлерін сөйлетуді дағдыға айналдырған жөн деп есептейміз. Ауданымыздың айнасы, партиямыздың тілі – аудандық газетіміздің жұмысын мұнан әрі жақсартуға көпшілік болып қатысайық».
Газеттің 50 жылдығы қарсаңында өмірін газетпен байланыстырған оқырмандар лебізінің газет бетінде жиі жариялануы да оқырман мен газет арасындағы нәзік байланыстың көрінісі болды. Мәселен, Сәкен Сейфуллин атындағы совхоздың жылқышысы Өтеген Ералиев былай деп жазады: «Еңбек туы» газеті жөнінде айтқанда, өз өміріміздің күнделікті көрінісін сезінетін, содан ой сараптап, тоқтамды тұжырымға келетін жайттарды кешемін өз басымнан. Біз Сыр бойындағы Жақаевшылар қозғалысын, Сырдарияның сол жаға массивін игеру мәселелерін осы өзіміздің аудандық газеттен оқып, біліп отырдық. Ал енді бүгінгі қайта құру, жариялылық заманында «Еңбек туының» бет-бейнесі мүлдем өзгерді десем артық айтқандық болмас. Мұнда бәрі жазылады. Қоғам дамуы үшін еңбек етіп жүрген жандар шынайы лебізін білдіреді. Сөзімнің соңында «Еңбек туы» газетінің редакциясына, оның творчестволық коллективіне шын ықыласымды және құттықтау лебізімді білдіргім келеді» деген қарапайым оқырманның риясыз тілегі газеттің беделін биіктете түседі.
1989 жылғы газет беттеріндегі бір жаңалық – аудан-ауылдарда өткен наурыз мерекесінің жариялана бастауы. Наурыздың тойлануы алғаш жариялана бастаған тұста басылымдар қысқа ақпарат беруден аса алмады. «Еңбек туы» газеті де ауылдарда аталып өткен наурыз мейрамын соңғы бетте тақырыпсыз, суретпен шағын ақпарат берумен ғана шектелді.
Жарыққа шыққанына 50 жыл толған газеттің сол жылдардағы жетістігі мен кемшілігі жайында газет жанашырлары мен авторларының ұсыныс-пікірлерінде айтылады: «Газетте сын мақалалар аз емес. Бірақ газет қызметкерлері сын мақаланы жариялайды да, соңын бақыламайды. Сынға жауап, жіберілген кемшіліктерді жөндеуге жасалған шаралар жарияланбайды. Келешекте газет бұл кемшіліктерді ескерер деген үміттеміз. Газет әлі де болса село тілшілерімен жиі қатынас жасап отырған жоқ. Село тілшілерімен газет күндерін өткізу, олардың белсенділігін арттыру жөнінде жұмыс істеу қажет. Поэзия, проза секцияларын ұйымдастырамыз. Олардың жанашырларын жинап семинарларын өткіземіз. Жаңадан жазып жүргендермен, әдебиет теориясын оқымаған жырқұмар қауым авторлармен түсінісу кешін өткіземіз деп жақсы бастама бастады да, кейін аяқсыз қалды. Келешекте осы жұмысты тұрақтандыру керек» деген оқырмандар ескертпесі оқырманның қырағылы мен жанашырлығын байқатса керек.
Тағы бір оқырман жыршы-жыраулардың өнерімен оқырманды сусындатуды, отбасы құндылығын көбірек насихаттауды, саудагерлікті тоқтатуға ықпал етуді сұрайды. Осы жылдары белсенді оқырманның көптігі сондай, нөмір сайын ұсыныс-пікірлер жиі жарияланған. Мәселен, «Еңбек туының» 1989 жылғы 11 сәуірдегі нөмірінде «Қызылту» орта мектебінің оқушысы Хауез Сейдахметов «Қаламақым – Аралға» деген рубрика ашып, оқушылардың жазған мақалаларының қаламақысы Арал қорына аударылып отырса деген тілек білдіреді». Сондай-ақ басылым бетінде «Басылмаған хаттың дерегі» айдарынан оқырман жазған хат алдын ала жарияланбай, ондағы мәселе шешімін тапқан соң ғана қорытындысы жарияланып отырғанын көреміз.
1989 жылы газеттің бағасы 3 тиын болды. Бір атап айтарлығы, осы жылдары газет бетінде коммунистердің 40-55 сомға дейін газет-журнал жаздырып алып оқитыны жазылған. Газеттің 1989 жылғы нөмірлерінде ай аты екі тілде қатар жазылып отырған. Мәселен, «апрель-көкек» деп берілген. Бұл оқырмандарды қазақша ай атауларына үйрете бастаған алғашқы қадам болса керек.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, 1989 жылдың сәуірінде газет бетінде сұхбаттар беріліп, соңғы бетте арнаулы «Сенбілік бет» шыға бастады.
1991 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Ердешбаевтың тағайындауымен аудандық газеттің редакторы Қуаныш Татанов болды. Осы ретте газеттің атын өзгерту жайлы оқырмандардан хаттар мен ұсыныстар келіп, газеттің аты «Тереңөзек тынысы» болып өзгертіліп, 1997 жылға дейін осылай аталып келеді. Осы уақытта газетте сын мақалалар жиі жазылды. Бұл туралы сол кездегі редактор Қ.Татанов былай деп жазады: «Газеттің абыройы мен беделін көтеру жолында тынымсыз еңбек еткен Бекнияз Шертаевтың сын мақалалары дөп түсіп жататын. Сын жазудың сарбазы атанған Сұлтан Қожаниязовтың уытты шумақтары мен сын мақалаларын оқырмандар асыға күтетін. Газеттің рөлін көтеру үшін қоғамдағы орын алған кемшіліктерді жариялаудың саяси тәрбиелік рөлі бар. Оған дәлел «Тереңөзек» күріш совхозы бір жылдары мемлекетке миллион пұт астық тапсырып, абыройын асқақтатты. Алайда шаруашылық басшылары саяси тәрбие, идеологиялық жұмыстарды ұмыт қалдырғаны жөнінде аудандық газетте «Табыс тасасындағы кемшіліктер» атты сын мақала жарияланып, бұл партком мәжілісінде қаралып, орын алған кемшіліктерді жоюдың шаралары белгіленді. Сондай-ақ Іңкәрдария ауылында еңбек ететін шопандарға медициналық қызмет көрсететін фельдшердің қызметі сыналып «Жоғалған фельдшер» атты сын мақала жарық көрді. Нәтижесінде шопандарға медициналық көмек көрсету сапасы жақсарды» деп жазады.
Сол жылдары газеттің сапалы да мазмұнды шығуына үлес қосқан редактор орынбасары Келдібай Уәйісовтің, жауапты хатшы Мейрамбек Шілдебаевтың, фототілшілер «Сталин жолы» газетінде фототілші қызметін атқарған Владимир Ягунин, одан кейін Ибадулла Пірімбетов, Ерғали Әбдіхалықов және аудандық баспахананың сол кездегі басшысы Сергей Тоқсанбаев есімі ерекше аталады. Бұл туралы газет редакторы Қуаныш
Татанов өз естелігінде былай деп жазады: «Газет оқырмандар көңілінен шығу үшін аудандық баспахананың сол кездегі білгір басшысы Сергей Тоқсанбаевпен бірге еңбек еттік. Сол кездегі жас журналист болып келген Мейрамбек Шілдебаев газеттің жауапты хатшысы болып, әрбір газет санының сапалы шығуы үшін макет сызып, редакция қызметкерлеріне тапсырмалар беріп, орындалуын қатаң қадағалап отыратын. Соның арқасында газеттің әрбір саны оқырманға уақытылы жетуші еді. Редактор орынбасары Келдібай Уәйісов еліміздегі сол кездегі нарық заманына сай жазған мақалалары, шаруашылық, мекеме басшыларынан алған сұхбаттары оқырмандар көңілінен шығып, жылы лебіздер келіп жататын. Ақын Мұхтар Сақтаповтың, Балашбек Шағыровтың өлеңдері, Еркін Әбілдің мақалалары мен сұқбаттарын жұртшылық іздеп жүріп оқитын. Фототілшілер Ибадулла Пірімбетов, одан кейін Ерғали Әбдіхалықовтың және Тұрабек Әбдіхановтың газетте жарияланған суреттерін оқырмандар жоғары бағалайтын. Газеттің абыройы мен беделін көтеру жолында тынымсыз еңбек еткен Серік Әлімбетовтың жылт еткен жаңалықты қалт жібермейтін мақалалары, Бекнияз Шертаевтың сын мақалалары дөп түсіп жататын. Сын жазудың сарбазы атанған Сұлтан Қожаниязовтың уытты шумақтары мен сын мақалалары, кезінде осы газетке редактор болған Болатбек Аманбаевтың жазған материалдарын оқырмандар асыға күтетін. Радиохабарын ұйымдастырушы Кеңес, Жұманазар, корректор, әдеби қызметкер Мұса осы жылдары жемісті еңбек етті».
Журналист М.Шілдебаевтың газетте жарияланған «Тереңөзек неге тым жүдеу?» атты сын мақаласында аудандағы әлеуметтік-мәдени құрылыстардың құлау қаупінде тұрғанын, жаңа заман талабына сай жаңартып салу қажеттігі айтылады. «Осы сын материал іске қозғау салды ма, аудан орталығынан қазіргі «Жастар» кафесі, «Жас ұландар» үйі, балалар кітапханасы, қазіргі аудандық оқу бөлімінің ғимараты, басқа да әлеуметтік мәдени құрылыстар шаруашылық есебінен салына бастады» деп жазады автор өз естелігінде.
1993-1994 жылы «Тереңөзек тынысы» газетінің редакторы Тынышбек Дайрабаев болды. 1994 жылы газеттің жарыққа шыққанына 55 жыл болды. Газет редакторы Тынышбек Дайрабаев газеттің таралымы өскенін атап өтеді. «1992-1993 жылы газет тиражы 2890-2900 болса, қазіргідей баға аспандап нарық қысып тұрғанда 1994 жылдың І тоқсанына 2905 адам «Тереңөзек тынысына» жазылды. Өткен жылдарға қарағанда оқырман хаттарының саны артып, көтерген мәселелер аясы кеңи түсті. Әсіресе, бұрынғы журналистер, оқу-ағарту, мәдени-қызметтің ардагерлері ел-жер туралы, ата-бабалар тарихынан молынан жаза бастады» деп жазады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық баспасөзді де айналып өткен жоқ. Қаржы тапшылығы газет шығару ісін қиындатты. Бұл туралы 1994 жылы «Тереңөзек тынысы» газетінің редакторы Тынышбек Дайрабаев былай деп жазады: «Қай саланы да қамтып отырған нарық қыспағына газет ұжымы да ұшырап отыр. Бұрын газет аптасына үш мәрте шығар болса, қазір бір рет шығады. Газетке қажетті қағаз бағасы күн өткен сайын шарықтауда. Соған қарамастан газеттің шығармашылық тобы қиыннан қиыстырып, газетті халық оқитындай етіп шығара беретінімізге сенімдіміз».
Аталған жылдары газеттің байырғы штаттан тыс тілшілері шіркейлілік Байназар Сүлейменов, ильичтік Тоқымбай Маханбетұлы, Жүсіпназар Атымтаев, шағандық Айтбай Мығымбаев, қызылөзектік Қожабек Қоянбаев, қыстақ тұрғындары Сейітмұрат Ембергенов, Әлиакбар Қадыров, асқарлық Оразбек Бесбаев, Әбжан Арынов, поселкеден Сәйділла Сәдуақасов, Асылбек Ақбалаев, Мүсілім Қалмұратұлы сияқты байырғы тілшілермен қатар жас толқын А.Алданазарова, Н.Бәрзуұлы, С.Маханбетова, Ә.Досанова, Э.Несіпбаева, А.Орынбайқызы, Г.Бақытбаева, Р.Жүсіпова, Н.Ізбасқанова, Г.Жүркеева және т.б. жас тілшілер қатары арта түссе, С.Қожаниязов, Б.Шертаев, М.Сексенбаев, Б.Өтеповтердің салмақты материалдары қайтадан көріне бастаған уақыт. Газеттің белсенді авторлары Асқар, Әлішер Тоқмағамбетовтер жиі қалам тартқан тұс. Сонымен қатар Қ.Қоянбаев, Б.Әденов, М.Серікбаева, Т.Махамбетов, Ә.Атахаев, Т.Досымов, Ә.Ерғалиұлы, Бақытбек Ділдабаев, Б.Әбдуов, С.Алданазоров, С.Усабаев, Н.Сейіткәрімұлы, Г.Бержаппарова, С.Бисенов, М.Байқожаев, Ж.Жанпейісова, Д.Жақыпбекова, Ж.Ибадуллина, С.Бейбітов, Т.Жұмабеков, К.Асқаров, И.Танабаев, С.Есмаханов, Ә.Бәкіровтер түрлі тақырыпта хат жолдап, жазған дүниелері оқырман ойынан шыққан авторлар».
1994-1995 жылдары газеттің редакторы бұған дейін аудандық газет редакторының орынбасары қызметін атқарған Келдібай Уәйісов болды. Газет тиражы төмендеп, қаржылық қиындық туған уақыт. 1995 жылғы газет нөмірінің бірінде редакция ұжымы атынан «Тереңөзек тынысы» тарыла ма, әлде...» атты мақала жарияланады. Мұнда қаржының қиындығынан газетке жазылатындар саны азайғанын, газеттің тағдыры оқырмандар қолында екенін жазады. Сол уақыттағы газеттің жағдайын анық көрсету үшін мақаладан үзінді келтірдік: «Баспасөзге жазылу барлық басылымдар бойынша мәз болмай отыр. Бұған басты себеп – халықтың қолында нақты ақшаның тапшылығынан екенін түсінеміз. Әйтпесе, қайсыбір оқырманның да, қайсыбір басылымға көңілі суыды немесе енжар тартты деген пікірден аулақпыз. «Тереңөзек тынысы» газетіне жазылу келесі 6 айға жеке адам үшін 200 теңге, мекемеге 1000 теңге болып белгіленді. Осының себеп-салдарын оқырманға түсіндіре кету парыз. Негізінен газет редакциясы өз өнімін тарату үшін баспахана, пошта қызметтеріне арқа сүйейді. Олар және біз де электр қуатынсыз, жанармайсыз қауқарсызбыз. Аудандық газетті шығару үшін 6 айға 1 204 291 теңге қажет. Сонда біздің газетіміздің бір данасын шығару үшін 602 теңге 14 тиын жұмсалады, осының 40 процентін баспахана, 40 процентін пошта, 10 проценттейін электр желісі алады, қалғаны біздікі. Газет 6 айда жалпы шығын сомасының 490 мың теңгесін ғана өзі өтейді, қалған 714 291 теңгесін бюджет жабуы керек. Ал күні бүгінге дейін баспахана, телекоммуникация, электр жүйесі, архив, дезстанция, жанармай базасы мекемелеріне 1 мамырға барлығы 192 мың теңге берешекпіз, ал редакция қызметкерлері ақпан айынан бері айлық алған жоқ. Ендігі кезекте, қымбатты оқырман, аудандық газеттің шығу-шықпауы сіздерге байланысты екенін жасырғымыз келмейді. Тираж болса аудандық газет шығады. Сол үшін сіздер күнделікті мұқтаждықтан артылдырып, 200 теңге үнемдеп, «Тереңөзек тынысын» жаздырып алсаңыз, құба-құп.
1997 жылы аудандық газет редакциясы мен баспахана ұжымы біріктіріліп, «Тіршілік тынысы» газеті болып шыға бастады. Осыған орай баспахана мен редакцияның бір адамға жүктеліп, кадрлық өзгерістер болғаны байқалады. Осы жылдан бастап редакцияда директор-редактор деген штат пайда болды.
1998-2000 жылдары газеттің директор-редакторы Асқар Кіребаев болған тұста достық әзілдер, проблемалық мақалалар газет бетінде жиі көрінді. Мәселен, 3 мамыр «Бүкілдүниежүзілік баспасөз бостандығы күні» редактор «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мақаласында қоғамдағы сыбайлас жемқорлық, қылмыс, заңды белден басу мәселелеріне бұқаралық ақпарат құралдары тосқауыл қою қажеттігін айтады.
Редактордың достық әзілдері де қоғамдағы мәселелерді дөп басады. Мәселен, «Аудандық жерге орналастыру комитетінің төрағасы Мұса Келдібаевқа» деген достық әзілінде:
Қашаннан бар еді деп төрге ыңғайы,
Атап жүр жұрттар сені жердің МАИЫ.
Тапты ма түгелімен АКТ егесін,
Ертеңгі қалай болмақ елдің жайы?
Судайын сөйлегенде ағыласың,
«Шаруаға жағдай жоқ» деп жағынасың.
Жер беріп, салық алған фермеріңнің,
Дымы жоқ, несиесін не қыласың» деп қоғамның кейбір түйткілді мәселелерін достық әзілге сыйғызады.
«Сыр журналистикасының
тарихы» кітабынан
(Жалғасы бар)