Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әркім уақытты тиімді пайдалану керек

Әркім уақытты тиімді пайдалану керек

Ақылды адам жүрекпен сезіп, аз сөйлеп, оймен жеткізеді. Келер ұрпаққа азды-көпті білгеніңді, өмірден түйгеніңді айта білу – үлкендікке, көрегенділік­ке жатады. Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі өзегі. Осыған байланысты біз «Пруст» сауалнамасын жүргізіп келеміз. Бүгін Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлымен дидарласу сәті түсті.

– Зайдағали аға, адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Өмірге адам болып келгеннен кейін, адам болып қалу – парыз. Дүние есігін ашқаннан бастап, өмірден өткеніңше сан түрлі тағдырға тап боласың. Бір кісіде жақсылық көп орнаса, екіншісіне жамандық атаулы үйір болуы ықтимал. Сондықтан әрбір адам көпшілік көңілінен шығатындай жағымды, жақсы, кісілік болмысы басым қа­сиетімен дараланғаны жөн.

– Ер азаматтың басты қасиеті не?

– Ер азамат қашанда айналасын ұйыстыра, ұйым­дастыра білуі тиіс. Ата-бабамыздың айтуынша, ерлер қоғамның, әулетінің, отбасының негізгі жол нұсқаушы, асыраушысы атанған. Қамқоршы, істі ұйым­дастыра білуші жан қоғамда құрметті болады. Ел бас­қарған ер азамат барлық жағынан өзінен кейінгі жастарға үлгі болса, сол абырой. Өз қызметінің білгірі, ұлтының қорғаны бола білген жандар көп шықса, тұрақ­тылық мәңгі орнайды.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Көбіне Бауыржан Момышұлының шығарма­ларын­дағы кейіпкерлер жаныма жақын. Жазушы қайраткерлік, қайсарлық, өжеттілік, батылдық қасиеттерді шығармасына арқау еткен. Даңқты жазушы: «Еліңе қызмет етсең, құл болмайсың» деген тәмсілді кейінгі ұрпаққа шегелеп айтып кеткен. Қазіргі уақытта еңбек ету, жұмыс табу қиын мәселеге айналды. Жас­тар «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге үйір. Қай кезде де бейнетпен келген істе қайыр бар. Мың сан тақырыпты қаузайтын барлық ақын-жазушының кейіпкерінің барлығы қарапайым өмір­ден алынған.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Өмірге келгеннің өзі бақыт. Жер басып, аман-есен жүргеннің өзі бақыт. Еліміз тыныш, отбасындағы жан басы түгел болса, бақыт. Бақыт деген ұғымға барлығын кіргізуге болады.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақытымды қоғамдық жұмысқа арнап келемін. Бұрын мекемесі тарап кеткен ардагерлердің басын құ­рап, бір арнаға ұйыстыруға күш салудамыз. Қазы­налы қарттар үшін бар уақытымды арнаймын. Қоғамдық қыз­меттің жауапкершілігі зор. Сондықтан бос уақытымды ар­дагерлерді ардақтауға жұмсаймын.

– Ең басты кемшілігіңіз?

– Мен адамға сенгішпін. Сосын өте боспын. Үнемі бас­шылық қызметте жүріп, жұмысшыларымнан нәтиже, жетіс­тік талап еттім. Бірақ, тым жұмсақ болдым. Мені алдай білген жандар аз емес. Өтірік сөйлеп, ісіне нандыра білгендер көп. Өмірде қатар келе жатып, алдыңа түсіп кететін жандар жеткілікті.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Менің басты арманым агроном болу еді. Егер өмірге екінші рет келсем, түпкі мақсатым – агроном болу­ға ұм­тыламын. Жер өндеуге бар күш-жігерімді саламын. Сыр­дың басты дақылы күріш егуді қолға аламын. Дәнді-да­қылдан сан түрлі өнім шығаруды кәсібіме айналдырамын. Жас кезімде орындай ал­маған арманымның жүзеге асқанын шын жүректен қалаймын.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Мен бірнеше мемлекетті аралап көрдім. Кез келген елдің өз менталитеті, қалыптасқан өмір сүру дағдысы, қатаң қағидасы бар. Өзіме қазақ жері – жұмақ мекенім. Суын ішіп, ауасын жұтқан атамекенді ешқандай жерге айыр­­бастай алмаймын. Туған жерге ешқандай жер жет­пейді. Көз көрген адамдармен шүйіркелесіп, бар жақ­сы­лықты ортақтасқаннан артық бақыт жоқ.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, нені ойлап табар едіңіз?

– Адамдарды химиялық өнімдерден арылтып, дәнді-дақылдан жасалатын табиғи тағам ойлап табар едім.

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Кейде адамда сәтсіздік кезеңі орын алады. Сондай кезде өзімді төмен қарай тастап жіберемін. Бірақ, өз-өзімді ұстап, барынша қамшылай аламын. Өмірді бас­қаша көзқараста сүруге талпынамын. Өткенді, болымсыз сәтсіздікті ұмытуға тырысамын.

– Не нәрседен жиіркенесіз?

– Адам арасында өтірік сөзге бейім, алдап-арбауды жаны сүйетін жандарды жек көремін. Кез келген істі жар­қыратып көрсеткенімен, түбінде сапасыз жасалғаны кө­ңілімді құлазытады. Барлық нәрсені адамға ыңғайлап, қолайлы етіп жасау керек. Саны бар, сапасы жоқ деген қасаң қағиданы жойған жөн.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– Жастайымнан «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұстаныммен өмір сүрдім. Әрине, еңбек бар жерде абырой, бақ, бақыт, табыс, күнкөріс көзі, бәрі бар. Сосын Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін үнемі айтып жүремін.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Хәкім Абай Құнанбайұлынан мықты қаламгер жоқ секілді. Осы күні қаулап өсіп келе жатқан ақын-жазу­шылардың өз айтары бар. Дегенмен, ұлы ойшылдың еңбе­гін зерттеп, соның ізің басып қана келе жатыр. Мен үшін – Абай дара тұлға.

– Кісіге мүсіркеп қарауды қалай түсінесіз?

– Мүсіркеу дегенді жақсы түсінемін. Өйткені, мен әкесіз ер жеттім. Тоғыз айлығымда әкем бақилыққа аттанған. Кейбір кісілер баланың әкесіз өскендігін бетіне басқысы келіп тұрады. Осындай сәтте біреудің қолына қарамау үшін барымды салдым. Әлім жеткенше еңбек еттім. Өзімнен үлкен ағам оқуын тастап, тракторшы ма­мандығын меңгерген. Анам екеуі елдің баласынан кем қылмай жеткізген. Адамға қайырымды болғың келсе, жақ­сылықты көпшілікке көрсетпей жаса. Жетім-жесірдің көз жасы еш уақытта жібермейді. Мүсіркеудің түр-түрі бар. Қолдаушы болған – жақсы, қорлаушы болған – қасірет.

– Қазіргі жастардың басты қателігі қандай?

– Жастардың басты қателігі – өзіне тиесілі уақытты тиімді пайдалана алмауы. Құр уақытты өткізіп, бір дүние­мен тұрақты айналыспайтын жастар көп. Болашағын ойласа, білім алып, тереңнен ізденуі тиіс. Бүгінгі қоғамда біз көрмеген бар жағдайды жасап қойғаны мәлім. Же­ңіл жұмысқа үйір жастар ауыр еңбекті қаламайды. Ауыр­лықпен келген мол табыс, зор жетістік қашанда ыстық көрінеді. Бүгінгі заманда ғарышқа ұшам десең де, мүм­кіндік зор. Тек оқу, еңбек ету, уақытты орынды пайдалану маңызды рөл ойнайды.

– Сырдария ауданы Сіз үшін несімен қымбат?

– Сырдария ауданы өзім егінші болғаннан кейін, күрішімен қымбат. Құнарлы жері, табиғаты, құм-тасы бағалы. Туған жерімдегі мекен ететін адамы мен үшін құрметті.



Сауалнаманы жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 шілде 2022 ж. 255 0