Судан келер қауіп көп
«Бұрындары «суға ағып кетіпті» дегенді көп естімейтінбіз. Тіпті, кез келген ағын суға бара қалсаң кішкентай балалар топырлап жүретін. Ал қазір кішкентай балалар ғана емес, үлкендердің өзі суға кетіп қалып жатыр» деді бір танысым. Айтқаны рас. Десе де ол кезеңдерде бүгінгідей әлеуметтік желі жоқтың қасы болатын. Ал қазір адам суға тұншығып, қиналып жатса да ұялы телефонға түсіріп, тез таратып жібереді.
Айтпағымыз, адамдардың қатыгездігі емес, судағы қауіпсіздік. Осы көктем-жаз айлары басталғалы бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарынан балаларды құтқарамын деп суға ағып кетіп жатқан, одан бөлек түрлі жағдайда ажалы судан болып жатқан оқиғалар көп тарауда. Жақында «Whatsapp» желісі арқылы бір баланы құтқарамын деп ағын суға түскен екі полицей бейнежазбасы да көпшілік үрейін туғызды. Қытайдың Шыңжаң ауданында орын алған оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Дегенмен көпшілік бүгінде судан келер қауіптің көп екен білгені жөн.
Қазіргі суға түсу маусымында қауіпсіздікке айрықша мән беру керек. Себебі, ағысы қатты ағын сулар адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да ерте көктемнен өңірде қауіпті учаскелер белгіленіп, суға түсуге тыйым салынған белгілер арнатылған.
– Биыл 20 сәуірде аудан әкімімен «2022 жылғы суға шомылу маусымындағы аудандағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ұйымдастыру туралы» кешенді жоспар бекітілді. Аталған жоспарда суға түсу маусымы кезеңіндегі Тереңөзек кенті мен барлық ауылдық округі әкімдерінің және тиісті мемлекеттік мекемелердің атқаратын жұмыстары нақты белгіленіп берілген. Қазіргі уақытта аудан бойынша суға түсуге бейімделмеген 49 қауіпті учаске белгіленіп, барлығына суға түсуге болмайтындығын ескертетін арнайы тақтайшалар орнатылған. Жалпы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімінің тапсырмасымен барлық елді мекендегі суға түсуге бейімделмеген жерлерге кезекшіліктер ұйымдастыру үшін 17 азамат қоғамдық негізде жұмысқа қабылданып, қазіргі таңда күнделікті кезекшілік жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімімен және №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен күнделікті 14.00-21.00 аралығында суға шомылатын орындарға қарау жұмыстарын жүргізеді. Суға түсіп жүрген азаматтарға түсіндірме жұмыстарымен қатар арнайы жадынамалар таратылуда. Биыл Тереңөзек кентіндегі жастар саябағына жергілікті кәсіпкер көмегімен 1 дана модульдік-қаңқалы бассейн орнатылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде, – дейді аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қайрат Қуандықов.
Жалпы, өткен жылы суға түсу маусымында ауданда 6 суға кету жағдайы орын алған. Оның 1-уі бала. Ал биылғы есепті кезеңде 3 жағдай тіркелген. Оның ішінде балалардың суға кету фактісі жоқ. Осындай статистикадан кейін судағы қауіпсіздікке аса мән беріп қарау керектігін түсінуге болады. Су тілсіз жау екенін ұғынып, «Сақтансаң, сақтайды» деген қағидатты ұстанған абзал.
Ердос БЕРКІНБАЕВ