Су салғырттықты кешірмейді
Жаз мезгілі басталысымен-ақ аптап ыстық адам денесін «күйдіріп» барады. Көлеңкенің өзі көлегейлеуге келмей, ыстық жел соққанда тынысың тарылып қалатыны бар. Осындай сәтте көпшіліктің ағын суға қарай ағылатыны рас. Оның үстіне, 1 маусымнан суға түсу маусымы басталды. Енді күздің бел ортасына дейін іздеген адамды канал, ағын су жағасынан табатының анық. Десе де қазір ағын су тілсіз тажалға айналғандай. бұл адам өміріне, оның ішінде балаларға зор қауіп тудыруда.
Ағын су алып кетеді
Бала күнімізде ауылдың шетіндегі «Ырсымбек» каналына суға түсетінбіз. Оған барудың өзі қызық болатын.
Жаздың ыстық мезгілінде ата-анамыз бізді үйден шығармай, үлкен бөлмеге ұйықтауға пәрмен береді. Жазғы демалыстағы ойын баласы ұйықтайтын ба еді?! Сықылықтап күліп, бір-бірімзге ақырын ғана сөйлеп, ортаңғы бөлмені аңдып жататынбыз. Сондағымыз әке мен анамыздың ұйықтап кеткен сәтін күту. Уақыты келгенде ақырын жүріп, үйден ытқып шығамыз да күн ыстықта аяқ күйдірер жолмен каналға қарай жүгіре жөнелеміз. Борша-борша тер ағып, ағын суға жетер-жетпес киімді лақтырып, каналға сүңгіп кететін едік. Сол түскеннен кешкі уақытқа дейін жылан балықтай судан шықпай, көз қызарып үйге келетінбіз. Осындай қылығымыз үшін қанша таяқ жесек те суға түсуге деген ынтығымыз басылмайтын еді.
Дегенмен, суға түскенде қасыңда үлкен кісілер болмаса, жасөспірім шақта шомылу өте қауіпті. Олай дейтінім, бір күні көрші бала екеуміз астымызда велосипедіміз бар, жоғарыда айтқан каналға суға түсуге бардық. Маған жүзуді әкем үйреткен болатын. Ал көрші бала жүзу білмейді. Каналға барысымен таяздау жерінде ғана жүрді. Бірақ біздің шомылып жүрген жеріміз қайырдың тұсы. Ол жер терең болатыны белгілі. Таяздау жерде жүрген көрші баланың аяғы тайып, каналдың тереңдеу жеріне бойлады. Ағынды су тереңге қарай алып кететіні анық. Әп-сәтте өзім қатарлы бала суға бата бастады. Содан оны құтқаруға жүзіп барғанымен, өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан жан өзімді суға тұншықтырып, су ішінде арпалыстық. Содан әупірімдеп жүріп екеулеп жағаға шыққанымыз бар. Содан кейін бала кезімде үлкендерсіз суға шомылмайтын болдық.
Қазір суға шомылуға көптеген құрылғылар шыққан. Олар қауіпсіз саналғанымен баланы ағын судың алып кетуі көзді ашып-жұмғанша. Сондықтан балалар суға шомылатын кезде үлкендер жағы өте қырағы болуы қажет.
Бала қауіпсіздігі басты орында
Статистикалық мәліметке сәйкес, жыл басынан бері елімізде 34 бала суға кеткен. Суға түсу маусымы басталғанын ескерсек, мұндай жағдайдың жиілеу қаупі жоғары. Сондықтан қазір балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты орында тұр.
Дарияны жағалай орналасқан соң аудан көлемінде су айдындары көп. Тіпті, Тереңөзек кенті мен ауылдық округтердің орталығын кесіп өтетін каналдар да бар. Ағын су болған соң ойын баласы үйде тыныш жатпайды. Түскі уақыттан бастап каналға түсіп, күннің лебі қайтқанша судан шықпайтыны анық. Міне, осы уақыт аралығында қараусыз қалған балалардың суға ағып кетуі ықтимал.
Ауданда қайғылы жағдай орын алмас үшін төтеншеліктер міндетті тірліктерін істеуде. Яғни, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Сырдария» мен «Қалғандария» өзені, «Әйтек», «Майжарма», «Қаракөл» су арнасында кезекшілік ұйымдастырып, бүгінгі күнге дейін 16 рейдтік іс-шара жүргізген. Рейд барысында 61 дана үнпарақ таратып, суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайтынын, ағын суда өте сақ болу керектігін ескерткен. Суға түсуіге болмайтын орындарға арнайы ескертпе тақтайшалар орнатылған.
Жалпы, мамандардың айтуы бойынша, жыл басынан бері облыс аумағында су айдындарында 7 адам қаза тауып, оның ішінде 4 бала бар екені нақтыланып отыр. Ал ауданда соңғы 3 жылда 6 жағдай тіркеліп, 7 адам суға кеткен. Өкініштісі, 7 адамның 5-і жасөспірім бала.
Демек, қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігіне ата-ана алаңдаулы болмаса, су салғырттықты кешірмейді. Бетін аулақ қылсын дейміз, әрине.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ