Төсбелгі табысталды
Кеше аудандық полиция бөлімінде жиын өтіп, бірқатар сала ардагерлері «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Іс-шараға облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Ибраев, аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы және сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов тәртіп сақшыларының ел дамуында, қоғам тыныштығын сақтауда атқарып жатқан қызметтері орасан екенін атады.
– Қай уақытта болмасын полиция қызметі әрқашан жанқиярлық пен антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қазақстан полициясының тарихы көптеген көзсіз батырлық пен халыққа деген шексіз адалдықтың мысалдарынан тұрады. Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңіз елеулі. Бұл тұста, ауданның полиция қызметкерлері күні-түні тынымсыз қызмет атқаруда. Оларға сала ардагерлері де әркез қолдау білдіріп жүр. Сондықтан сіздерге құрмет мол, – деді Расул Әбутәліпұлы.
Сөз кезегінде аудандық полиция бөлімі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Еспенбетов биылғы мерейлі жылда сала ардагерлері мен қызметкерлері марапат биігінен көрініп, бірқатары арнайы төсбелгімен марапатталғанын тілге тиек етті. Бұл сондай ізгі іс-шараның жалғасы екенін айтты. Ал аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы тыныштықты қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшылары қандай құрметке де лайық екенін жеткізіп, жылы лебізін білдірді.
Құттықтау сөздерден соң бірқатар сала ардагеріне «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісі табысталды. Ардагерлер атынан Серік Бексейітов сөз сөйлеп, ризашылығын жеткізді.
Іс-шара барысында аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Ибраев та сала ардагерлерін марапаттарымен құттықтады.
Е.ЖАППАРБЕК