Ұлттық аспапты ұлықтау – бүгін қазақстандықтар Домбыра күнін атап өтеді
Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2018 жылдан бері тойланып келеді.
2018 жылдың 13 маусымында қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде белгілеу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы жарық көрді. Сол жылы шілдедегі алғашқы жексенбі 1-і күніне дөп келіп, елорданың «Қазақ Елі» монументі алдында жиналған екі мыңнан астам музыкант «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа» күйлерін орындаған еді.
Зерттеушілердің айтуынша, домбыра туралы алғашқы ғылыми деректер әл Фарабидің жазбаларында «тамбур» деген атпен кездеседі. Ел аузындағы аңыз бойынша әйгілі Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген де домбыра еді.
Әйгілі Өзбекәлі Жәнібеков жазбаларында қазақ домбырасы 9 пернелі болған деп айтылады. 2008 жылы Моңғолия археологтары Алтайдың сол елдегі бөлігінен біздің заманымыздың V ғасырына жататын көне аспап тауып, кейін оны зерттеген Қаржаубай Сартқожаұлы елге көшірмесін алдырған болатын. Түрколог ғалымның айтуынша, сол «ата домбырада» да 9 перне болған.
Қазақ жеріндегі балбал тастардың арасында домбыраға ұқсас аспап ұстап тұрған бейнелер де кездеседі. Үңгірлер мен сынтастарда, қыш мүсіндерде де домбыра ұстаған адам бейнесі жиі кездеседі. Осыларға сүйеніп, домбарының тарихы 5 мың жылдан асады дейтін теория бар.
Домбыраның ғылым негізде реформаға түсуі Ахмет Жұбановтың кезінде болды. Қайраткер Ресейдің Тула өлкесіндегі аспап шеберлерінің әулетінен шыққан Борис және Эммануил Романенколармен бірлесіп, қазақ домбырасын оркестрге бейімдеуінен домбыра эволюциясының шешуші кезеңі басталады.
Сонымен бірге, ХХ ғасырда қазақ домбырасының 7 түрі қолданыстан шығып қалған деген деректер бар.
Қазір Ұлттық домбыра күні бірқатар өңірде перзентханада жаңа туған сәбилерге домбыра, балаларға арналған киім, кондитерлік және сүт өнімдері сыйланады.
Сонымен бірге, Түркістан облысында Түлкібастан бастау алған «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы өзге аудандарға эстафета ретінде ұсынылды.
Ал мамыр айында елордадағы мектептердің бірінде «Ең ауқымды домбыра сабағы» өтті, онда мыңнан астам оқушы қатысты. Домбыра сабағын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған өткізген. Оқушылар «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды танымал күйлерді орындаған.
Бұл домбыра сабағы Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін.
Кейінірек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды домбыра сабағын өткізген Айтжан Тоқтағанға алғыс білдірді.
у облысының Қарабұлақ ауылында 500 бала бір мезетте күй тартты.