Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр сурет – бір тарих

Әр сурет – бір тарих

Тарихты суретке жазушы – фотошежірешілер. Та­рихтың тереңінен, таби­ғаттың тамашасынан, адам­ның түрлі сезімінен бір ғана сурет айнытпай сыр шерте алуы мүмкін. Сөз­бен сурет салып, түрлі тілдік қолданыспен ойды көркемдеп жеткізуші тіл­шілер болса, жазылған жай­дың айқын бейнесін беретін – фототілшілер.

Қаламгерлердің кәсіби мерекесі қар­­­­­­са­­ңында аудандық газет редакция­сы құнды жәдігерлікпен толығып, қор­жынымыз тарихи құжаттарға толды. Саналы ғұмырын журналистика сала­сына арнап, аудан тарихында елеу­лі еңбек еткен, редакция ардагері Ерғали Әбдіқалықовтың келіні Гүлзия Сәрсем­баева аудандық газет редакциясына арнайы бас сұқты. Талантты дарын иесінің немересі Ерасылды ерте келген Гүлзия Ерғали ағаның ұрпақтары ақылдаса ке­ліп, ағаның кезінде түсірген, аудан тарихына тікелей қатысты фотосуреттері мен өзі қолданған фотоаппаратын редак­цияға өткізуді жөн санағанын айтты.

Замандастары мен кейінгі буын арасында Ерхан атанып кеткен Ерғали Әбдіқалықұлы 1949 жылы дүниеге келген. Жастайынан өнер мен білімге, сұ­лулыққа жаны жақын болған ол Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін Алматыға кеткен. Ол жақта физика-яд­ролық институтында жылға жуық, ке­йін сол кезде атағы дүркіреп тұрған «Лениншіл жас» газетінде тәжірибеден өткен. Білімі мен білігін ұштастырып, тілшілік жолға біржола бет бұрған Ерғали аға содан соң аудандық газетке қызметке орналасқан. Содан былайғы саналы ғұмырында мойнына фотоаппа­ратын асынып, бір жерде табан аудармастан қызмет еткен. Ауданға келген жоғары лауазымды басшы болсын, үлкен кездесу болсын, табиғат тылсымы мен ұшқан құсқа дейін қырағы көз қалт жібермей фотоға түсіріп, тарих тереңіне сақтаған.

«Ол кісінің жүрген жері думан мен той болатын, кез келген істі тамаша ұйымдастырып, игі бастамалардың ұйыт­қысы болып жүретін» деп еске алады көз көрген замандастары. Айта кетерлік жайт, ол кезеңде екінің бірі бүгінгідей «фотограф» болмаған. Тіпті фотоаппарат та табыла бермеген. Сондай сәтте фототілші қызметін абыроймен алып жүрген Ерғали ағаның бойындағы суретке деген қызығушылық кездескен қиындықтарға мойын да бұрғызбаған сы­ңайлы. Ол заманда суретке түсіретін ұялы телефон да жоқ. Және суретті шығарып алу да оңай жұмыс емес. Ауданда жалғыз фото түсіретін аппарат осы Ерғали ағада болған. Кез келген кадрды сәтті алып, тарихта құнды естелік қылып қалдырған ағаның әр суреті, әр еңбегі бүгінде құнды жәдігер болып сақталып қалған.

Сурет тілсіз, жансыз бейне болға­нымен, көп жайттан сыр шертіп, ақпарат берері анық. Осы тұста Ерғали ағамен замандас, қызметтес болған жандармен сұхбат құрып, аға туралы естелік сыр тарттық.

– Ең алғашқы фотоаппараты, қате­лес­песем, «Зенит» болса керек. «Өзім ақша жинап, сатып алдым» деп айтатын. Ағай жастайынан фотоға түсіру қабілетін шыңдап, кәсіби түрде оқып үйренген адам. «Сыр бойы» газетінде фототілші болып қызмет қылған белгілі тұлға Болат Омарәлиевпен бірге осы суретке түсірудің қыр-сырын меңгерген. Ал қызмет барысындағы алғашқы цифр­­лық фотоаппаратын редакция қара­­­­жа­­ты­на сатып алған едік. Оның өзін­де ағай қалаға қайта-қайта барып жү­ріп өзі таңдап алған болатын. Әзіл-қал­жыңға жақын, көпшіл, көңілді кісі еді, ешқашан ренжігенін көрмедік. Кез келген мәселенің шешімін оңай табатын. Сондай іскерлік қабілеті мен бойға дары­ған қасиеті қызмет бабында, әсіресе баспа­сөзге жазылу науқанында көп пайдасын тигізетін, – деген аудандық газетті ұзақ жыл басқарған Сәуле Ерімбетова ағаймен соңғы рет тілдескенін де есіне алды.

– Ол кісі 2009 жылы 60 жасқа тола­тын еді. Сол жылы қызы Жадыра ме­дициналық академияны тәмәмдайтын. Ағай­­­дың алдағы күнге жоспары көп еді. Қызы­­ның оқу бітіргенін, өзінің алпыс жас мерейтойын дүркіретіп тойлау­­­­ды да жос­пар­лап, айтып жүрген. Сол күні ағай Аманкелді ауылына халық жиынына баруы керек болған. Кешке маған хабарласып «Фотоаппаратты алдым, азанда жолға шығамын» деген еді. Бірақ «Адамның айтқаны емес, Алланың маңдайға жазғаны болады» дегендей ер­те­­­сі күні таңда ағаның мәңгілік мекенге аттанғанын естідік... – дейді Сәуле апай.

– Мен бірлігі мен татулығы жарасқан қара шаңыраққа 2012 жылы келін болып түстім. Атамды көрмесем де, апамыз ол кісінің қызметін, қасиеттерін үнемі айтып отыратын. Анамыздың әңгімесін ұйып тыңдап, әкеміздің сондай көреген кісі болғанын бойымызға сіңірдік. Сондай-ақ үйде атамыздың өз суреті мен түсірген фотосуреттері төрде ілініп тұрады. Ана­­­­мыз Бисенкүл Төлегенова сондай мейір­­­­­бан кісі еді. Саналы ғұмырын бала оқыту ісіне арнаған апамыздан біз де көп нәр­се үйрендік. Былтыр арамыздан алыстап, мәңгілік мекеніне аттанды. Бүгінде қарашаңырақ бізге қалған ама­нат деп білеміз. Шаңырақтың отын өшір­­­­мей, атамыздың атын ұмытпай, еңбе­­­гін жинақтау – біздің парызымыз. Ата­­ның артында қалған бір ұл, екі қызы бар. Бүгінде немерелері де өсіп, ата жолын жалғап келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой. Аудан тарихы­­­на қатысты құнды суреттерді үйде жина­­ғаннан гөрі өздеріңізге өткізуді жөн са­на­­дық, – дейді Ерғали ағаның келіні Гүлзия.

Аудан тарихына елеулі үлес қосқан Ерғали ағаның ізін жалғар бір ұл, екі қызы бар. Бүгінде қарашаңыраққа бас болып қалған үйдің үлкені Ербол – әске­ри қызметкер. Қыздың үлкені Жадыра облыстағы диаг­нос­тикалық орталық­та дәрігер болса, Жанерке – Алматы қаласында бел­­­гі­лі жобалардың бас инже­нері. Неме­ре­лер­дің үлкені Ерасыл­­дың есімін әжесі қойыпты. Журналистердің кәсіби мере­кесі күні дүние есігін ашқан сүйкімді балақай биыл жеті жасқа толады. Ал шаңырақтың шат­тығына айнал­ған, тәп-тәтті кенжетай Рамазан – екі жас­та.

Кәсіби мереке қарсаңында редак­цияға арнайы тапсырылған Ерғали аға түсірген жүзге тарта құнды фотосурет пен өзі қолданған фотоаппаратты газет ұжымы үлкен ілтипатпен қабыл алды. Өз кезегінде Ерғали Әбдіқалықұлының ұрпақтарына ризашылығын білдірген бас редактор Ақтөре Ибрагимұлы бұл өте орынды іс екенін айтып, құнды құ­жат­тарды редакцияның «Ардагерлер бөл­месіне» орналастырды.



Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
28 маусым 2022 ж. 415 0