Пәрменді журналистика, әлекке салған әлеуметтік желі
Әлемдік кеңістікте медиа саласының қары
штап өркендеуі айқын көрініс тапқан. Журналистика мамандығының сан бағытқа бөлінуі – төртінші билік өкілінің мәртебесін биіктетуде. Ақпарат толқыны толассыз жарияланған уақытта әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ақылды гаджет барлық адамды негізсіз басқарып отырғаны мәлім. Яғни, ұялы телефонсыз әрбір іс ілгері баспайтындай болған.
штап өркендеуі айқын көрініс тапқан. Журналистика мамандығының сан бағытқа бөлінуі – төртінші билік өкілінің мәртебесін биіктетуде. Ақпарат толқыны толассыз жарияланған уақытта әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ақылды гаджет барлық адамды негізсіз басқарып отырғаны мәлім. Яғни, ұялы телефонсыз әрбір іс ілгері баспайтындай болған.
Қазіргі уақытта адамның өмір сүру дағдысы осыдан 10 жыл бұрынғы уақытпен салыстыруға келмейді. Дәстүрлі медиада айтар сөздің түп-төркіні зерделеніп, сүзгіден өткізіледі. Ал ар-намыс пен ұятты жиып қойған көпшілік психологиясы қызуқандылыққа бейім. Немесе телефонның ар жағында отырған әрбір адамның мінез-құлқы өзгеріске ұшыраған. «Хайп» пен «пранктың» жетегінде кеткен қаншама жанның жапа шеккенін көзіміз көріп жүр. Иә, сөз мәдениеті, адами құндылық, сыйластық секілді өзге де қасиеттің әлеуметтік желінің тасасында қалып қоймағаны қашан. Дөңгеленген дүниеде орын алып жатқан кез келген қарама-қайшылық кәдімгідей ойлантады. Ақпарат айдындағы журналистика мен әлеуметтік желі қолданушысы жайында тарқатып айтпақпыз.
Әлеуметтік желіні қолданатын көпшілік қауымда шектен тыс еркіндік бар. Күніне әлеуметтік желіде мыңдаған жазба жарияланады. Осы орайда сан түрлі жазбалардың астында қисынсыз пікірдің жазылуы – автордың жеке ұстанымына нұқсан келтіретіні шындық. Сонымен бірге саны бар, сапасыз сыни көзқарастағы жазбаның жүйесіздігін байқаған боларсыз. Қаузалған мәселенің мәнісі мен шешімінен бөлек, бұл күнде жеке басты «қаралау» белең алған. Бұл ретте, ашық демократия деп түсінетін көпшілік қисынсыз балағаттау, жала жабу, жеке басты қорлау секілді әрекетке барады. Ал журналистикада кәсіби маман бір мәселенің түп-төркінін ашып жазу үшін дәлел мен дәйекке, расталған ақпаратқа сүйенеді. Ал әлемжелідегілер ешбір қатысы жоқ мәселеге байланысты бәзбіреуді балағаттауды әдет қылған.
Әсілінде адам жан күйзелісін, өмірге деген көңіл толмаушылықты, әркез жолы болмаушылықты өзгенің іс-әрекетімен байланыстыратыны жасырын емес. Мұндай жағдайда қисынсыз амалға барған кісіні жазалау қағидасы қарастырылған. Осыдан 2 жыл бұрын Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» 130-бабы әкімшілік құқық-бұзушылыққа ауыстырылған екен. Бүгінде өзге біруге негізсіз кінә артсаңыз, әкімшілік құқық бұзушылық заңымен жазаланасыз. Бұл күнде ойланбай сөйлеп, опық жеген жандар арамызда көп.
Бүгінде көрініс тапқан әлеуметтік желідегі келеңсіздік пен ашық демократиялық жүйенің негізгі қағидаты жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда өз пікірін білдерген болатын.
«Демократия дегеніміз – керемет өмір туралы жалпылама ұғым, түсінік емес. Бұл – күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты. Атаққұмарлар мен алаяқтардың жалаң ұраны мен құрғақ уәдесіне алданбау қажет. Еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді дау-дамаймен емес, ұтымды ой-пікірмен, парасатты пайыммен және саналы көзқараспен шешкеніміз абзал. Біз «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз. Біз демократиялық реформа жасаймыз деп мемлекетті әлсіретуге еш жол бермеуіміз керек. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда еліміздің ең басты құндылығы – егемендік екенін атап өттім. Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Қазақстанда саяси белсенділік күрт артты. Жаңа саяси партиялар және қозғалыстар құрылып жатыр. Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады. Жұрт даулы мәселелерге наразылық білдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес. Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы түсінікті. Бірақ Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстау қажет. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс».
Иә, басты бағдарымыздан айнымас үшін ішкі тұрақтылықты сақтау маңызды. Қазіргі уақытта сыртқы саясатта көптеген пікір айтушылар еліміз жайлы басқаша көзқарас танытуда. Мемлекет басшысы өзге елдің саясаткерлерінің ұстанымына байланысты көзқарасын танытуда. Яғни, араңдатушылық пен провокацияға жол бермеу керектігін нақты дәлелмен айтты.
Елімізде адамның жеке басын қорлауға байланысты келеңсіз оқиғаны жиі кездестіруге болады. Негізсіз кісіне ғайбаттау адамның құқына қол сұққанмен бірдей екен. Бүгінде Қылмыстық кодекстің «Қорлау» 131-бабы бойынша сансыз адам жауапқа тартылған. Адамның бір-біріне қорлау сөз айтқанына қатысты екі тараптан жауап алынады. Жәбірленуші тарап өзінің ар-намысына нұқсан келтірген сөз айтқан адамның үстінен сотқа арыз береді. Арнайы мамандар екеуара орын алған диалогты саралап, зерттеп қорытынды шығарады. Сараптамалық қорытынды шығарғаннан кейін сот жазалау түрін анықтайды. Негізінен, аталған баптың бірінші бөлігінде әңгіме арасында біреуге бетпе-бет тіл тигізгені үшін жазаланушы 100 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Немесе ол 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Осы баптың екінші бөлігінде интернетте, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және көпшілік алдында қорлау қарастырылған. Мұндай жағдайда жазасын өтеушіге 200 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 180 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту көзделген. Айыппұл арқалағанымен айылын жимайтын жандар аз емес.
Негізінен, әлеуметтік желіні қолданудың өзіндік этикасы, талапқа сай ережесі бар. Тиісті құқық қорғау органы Заңға қайшы әрекетті анықтап, кез келген парақшаны бұғаттай алады. Дегенмен, ұятсыз, қазақ менталитетіне қарсы дүниені шығарушы жандар көп. Әрине, «Нәпсі арды артқызбайтынын» жұртшылық ұғынса екен. Жан мен тәннің айналасындағы лас дүниенің көпшілік талқысында болуы құптарлық жағдай емес.
– Жалпы, аудан әкімдігіне қарасты әрбір мекеменің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы жұмыс жасайды. Парақшада аудан әкімінің жұмысы, күнделікті жүзеге асып жатқан жобалар, тың жаңалықтар жарияланып отырады. Қырық мыңға жуық халықтың ішінде, жағымсыз пікір немесе сыни жазба қалдыратындар бар. Мұндай жағдайда Заң аясында тұрғындарға жауап беріледі. Сонымен бірге түйткілді мәселелерді аудан басшысы өз бақылауында ұстайды. Кейде жеке басты қаралау, орынсыз жазғыру факторлары кездеседі. Аудан имиджін тұрақты ұстау үшін олармен жеке дара сұхбаттасамыз. Негізсіз ақпараттың дәлелсіз екенін анықтаймыз. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мақсатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындармен жиі кездесіп тұрады. Шын мәнінде, жеке басты жазықсыз қаралау әбестік. Кез келген мәселенің шешімі табылады. Азаматтармен ашық диалог орнатуға дайынбыз. Тұрғындар арасында өзара түсініспеушілік, бір-бірін балағаттау бойынша өрескел заңбұзушылық кездессе, Билер кеңесінің көмегіне жүгінуге болады. Шындығында, журналистика саласында жүрген тіс қаққан мамандар сөзге тоқтам болу керектігін, кемшіліктің орын алмау керектігін жақсы біледі. Сонымен бірге блогерлер белгілі бір шындыққа жанаспайтын ақпаратты жарияламас бұрын анық-қанығына көз жеткізген абзал. Себебі, бір жазбаның артында қаншама адамның тағдыры жатыр, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов.
Бүгінде «хайп» қуған қаншама адамның теріс бағытта аты шығып жатады. Болымсыз кез келген көріністі әлеуметтік желіге жариялаған олар халықтың сынына ұшырайды. Елімізде әрбір жұлдыз біткен адам ойына келмейтін іс-әрекетке баратыны рас. Сондай-ақ бір-бірін қаралап, сотқа сүйрейтін танымал жандар жеткілікті. Мұндай жағдайда ел аузынан түспейтін бірқатар жұлдыздың «хайп» жасауы – мәдени деңгейін, білім сауатын аңғартады.
Ал әлеуметтік желіге сыни бағытта жазба жарияламас бұрын мәселенің анық-қанығына мән берген дұрыс. Қазақта «Шындықтың шырағы сөнбейді» деген мақал бар. Негізсіз ақпаратты желеу етіп, кісінің жеке басын қорлау адамгершілікке жатпайды. Осы күні отбасылық мәселені, өзара түсініспеушілікті ерлі-зайыптылардың ашықтан-ашық әлеуметтік желіге жариялауы белең алған. Ошақ қасындағы түйткілді мәселені жұртшылық талқысына салмау керек-ті. Қайтсе де, сүйіп қосылған қосағына деген араздық басылады. Ал қызуғандылықпен айтылған балағат сөздер ешқашан ойдан кетпейтіні анық. Мұндайда жекеменшік бағытта ашылған сайттар жұлдыздар өмірін, отбасылық кикілжіңдерді жарыса жариялайды.
Кейбір жағдайда әзілдесу, өш алу мақсатында жасалған «пранктер» қоғамның қызу талқысына түседі. Түрлі әдіс-амалды ойлап тапқан желі жұлдызы кімді болса да алдауға дайын. Бүгінде «пранк» жасаушыны арнайы ақыға жалдау арқылы көпшілік бір-бірімен әзілдесіп жатады. Сонымен бірге олардың жасаған айла-амалы қайғылы оқиғамен аяқталуы бек мүмкін. Мәселен, «пранк» үшін өмірін қиған жандарды көзіміз көріп жүр. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін әлеуметтік желіні барынша өзімізден шектеу керек.
Иә, телефонның, әлеуметтік желінің пайдасы мол. Әйтсе де, зияны шаш етектен. Өз кезегінде ақылды гаджетті орнымен, өзіміздің қажетімізге пайдалана білген абзал. Сонымен бірге ақпараттың дұрыстығына әрбір адам көз жеткізуге міндетті. Мыңдаған жазбаның жетегінде кеткен талай жанның тағдыры үшін кім жауапты?
Қоғамда сан түрлі оқиға орын алады. Оның ақ-қарасын ажыратуда тәжірибелі журналистиканың пәрмені мықты. Ал әлеуметтік желіні желеу етіп жүргендер бір сәтке айылын жиса екен.
Балтабай ОРДАБЕКОВ