ЖАҢА МЕДИАНЫҢ ТОЛАССЫЗ МҮМКІНДЕРІ


Ғаламторлық орта желілер үшін лайықты, себебі ол өзінің орны немесе уақытымен мүлде байланысты емес. Әлеуметтік желілер – бұл қызығушылықтары немесе іс-әрекеттері ұқсас адамдардың интернет-бірлестігі. Әлеуметтік желілердің бірнеше негізгі түрлері бар: автономды блогтар (Standalone), блог-платформа, контактілі әлеуметтік желілер және микроблогтар.
Осы әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану жөнінде бұрнағы күні аудандық жастар ресурстық орталығында «Әлеуметтік желі және медиа ақпараттық сауат» туралы тренинг өтті. Облыстан арнайы келген републикалық деңгейдегі медиа-тренер Ерболат Тұрсынқожа «ғаламтор» деген бәдік әлемді қалай дұрыс пайдалану төңірегінде сөз етті. Аудан жастары қызығушылық танытып, белсенділік танытты. Семинар басталмас бұрын ойнатылған «Үш кәмпит» ойыны көптің көңілінен шықты. Бұл ойында тренинге қатысушылар бір бірімен танысып, үш түрлі түс арқылы өздерінің өмірлерінен ақпарат берді. Қазіргі таңда әлеуметтік медиа өмірімізге дендеп кіріп алды. Оны қолданушы әрбір тұтынушы өз ақпаратын таратуда ақпараттық сауаттылық тұрғысынан: орфографиялық-пунктуациялық принциптерге, тұлғалық «ЛИД» құрылымына, талдамалы-сараптамалы негіздемеге, стильдік жазылу және таратылып жатқан ақпараттың рас екендігі сынды басты қағидаларға көңіл бөлуі қажет. Бүгінде «фейк» жаңалықтар қоғамда көбейді. Жалған фотосуреттер арқылы халықты алдап, ақпарат тарататын интернет сайттар дендеп кеткен. Сол ақпараттардың ақиқатын ажырату үшін арнайы жасалған сайттар мен қосымшалар бар. Сол арқылы нағыз шынайы жаңалықты табуға болады. Осы секілді маңызды факторларды сөз еткен Ерболат Тұрсынқожа тренинг барысында түрлі тапсырмалар арқылы айтылған тың жаңалықтардың қорытындысын шығарып отырды.
Әлеуметтік медиа – қоғам айнасы. Әлеуметтік желілер – жеке мен жекені, жеке мен көпшілікті және ең бастысы, көпшілік пен көпшілікті байланыстырудың әмбебап құралына айналды. Адам көрген-білгенін бөлісу үшін, “жариялау” үшін қазір ешкімге жалынышты емес. Бұдан былай ең беделді ақпарат көзі жеке адам және өзі секілді басқа адамдар. Оқиға мен тұтынушы арасындағы автор, редактор, корректор, продюссер, баспагер секілді делдалдар жоқ. Бұдан былай қоғам тыңдарман, көрермен және тұтынушылардың тобы емес. Технология әр адамға оқиғалар мен жаңалықтарды жасап шығаруға мүмкіндік берді, пікірлестерін тауып, олармен жақындасуға оңай жол ашты. Тек әлеуметтік медианың үстемдігі басым дәуірде оны тұтынушылардың арасында ақпараттық сауаттылық мәселесін дұрыс жолға қою қажет. Оны қоғамның өзі қажет етеді.
Тренинг соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Аудан жастары осындай сауаттылықты арттыратын семинар мен тренингтер көптеп өткізілсе, болашақ елдің тұтқасын ұстайтын жалынды жастардың ғаламтордағы сөздері түзелетінін айтты.
Майя ҚОЖАБАЙ