Digital Forum: Адам күніне 47 мың хабарлама оқиды – маман
Астана Media Week: Digital Forum аясында «Select Communication Group» СЕО маманы Виктор Елисеев «МАСС-медиада жалғыз әрекет ету. Цифрлық БАҚ кезеңіндегі конвергентті журналистика» тақырыбында ой бөлісті, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, адам интернетке кіргенде күніне 47 мыңнан астам хабарламаны оқыды. Сонымен қатар, қазіргі заманда ақпарат ағынын жетік меңгерген маман жалғыз өзі контентті басқарып, аудиторияны баурай алады. Себебі ол үшін цифрлық технологиялар дамыған, интернет еш шығынсыз жұмысты айналдырып әкетеді.
«Адам интернетке кіргенде күніне 47 мыңнан астам хабарлама көреді. Яғни, осыншама материалмен сіздің желіге не сайтқа салған ақпаратыңыз бәсекеге түседі. Ал сіз суырылып шығуыңыз керек. Шыны керек, ол ақпараттардың ішінде оқырманға керек емесі өте көп. Сондықтан бүгін журналистикада тек журналистер бәсекелес емес, әр желіде отырған әрбір адам бәсекелес бола алады. Бұрын ақпаратты кім, қалай, қай жерде, не арқылы таратып жатыр десе, қазір адамдар планшетке, смартфонға тәуелді. Сол жерде қандай ақпарат шықса, соған үңіліп кетеді. Сондықтан бүгінгі цифрландыру адамның сұранысын мүлдем басқаша деңгейге шығарды. Медиада цифрландыру арқылы ғана сол сұранысқа жауап бере алады», - деп бөлісті спикер.
Виктор Елисеев ақпаратты неғұрлым тез әрі түзетулерсіз беру арқылы оқырманның «көзіне бірінші түсуге» болатынын айтты.
«Шынында, цифрлық әлем өте жылдам қарқынмен дамып жатыр. Бұрын біз телеарнадағы бағдарламалардың уақытын жаттап, сол уақытты күтетінбіз. Бірақ қазір біз уақытқа бағынбаймыз. Кез келген уақытта біз қалаған дүниемізді қарай аламыз. Себебі интернет торына түскен мәліметті өзімізге ыңғайлы уақытты тамашалауға мүмкіндігіміз бар. Дегенмен, бұл белгілі бір бағдарламалар мен телеарналарға арналған. Олардың бағдарламаларының таспасын кез келген уақытта сайттан қарауға болады. Ал күнделікті жаңалықтар лентасы, қызу талқыланатын материалдар, желі «арқау» еткен тақырыптарды – БАҚ материалды жылдам беру керек. Себебі адам ақпаратты іздегенде кімдікі жедел, қатесіз, көп түзетулерсіз шықса, интернет соны алдыға шығарып береді. Оның үстіне, ақпаратты шынайы әрі тез берген сайтқа оқырман екінші рет сенімді түрде кіреді. Ал, оны әрі қарай тағы да сайт материалдарын оқыту үшін осаған ұқсас материалдардың сілтемесі дайын тұру керек. Міне, осыдан кейін оқырманның сенімі одан сайын арта түседі. Сондықтан тезірек сенімге кіріп, сұранысын қанағаттандыру керек. Ол үшін бізге БАҚ-ты цифрландыруымыз керек», - деп айтты маман.
Айта кетсек, Астанада 26 қыркүйекте жыл сайынғы Астана Media Week-2018 өтіп жатыр. Кеше Өңірлік БАҚ форумы өтті. Ал бүгін Digital Forum өтіп жатыр. Оның аясында цифрлық экономика, БАҚ саласын Digital-дандыру тақырыбында арнайы шақырылған мамандар сөз сөйлейді. Бүгін – Астана Media Week медиа-апталығының соңғы күні.
Пікір 5