Қоғамдық мониторинг пен ғылыми жұмыстарға бағытталған зерттеу орталығы ашылды
Ағымдағы жылдың 17 маусым күні Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің (бұдан әрі – Департамент) бастамасымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында, қоғамдық мониторинг пен ғылыми жұмыстарға бағытталған зерттеу орталығы ашылды.
Орталықтың басты мақсаты – уәкілетті органға талдамалық жұмысқа, қоғамдық мониторинг пен ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы дамытумен оны одан әрі пысықтау болып табылады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ақмырзаев Рустам Сапарбекұлы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысып, екі жақты келісім негізінде ынтымақтастық пен әріптестікті нығайту мақсатында меморандумға қол қойды.
Рустам Сапарбекұлы өз сөзінде – «жаңадан құрылған орталыққа үлкен үміт артамын, ол талдау жұмыстарына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл құралдарын жетілдіруге жаңа серпін беруге тиіс» деп атап өтті.