Тәжірибелі офицер
Қазір екінің бірінде көлік бар. Тіпті қос-қос көлігі барлар да жетерлік. Міне сол көлік қозғалысына полиция қызметкерлері, оның ішінде жол қозғалысын бақылайтын сала мамандары жауапты. Олардың қатарында аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инспекция тобының мемлекеттік инспекторы, полиция майоры Нұрлан Бердібекұлы Мамыт абыройлы қызмет атқаруда.
Нұрекеңді жергілікті жұртшылық жақсы таниды. Ол осы ішкі істер саласында 16 жыл бойына қызмет етіп келеді. Ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылының тумасы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Одан соң облыс орталығындағы «Болашақ» университетінде заңгерлікті оқып, құқық қорғау саласында еңбек жолын бастайды.
Нұрекеңді жергілікті жұртшылық жақсы таниды. Ол осы ішкі істер саласында 16 жыл бойына қызмет етіп келеді. Ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылының тумасы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Одан соң облыс орталығындағы «Болашақ» университетінде заңгерлікті оқып, құқық қорғау саласында еңбек жолын бастайды.
Ішкі істер саласындағы алғашқы қызметі Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасында басталған. Сондай-ақ облыстық жол полициясы басқармасының арнайы бөлімінде аға инспектор болып, тәжірибе жинақтайды. Ол 2006 жылы болса, бір жылдан кейін ауданға ауысып келіп, жол қозғалысы саласын жетілдіру бағытында ерекше еңбек үлгісін көрсетеді. Міне содан бері аудандық полиция бөлімінің жол полициясы бөлімшесінде әкімшілік практика тобының инспекторы, бөлімше бастығы қызметтерін қырағылықпен, ұқыптылықпен атқарады. Одан кейін мемлекеттік инспектор ретінде аудандағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіріп келеді.
– Біздің негізгі қызметіміз – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта аудан тұрғындарына жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жол көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарушы органдарға ұсыным, ұйғарым жіберіп, тәртіптің сақталуын қадағалаймыз. Жол-көлік оқиғасы орын алғанда бірінші барып, оқиға орын алған жерді рәсімдеу, заңсыздықтарға жол бермеу бағытында қызметімізді атқарамыз. Ең бастысы, жолдағы қауіпсіздік екенін естен шығармау керек. Сондықтан сырдариялықтар көлікпен жүргенде жол ережелерін қатаң сақтағаны абзал, – дейді полиция майоры.
Ұзақ жылғы еңбек өтілі бар тәжірибелі офицердің еңбегі елеусіз емес. Н.Мамыт ішкі істер саласындағы мінсіз қызметі үшін ІІІ дәрежелі медаль, «Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл», «Жол полициясының құрылғанына 80 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медальдармен наградталған. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің, облыстық полиция департаментінің, Сырдария ауданы әкімінің, аудандық полиция бөлімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып жүрген полицей еңбегінің жемісі.
Нұрлан Бердібекұлы жұбайымен бірге 3 ұл-қыз тәрбиелеуде. Кенжесі Нұрәли биыл 1 сыныпқа қабылданса, Нұрдәулет 7 сыныпты тәмамдады. Ал үлкен қызы Алтынай биыл мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, баршаның үмітін ақтаған.
Ел тыныштығы жолында жүрген Нұрлан Мамыт секілді полиция қызметкерлері уақытпен санаспайды. Сол үшін де тәртіп сақшыларына деген құрмет ерекше. Полиция майорын маусым айының 23-і күнгі кәсіби мерекемен құттықтап, қызметіне абырой тілейміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ