«Жұртқа жақын полиция» қағидаты жүйелі жүзеге асуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келе жатқанын айтып, «Жұртқа жақын полиция» қағидаты негізінде полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын әзірлеп, жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы мақсатта Сырдария ауданында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында ауданда тіркелетін қылмыс көлемі жыл сайын төмендеп, өз нәтижесін беруде. Мысалы, 2022 жылдың есепті кезеңінде аудан көлемінде барлығы 63 қылмыс тіркеліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға азайған. Бүгін осы және басқа да мәселелер туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Ибраевпен сұхбаттастық.
– Нұрлан Мейірғалиұлы, алдымен Сізді «23 маусым – Полиция күні» мерекесімен құттықтаймыз!
– Көп рақмет. Бұл мереке – уақытпен санаспай қызмет етіп, қоғам тыныштығы мен адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тер төгіп жүрген полиция қызметкерлері мен осы салада ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен сала ардагерлерінің төл мерекесі. Біздің қызметіміз елдің тыныштығымен, мемлекеттің тұрақты экономикалық дамуымен тығыз байланысты болғандықтан Полиция күнін жалпыхалықтық мереке деп атауға болады. Осы орайда арнайы бет әзірлеп, ақпараттық қолдау көрсетуге ұсыныс білдірген редакция ұжымына алғыс айтамын. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық газеттің тұрақты оқырманы екенін де атап өткім келеді. Мереке қарсаңында атқарылған жұмыстар мен саладағы өзекті мәселелер ашық әрі жария түрде айтылатын жақсы сұхбат болады деп сенемін. Ең бастысы – «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жоспарлы жұмыстар ауданда жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл жергілікті атқарушы, өкілді, қадағалаушы органдармен бірлесе атқарған жұмысымыздың жемісі.
– Өзіңіз атап өткендей, «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асырудың мемлекетке де, қоғамға да пайдасы мол. Сұхбатымызды еліміздің полиция органдарына қойылып отырған ең басты талап турасында бастасақ.
– Дұрыс айтасыз, қазір халықтың құқық қорғау органдарына сенімін арттырудың маңызы ерекше. Біздің алдымызға министрлік пен Департамент тарапынан осы міндет қойылып отыр. Ал бұл міндетті орындау үшін не істеуіміз қажет? Әрине Заңдылықты сақтау арқылы жұмысты ашықтық пен жариялылыққа негіздеу керек. Яғни, Президентіміз атап өткендей полиция жұртқа жақын болуы тиіс. Халықпен бірге болып, бірлесе еңбек етсек, ашылмайтын қылмыс болмайды. Бұл бағытта біздің нақты жоспарымыз және нәтижелі істеріміз бар. Жол картасы аясында полицияның тұрғындармен жұмыс жасауының жаңа форматы енгізіліп, аудандық полиция бөлімінде азаматтарды қабылдайтын ыңғайлы фронт-офистер ашылды. Қазіргі уақытта, бұл фронт-офистер халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс жүйесі үлгісінде қызмет көрсетуде. Бүгінде аудандық полиция бөлімі үкіметтік емес ұйымдармен, қоғам белсенділерімен, ардагерлермен, жастар өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуде. Ең басты талап – халықтың құқық қорғау органдарына сенімін арттыру.
– Енді аудандық полиция бөлімінің негізгі жұмыстарының көрсеткішіне көшсек. Тіркелген қылмыстар мен қылмыстың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берсеңіз.
– Есепті кезеңде аудан көлемінде 63 қылмыс тіркелді. Бұл аудандағы қылмыстылық деңгейінің 2021 жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға төмендегенін білдіреді. Яғни былтыр дәл осы кезеңде 72 іс қозғалған. Сонымен бірге қоғамдық орындарда тіркелген қылмыс 8-ден 4-ке, көшелердегі қылмыс 7-ден 3-ке, топтасып жасалған қылмыстар 5-тен 2-ге азайғанын атап өткім келеді. Жеке құрам мен полиция бөлімінің барлық қызметкерлеріне қылмыстың алдын алу мен болдырмау мақсатында ұдайы жұмыс істеу тапсырылуда. Бұл мәселе бөлім бастығы ретінде менің күнделікті тікелей бақылауымда.
– Ал өсім алған қылмыс түрлері бар ма?
– Өзіңіз білетіндей, ауданымыз – аграрлы аудан. Халық егін егумен және мал шаруашылығымен айналысады. Бірнеше жылдан бері ауданымыз үшін мал ұрлығы қылмыстарының өзектілігі жоғары болып отыр. Биыл мал ұрлығы былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артты. Қазіргі таңда аудан бойынша 17 қылмыс тіркеліп тұр. Әрине біз қолқусырып қарап отырған жоқпыз. Тиісті алдын алу және түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Осы ретте, өзгелерге сабақ болуы үшін мал ұрыларына кешірім бермеу керектігін және мал ұрлауы мүмкін азаматтар туралы ақпараттар білген жағдайда полиция бөліміне дереу хабарлау қажеттігін айтқым келеді. Сондай-ақ пада ұйымдастырудың да тиімділігі көп.
– Мал ұрлығын болдырмау үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ең алдымен тәуліктік кезекшіліктер мен рейд ұйымдастырылуда. Оның ішінде мал тасымалдайтын көлік құралдарын тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Егер де, тиісті құжаттарсыз (малдың төлқұжаты жоқ немесе ветеринарлық анықтамасы жоқ, таңбалары мен сырғаларындағы нөмірлері сәйкес келмеу деректері) мал тасымалдаған көлік құралдары анықталған жағдайда полиция бөліміне жеткізіліп, ветеринария саласының қызметкерлерімен бірлесіп тексеру, есепке алу жұмыстары үйлестіріледі. Бұл іс-шаралар мал ұрлығымен айналысатын азаматтардың қылмыстық әрекеттеріне едәуір тосқауыл болды. Ал жоғарыда атап өткен 17 мал ұрлығы қылмысы туралы толығырақ айтар болсақ, оның 3-і қорадан, 14 дерегі қараусыз, бақташысыз өрістен ұрланып отыр. Біздің есебіміз бойынша аудан көлеміндегі 13 ауылдық округте 13 пада ұйымдастырылып, бақташымен қамтылған. Дегенмен, 1 ауылға 1 пада аздық етеді. 2021 жылы малды бақташысыз жайып жіберудің салдарынан, мал ұрлығымен тіркеліп, кейін малдары далалық жерде табылып, иелеріне қайтарылған деректерде кездесті. Бұндай 1 қылмыстық іс өндірістен тоқтатылды, бұл ретте жоғалған (ұрланды деп жазылған арыздар бойынша) малды іздеуге жеке құрамның басым күштері мен автокөліктері тартылады. Осыған орай, мал ұрлықтарының алдын алудың бірден бір шешімі пада ұйымдастыру екенін айтқым келеді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу қажет деп есептеймін. Сондай-ақ мал ұрлығының орын алуының және ашылмауының тағы бір себебі азаматтардың малдың жоғалғаны туралы кеш хабарлауы.
– Мал ұрлығын болдырмау үшін тағы қандай басым бағыттарға мән берген дұрыс деп есептейсіз?
– Жергілікті атқарушы органдар тарапынан малдарды таңбалау, сырғалау жұмыстары әлі де болса жеткіліксіз болуының салдарынан ішкі істер органдары қызметкерлерінің мал ұрлықтары қылмыстарын ашу мен ұрланған малды тану барысында қиындықтар кездесіп жатқаны жасырын емес. Осыған орай, құзырлы органдармен мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға малдың саны және олардың таңбалануы, сырғалануы жайлы үгіт насихат жұмыстарын жандандыру қажет деп есептеймін. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында аудандық ветеринарлық инспекциясымен бірлесіп тиісті ілеспе құжаттарсыз мал тасымалдау деректерін анықтау және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Құжатсыз мал тасымалдау фактілері анықталғанымен, қазіргі таңда туындап жатқан қиындықтың бірі – ұсталған малды тексеру барысында уақытша орналастыру орындары бөлінбеуі. Құжатсыз мал тасымалдаған автокөліктер, үстіне тиелген малымен бірге сол аймақтың ішкі істер бөліністерінің ауласына уақытша қойылады. Малдың ұрлық еместігін анықтау барысында ол мал автокөліктен түсірілмейді. Оған су, жем берілмей, малға тиісті қарау жасалмайды. Бұндай жағдай қызмет барысында жиі кездесуде. Сондықтан құжатсыз тасымалданған малды уақытша орналастыратын орындарды және олардың жем-суы мен қарайтын қызметшілер белгілеу қажет.
– Соңғы жылдары адам шығынымен және көліктердің іске жарамсыз болып қалуымен аяқталатын жол көлік оқиғалары да көптеп орын алуда. Осы туралы айтсаңыз.
– Иә жол-көлік оқиғаларының қаупі жыл санап артып келеді. Осы ретте ауданда жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштерге тоқталып өтейін. Аудан көлемінде тіркелген жол көлік оқиғаларының саны 7,7 пайызға, жарақат алғандар саны 15 пайызға, қайтыс болғандар 28,6 пайызға төмендеді. Есепті мерзімде полиция қызметкерлерімен жол жүру ережесін бұзғаны үшін 935 құқық бұзушылықтар анықталып, әкімшілік шаралар көрілді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алуды насихаттайтын видео роликтер түсіріліп, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кеңінен жариялануда. Халықтың полицияға деген сенімділігін арттыру мақсатында «Жолда қабылдау», «Ауладағы қабылдау» акциялары онлайн түрде жүргізілді. Акция барысында тұрғындардың арыз-шағымдары мен шешілмеген мәселелері қаралып, нақты жауаптар берілді. Осы ретте тұрғындарға мас күйде көлік айдамау керектігін қатаң ескерткім келеді. Сондай-ақ ата-аналар кәмелеттік жасқа толмаған балаларының автокөлік тізгіндеуіне жол бермеуі керек. Қалааралық және облыстық маңызы бар автожолдарда көліктің жылдамдығын шамадан тыс арттыру да аса қауіпті. Автокөлік иелері осындай қарапайым талаптарға мән беріп, заң бұзбауға дағдылануы қажет. Сонда ғана жол-көлік оқиғалары азаяды.
– Алаяқтық қылмыстардың статистикасы қалай?
– Алаяқтық қылмыстар біздің ауданда ғана емес әлемде аса маңызды мәселе болып отыр. Бұған әлеуметтік желінің күшеюі және адамдардың құқықтық сауатының төмендігі әсер етуде. Есепті мерзімде ауданда 4 алаяқтық қылмыс тіркелді. Былтыр бұл кезеңде бір ғана қылмыс есепке алынған. Қылмыстың басым бөлігі қаржылық жүйелер арқылы қаражатты қолма-қол ақша етіп алуға уәде беру, пәтер, жер учаскесін алуға, жұмысқа орналастыруға жалған жәрдемдесу әрекеттерімен байланысты. Мұндай қылмыстарды анықтауда бірқатар қиындықтар кездесуде. Себебі «QIWI-кошелек» және басқа да есепшоттарды кез келген елде ашуға болады. Сондықтан бейтаныс адамдарға сенбей, сақтық шараларға назар аудару қажет. Алаяқтықтың құрбаны болмау үшін ресми кол-центрге қоңырау шалып, ақпаратты тексерген дұрыс.
– Әріптестеріңізге деген мерекелік лебізіңізді білсек.
– Майдангер әрі құқық қорғау саласының ардагері атанған, өмірден өтсе де есімдері ұмытылмайтын Д.Сақтағанов пен М.Бержанов бастаған сала ардагерлері мен полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. «Отанға қызмет – ерге міндет» демекші, Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген әріптестерімнің жауапты жұмысына сәттілік, отбасына амандық тілеймін!
Сұхбаттасқан Ақтөре Ибрагимұлы