Қажырлы еңбегімен танылған
Мемлекеттік қызметте қажырлы еңбек ете білген жандар қашанда абырой биігінде болады. Жауапты саланың сан тармағын бір арнаға тоғыстыру қиынның-қиыны. Талай жыл ел игілігі жолында маңызды шешімдер қабылдауда Мұса Келдібаев аса ыждағаттылық танытты. Бүгінде мемлекеттік саланың қазыналы қартына айналған оның тәжірибесіне жастар жүгініп келеді. Әрине, өлшеусіз атқарған шаруаның жемісті күндері тарих беттеріне таңбаланып жазылары сөзсіз.
Иә, түрлі салада қызмет атқарған Мұса Келдібаев өз уақытында мемлекеттік жұмыстың мәртебесін биіктете білді. Негізінен, Мұса Алпысбайұлы еңбек жолын инженер гидротехник болып бастаған. Содан кейін су пайдалану инженері, аудандық ауылшаруашылық басқармасында аға инженер, облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің Сырдария аудандық филиалының бастығы қызметтерін атқарды. Ол талапшыл, қатаң қағидаға сүйенген әділ басшы ретінде әрбір істі үлестіре білді. Аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің төрағасы қызметінде жүріп, халық қазынасын дұрыс бағытта пайдалануға көңіл бөлді. Жергілікті жерлерді игеру жолында маңызды құжаттар қабылдады. Аудан аумағын кеңейтуге зор үлес қосты. Қиын-қыстау уақытта жер ресурстарын сақтап қалуға күш салды.
– Мемлекеттік қызметте әрдайым жауапкершілік жоғары тұрады. Күні-түні мемлекеттік саланы жандандыруға барымызды салдық. Аға буын өкілдерінен тәжірибе жинадық. Ел алдына шығып, қызметіміздің барысын түсіндірдік. Күнде түрлі мәселемен келген азаматтардың шаруасын шешуге тырыстық. Кәсіби, білікті маман қашанда мемлекеттік саланың мұңтаздай айнасы саналады. Үнемі халықпен тығыз байланыс орнататын олар шектеулі қағидаттардан асып кетпеуі тиіс. Сала ардагері ретінде әрқашан жас буынның сапалы білім алуына, өз саласының білгірі атануына тілекшімін, – дейді Мұса Келдібаев.
Жалпы, 2010 жылы Мұса Келдібаев мемлекеттік саладан зейнетке шығып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Бір жылдары аудандық спорт клубын басқарған ардақты жан – «Иман-2013» қоғамдық қорын құрды. Жамағатты имандылыққа шақырып, қайырымдылық іс-шаралар өткізді. Арда азамат аудандық билер кеңесінің төрағасы және медиатор ретінде түрлі салалар бойынша жер, еңбек, отбасылық және басқа да дауларда өзінің біліктілігі мен абыройының арқасында тараптарды татуластыруда. Бұған дейін Тереңөзек кенті ардагерлері кеңесінің төрағасы болған Мұса Келдібаев «Сырдария ауданының Құрметі азаматы» Хайрулла Әбенұлының ізігілікті жолын жалғастыруда. Яғни, Мұса Келдібаев осы күні аудан ардагерлерін басқарады.
Білікті мамандардың ұлағатты ұстазы атанған Мұса Алпысбайұлы өмірлік жары Фатима Жүсіпбековамен 42 жыл бұрын отасты. Бүгінде салиқалы жандар 2 ұл мен 1 қыздан 10 немере сүйді. 3 шөберенің қолынан су ішті. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері М.Келдібаевтың атқарған қызметі мен еңбегі жас буынға үлгі-өнеге.
Балтабай ОРДАБЕКОВ