Мемлекеттік қызметші жұмыста да, жұмыстан тыс уақытта да үлгі болуы тиіс
«Білектінің заманы өтті, білімдінің заманы келді». Бұл хан Абылайдың осыдан бірнеше ғасыр бұрын айтқан сүбелі сөзі. Расында да қазір біліммен, парасатпен, жаңаша ойлаумен ғана өзгеден көш ілгері озуға болады. Мемлекеттік қызметшінің бойында білім мен біліктілік ұштасса, ел жарқын жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырады. Сондықтан бұл салада тек білімі мен білігі ұштасқан мамандар қызмет атқаруы қажет. Осы орайда «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесіне орай аудан әкімі аппаратының басшысы Рысбек Шайхиевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Рысбек Болатұлы, Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында елімізде мемлекеттік басқаруға қатысты бірқатар саяси реформаның жүргізілетінін жария етті. Сіздің пікіріңізше, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет қалай ұйымдастырылуы керек? Бүгінгі сұхбатымызды мемлекеттік қызмет саласындағы жаңалықтар мен басым бағыттардан бастасақ.
– Негізі Жолдауда ұсынылған бірқатар саяси реформа қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген. Мемлекет басшысы «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» деп атап өтті. Бұл қоғамдық санаға серпін беріп, елдің ертеңгі күнге сенімін арттыруда. Президент атап өткендей, біз мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға міндеттіміз. Ал бұл мақсатқа жету үшін әрбір адам және бүкіл қоғам, құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс.
Президент «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деп үнемі айтып келеді. Осыған сәйкес, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бермейтін, сервистік сипатта ұйымдастырылуы керек. Бұл – халықтың талабына сай болу, елдің қажетінен шыға білу деген сөз. Бүгінде халық тарапынан мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуіне қатысты кейбір көңіл толмаушылықтардың бары жасырын емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру – біздің қызметіміздің басты бағдары. Ол үшін ашық, әділ, адал, адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыруымыз қажет. Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету. Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметті ұйымдастыру осы бағытта жүргізілуі тиіс деп есептеймін.
– Ауданымызда мемлекеттік қызмет саласының мерей-мәртебесін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? Жалпы аудан бойынша қанша мемлекеттік қызметші бар?
– Мемлекеттік қызметтің мерей-мәртебесі осы саланың тиімді жұмысымен артады деп ойлаймын. Сондықтан әр мемлекеттік қызметшіге жұмыста да, жұмыстан тыс уақытта да өзгелерге үлгі-өнеге болу қажеттігі ұдайы түсіндірілуде. Сондай-ақ қызметте үлгілі ісімен, нәтижелі еңбегімен көзге түскен мамандарды марапаттау, көтермелеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мемлекеттік қызмет саласына деген көпшіліктің, әсіресе жастардың қызығушылығын арттырады. Ал ауданда жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жалпы штаттық саны 130 бірлікті құрайды. Оның ішінде аудандық мәслихатта – 5, аудан әкімі аппаратында – 18, аудандық бөлімдердер – 39, кент және ауыл округі аппараттарында – 68 мемлекеттік қызметші бар. Аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілердің 50-і әйел, ол барлық мемлекеттік қызметшілердің 40 пайызын құрап отыр. Оның ішінде 9 азаматша басшылық лауазымда қызмет атқарады. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 45 жасты құрайды. Қазіргі уақытта 121 мемлекеттік қызметші нақты жұмыс істеуде. Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар саны – 4, бүгінгі күні бос орындар бойынша тиісті конкурстық кезеңдер жүргізілуде.
– Қазіргі заман талабы қызмет пен оқуды, яғни тәжірибе жинақтауды талап етеді. Осы ретте ауданымыздағы мемлекеттік қызметшілерге білім алуы, тәжірибе жинауы үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Дұрыс айтасыз, кәсіби білім мен дағды қатар жүруі тиіс. Сонда ғана жұмыс өнімді болады. Биыл 3 мемлекеттік қызметшіні қайта даярлау, 20 мемлекеттік қызметшіні біліктілігін арттыру курстарынан өткізу жоспарланған. Қазір оқу семинарларына қатысу жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ 2022 жылы 15 мемлекеттік қызметшіні тағылымдамадан өткізу жоспарланып, есепті кезеңде 6 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті. Есепті кезеңде бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға барлығы 24 конкурс өткізіліп, нәтижесінде 14 азамат қызметке қабылданды.
– Сізге Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі де жүктелген. Осы туралы айтсаңыз.
– Соңғы жылдары Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі қолданысқа енді. Бұл қызмет заңнамалық тұрғыдан да реттелді. Сырдария ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі аудан әкімі аппаратының басшысы ретінде маған жүктелген. Әдеп жөніндегі уәкілдер институтын нығайту, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметте өзара қатынастар мәдениетінің қалыптасуына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға мүмкіндік береді. Жалпы Әдеп жөнiндегi уәкiл қызметтiк әдеп нормаларының сақталуын қадағалайтын және мемлекеттiк қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң Әдеп кодексi талаптары бұзылуының алдын алуды назарда ұстайды. Сондай-ақ өз функциялары шегiнде мемлекеттiк қызметшiлер мен азаматтарға кеңес беретiн мемлекеттiк қызметшi болып табылады. Биыл мемлекеттік қызмет саласы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдің қатысуымен дербес бөлімдер мен ауыл әкімі аппараттарында кездесулер, семинарлар, тақырыптық талқылаулар ұйымдастырылуда. Аудан әкімдігінің ресми интернет ресурсында, барлық мекемелерде Әдеп жөніндегі уәкілдің байланыс нөмерлері, электронды поштасы, қабылдау күндері орналастырылған. Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан 11 мемлекеттік қызметшіге және 2 азаматқа жеке консультативті көмек көрсетілді. Бұдан бөлек түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірлесіп 3 құқықтық оқу семинары өткізілді. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу жұмыстары да күн тәртібінен түскен жоқ. Мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуалды қалыптастыруға елеулі үлес қосқан тұлғаларды көтермелеу туралы мемлекеттік орган басшыларына ұсыныстар енгізіліп, 50-ге жуық мемлекеттік қызметші марапатталды.
– Басшылық штатты азайту бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік аппаратты оңтайландыруға қатысты тапсырмасы бар. «Қызылорда облысының мемлекеттік органдарын басқару схемасының» жаңа жобасы аясында Сырдария ауданында әкімшілік шығындарды азайтып, басшылық құрамды оңтайландыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Өзіңіз білетіндей, Сырдария ауданы әкімдігіне қарасты бұрын 12 аудандық дербес бөлім бар еді. Соның санын 9 бөлімге дейін азайту (12 бөлім басшысы 9-ға азаяды) жұмыстары жүргізілуде. Яғни алдағы уақытта бірқатар мемлекеттік мекемелердің атауы, құрылымы, ережесі, штаттық бөлінісі өзгертіліп, біріктіру шаралары жүзеге асады. Мұндағы басты мақсат – басшылар санын азайтып, нақты қызмет атқаратын мамандардың жұмыс нәтижесіне тікелей басымдық беру. Бұл жұмыс біздің ауданда ғана емес, барлық ауданда жүргізілуде. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ.
– Әдеп кодексінің нормаларын сақтау бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Аудан әкімі аппараты тарапынан мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын сақтауы бойынша әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жасалуда. Нақты кезеңде аудан әкімі аппараттары мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің әлеуметтік желілерлегі парақшаларына жүргізілген мониторингтің нәтижесінің бірқатар қызметшілердің «facebook», «vk», «instagram» әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында Әдеп кодексінің нормаларын сақтамау деректері анықталған жоқ.
Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылған сынға себепкер болмауға тиіс екендігі көрсетілді. Қазіргі таңда аталған мәселе Әдеп жөніндегі уәкілдің тікелей бақылауында және үнемі қатаң қадағалануда. Осыған орай, барлық мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыру жүктелді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған Әдеп кодексінің мәтінімен және мемлекеттік қызметтегі шектеулермен формальды түрде танысып қана қоймай, оларды толыққанды ұғыну үшін мекеме басшыларына және тәлімгерлерге мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандарға Әдеп кодексін және шектеулерді түсіндіру тапсырылған.
– Мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеуін болдырмау мақсатында қандай шаралар қабылдануда?
– Мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеу және қызметтік автокөліктерді мақсаттан тыс пайдалану фактілерінің алдын алу мақсатында рейд жұмыстарын жүргізу үшін құрылған жұмысшы топ тұрақты түрде рейд жүргізуде. Сырдария ауданы әкімдігінің мемлекеттік мекемелерінде жұмыс уақыты аяқталғанда компьютерлерді автоматты түрде өшіру бағдарламасы орнатылған. Аудан әкімі аппаратының ғимаратында және аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар орналасқан мекемелер үйі ғимараттарында мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа кіріп-шығуын бақылайтын «СКУД» жүйесі жұмыс істейді. Қазіргі таңда аудан әкімдігінде «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асырылып, «Open Space» жобасы аясында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері халыққа бір жерден қызмет көрсетуде.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақтөре Ибрагимұлы
Ақтөре Ибрагимұлы