Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім мен білік ұштасса...

Білім мен білік ұштасса...

Білектінің заманы өтті, білімдінің заманы келді. Білім мен білік ұштасса, жарқын жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырамыз. Мемлекеттік қызметтің қағидаты, түпкі мақсаты осынау тағылымды сөздің мағынасына тура келеді. Себебі мемлекеттік қызметші болу халықтың қызметшісі болу деген сөз. Бұл салада тек білім мен білігі ұштасқан мамандар қызмет атқаруы қажет.

Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік қызмет саласы бойынша түбегейлі реформа жасалды. Елбасының тапсырмасымен құрылым жаңарды, өзгерді, нақты жүйе қалыптасты. Біз ол кезде мектеп оқушысы едік. Бірақ жергілікті басқарудың жаңа заманға лайықтандырылып жатқанын сезінетінбіз. Кейін студент атандық, оқу оқыдық. Мемлекеттік қызметке араластық. Ойлап қарасақ, бәрі кеше ғана болған секілді. Бірақ мұның астарында ұзақ жылғы қажырлы еңбек жатқаны анық. Бұл ел егемендігінің жемісі.

Жасыратыны жоқ, осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік қызметте қағазбастылық көп еді. Қазір сала цифрландырылды. Бәрі электронды форматта ұйымдастырылуда. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер де электронды жүйе арқылы берілуде. Бұл мемлекет үшін де, жеке азамат үшін де тиімді әрі қаржыны да, уақытты да үнемдейді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіле бермек.

Бүгінде аудан бойынша барлығы 142 мемлекеттік қызметші бар. Жоғары білімді мемлекеттік қызметкерлер 94,3% құрайды, яғни 134 маман, оның ішінде 3 мемлекеттік қызметші магистратура бітірген. Ауданымыздың мемлекеттік органдарында 55 мемлекеттік қызметші әйел азаматшалар жұмыс жасайды, бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің 38,7%. Мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтын қызметшілердің жас шамасына тоқталар болсақ, 29 жасқа дейінгілер 12,6 % (18), 30-39 жас аралығындар 41,5 % (59), 40-49 жас аралығындар 28,1% (40), 50 жастан жоғарылар 14,0% (20) құрайды. Орташа жас 39,5 жас болса, орташа мемлекеттік қызмет өтілі 8,7 жылды құрап отыр.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалында есепті мерзімінде 19 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырып, 6 мемлекеттік қызметші қайта даярлау­дан өтті.

Мемлекеттік қызметке орналасу мақсатында өткізілетін конкурсқа байланысты да жаңалықтар бар. Атап айтқанда, азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу үдерісін жеңілдету мен конкурс­тарды ашық өткізу үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Мемлекеттік қызметке орналасу ережелеріне» бірқатар өзгерістер енгізілді. Осыған орай қолданыстағы ережелер бойынша үміткерлер байқауларға қа­жеттілік бойынша үйден шықпай-ақ қатыса алады. Ол үшін құжаттарды электрондық пош­та арқылы тапсыруға мүмкіндік берілді, яғни бұрын талап етілгендей, мемлекеттік органға құжаттардың қағаз нұсқаларын әкелу қажеттілігі жойылды. Сонымен қатар әңгімелесуден өту үшін кандидаттың мемлекеттік органға келуі шарт емес. Әңгімелесу қашықтан бейнебайланыс құралдары арқылы жүргізілуі мүмкін. Бұрын мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурсқа қатысу үшін үміт­керлер конкурс қорытындысына қарамастан толық құжаттар тізімін дайындайтын. Енді конкурсқа қатысу үшін үміткерлер өз өтінішіне тек екі құжатты: дипломның көшірмесін және қызметтік тізімнің көшірмесін ұсынса жеткілікті. Қалған талап етілетін құжаттарды конкурстық комиссияның оң шешімін алған кандидат ғана тапсырады. Соңғы түзетулерге сәйкес, конкурсқа қатыса алатын бақылаушылар қатары барынша кеңейтілді. Бұған дейін бақылаушылар тобында депутаттар, БАҚ, қоғамдық бірлестіктердің, сая­­си партиялардың өкілдері, Агенттік және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері болды. Қазір әрбір кәмелет жасқа толған әрекетке қабілетті азамат бақылаушы бола алады. Бұл үміткерлерге конкурстық комиссияның хатшысын алдын ала хабардар ете отырып, өзінің байқаушысын әңгімелесуге шақыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұған дейін комиссия шешімі дауыс беру жолымен қабылданатын. Мәселен, комиссияның кейбір мүшелері конкурстық комиссия мүшелерінің бағалауы бойынша басқа кандидаттардан аз балл жинаған кандидатқа дауыс бере алатын. Бүгінде комиссия мүшелері дауыс беру арқылы лауазымға кандидатты таңдамайды. Конкурстық комиссияның шешімі бойынша бос лауазымға ең көп балл жинаған кандидат ие бола алады. Бұл ретте, ұпайлар үміткердің жауаптарының дұрыстығы мен толықтығын, оның эссесінің бағасын, оның тәжірибесін, білімі мен коммуникативтік дағдыларын, лауазымның ерекшелігіне байланысты қойылатын кри­тери­йлерді ескере отырып қойылады. Яғни, әңгімелесу конкурс жеңімпазын таңдау кезінде жалғыз өлшем болып табылмайды. Атап өту керек, конкурсқа дейін үміткерлер мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді. Ал «Б» корпусының басшы лауазымына кандидаттар (басқарма басшысы лауазымынан және одан жоғары) бұдан бөлек эссе тапсырады. Конкурстық комиссияның мүшелеріне лауазымның ерекшелігіне байланысты тиісті жұмыс дағдылары мен құзыреттілігі бар ең үздік кандидатты таңдау үшін қосымша іріктеу құралдарын қолдану құқығы берілген. Мысалы, конкурстық комиссия үміткерлерден тиісті саладағы проблемалар мен оларды шешу мүмкіндіктері бойынша таныстырылым жасауды, кейстік немесе практикалық тапсырмаларды шешуді және т.б. сұрай алады. Мұның бәрі мемлекеттік қызмет саласында тек білімді, білікті азаматтардың ғана жұмыс істеуіне жол ашуда. Бастысы, білім мен білік ұштасса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.

Соңғы жылдары Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі қолданысқа енді. Бұл қызмет заңнамалық тұрғыдан да реттелді. Сырдария ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі аудан әкімінің орынбасары ретінде маған жүктелген. Әдеп жөніндегі уәкілдер институтын нығайту, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметте өзара қатынастар мәдениетінің қалыптасуына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға мүмкіндік береді. Жалпы Әдеп жөнiндегi уәкiл қызметтiк әдеп нормаларының сақталуын қадағалайтын және мемлекеттiк қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң Әдеп кодексi талаптары бұзылуының алдын алуды назарда ұстайды. Сондай-ақ өз функциялары шегiнде мемлекеттiк қызметшiлер мен азаматтарға кеңес беретiн мемлекеттiк қызметшi болып табылады. Биыл мемлекеттік қызмет саласы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдің қатысуымен дербес бөлімдер мен ауыл әкімі аппараттарында кездесулер, семинарлар, тақырыптық талқылаулар ұйымдастырылды. Соңғы уақытта жұмыс бағытымыз онлайн форматта үйлестірілуде. Аудан әкімдігінің ресми интернет ресурсында Әдеп жөніндегі уәкілдің байланыс нөмерлері, электронды поштасы, қабылдау күндері орналастырылған.

Қорытындылар болсақ, мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет. Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, мемлекеттік қызмет саласында еңбек ету зор жауапкершілікті талап етеді. Аудандағы барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, жауапкершілігі мол жұмыста абырой биігінен көріне берулеріне тілектестігімді білдіремін.

Димаш БАЙДУШЕВ,
аудан әкімінің орынбасары –
Сырдария ауданы бойынша
Әдеп жөніндегі уәкіл

23 маусым 2020 ж. 488 0