Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина кәсібі – мамандықтың асылы

Медицина кәсібі – мамандықтың асылы

Аудандық мәдениет үйінде меди­цина саласы қызметкерлерінің кә­сіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға аудан әкі­мі М.Ергешбаев қатысып, сала арда­герлері мен қызметкерлерін ме­ре­кемен құттықтады.

Ақ халатты абзал жандардың құрметіне арналған іс-шара денсаулық сақтау саласының қиындығы мен жауапкершілігінен сыр шертетін қойылыммен бас­талды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары анты­на адал дәрігердің бір күнін, оның қарбаласқа толы жұмы­сын, адам жанының арашасы болсам деген мақ­саты мен ізденісін паш ететін көріністі көрермен наза­рына ұсынды. Мұнан соң аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне халық денсаулығын нығайту бағытындағы еселі еңбектері үшін аудан халқының атынан алғыс білдірді.

– Мемлекетіміз үшін ең бастысы – азаматтардың денсаулығы. Онсыз мемлекеттің кез келген сала­сының жұмысы алға басуы мүмкін емес. Сондықтан ақ халатты абзал жандарға көп нәрсе байланысты. Сонау Гиппократ заманынан бері адамзаттың тәні мен жанын сауықтыру қиын әрі ізгі іс болып саналады. Кездейсоқ медицина қызметкері болу мүмкін емес. Адамгершілік, мейірбандық, жанашырлық ақ ха­латты абзал жандардың қанына сіңген қасиет. Сон­дықтан денсаулық сақтау саласының майталман маман­дарына біздің құрметіміз әрқашан ерекше. Сіздер барлық қолдау мен құрметке, шынайы ілтипатқа лайықтысыздар. Аудан халқының атынан сала арда­гер­лері мен қыз­мет­керлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық және қызметте жетістіктер тілей­мін, – деді аудан әкімі М.Ергешбаев.

Мерекелік іс-шарада үздік ең­бе­гімен көзге түскен, халық алғысын арқалаған сала үздіктері мара­патталды. Оның ішінде облыс, аудан әкімінің, «АМАNАТ» пар­тиясы Атқарушы хатшысының Алғыс хаттары мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет Грамоталары берілді. Ма­ра­пат биігінен көрінген сала еңбек­керлеріне көрермен қауым тік тұрып қол соғып, құрмет көрсетті.

Іс-шара соңы думанды ән шашу мен биге ұласып, жұртшылық аудандық мәдениет үйінің көркем­өнер­паздарының өнерін тамашалады. Осылайша кәсіби ме­рекеде құрмет пен қошеметке бөленген сала еңбек­керлері көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.






Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
18 маусым 2022 ж. 362 0