Жас түлектерге, сәт сапар!
Жүректері лүпілдеп соққан, көз жанарына қимастық пен қуаныштың жасы толған, ұстаз бен шәкіртті, ата-ананы бірдей толқытқан мерейлі мереке – аттестат тапсыру салтанаты кеше ауданның барша білім беру мекемелерінде өтті.
Аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді биыл 32 түлек бітіріп, жаңа өмірге жолдама алды.
Мерекеге мектеп-лицей ұжымы, ардагер-ұстаздар, білім бөлімінің әдіскері А.Нұрабаева, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Ахетов, ата-аналар қатысты.
Салтанатты кеш түлектердің ата-аналар шеруімен басталды. Әр шәкірттің мектеп-лицей қабырғасындағы жетістіктері айтылды. Мемлекеттік Гимн орындалып, алғашқы сөз мектеп-лицей директоры Б.Бақбергеноваға берілді.
– Құрметті жас түлектер! Сіздер үшін бүгін есте мәңгі қалатын күн. Он бір жыл бойы білім алған алтын ұя мектептен аттестат алып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрсыздыр. Биылғы жылы білім шаңырағынан 32 түлек бітіргелі тұр. Оның 3-і Алтын белгі, 4 Үздік аттестат иегері. Ұлттық бірыңғай тесттен 100-ден жоғары балл алған оқушыларымыз да бар. Баршаңызға ыстық ықыласпен ақ жол тілеп, бір-бір грант иегері болуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Аттестаттарыңыздың игілігін көріп, ұстаз мәртебесін, ата-аналарыңыздың мерейін өсіре беріңіздер, – деді мектеп-лицей басшысы.
Салтанатты іс-шарада түлектер вальс билеп, мектеп, ұстаз туралы ән шырқады. Қонақтар құттықтау тілектерін айтып, барлық түлектерге аттестат тапсырылды.
Білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымының атынан сынып жетекшілері Ж. Тәжібаева мен А.Ахметова жүрекжарды лебіздерін білдірді. Өз кезегінде түлектердің атынан Аружан Абатқызы, Медина Жәнібекқызы, Нұрай Мектепхан ұстаздарға алғыстарын айтты.
Кеш соңында мектеп-лицей директорының орынбасары Л.Сағымбаева барлық түлектердің ата-аналарына Алғыс хат тапсырды.
Жаңа өмірге қанаттанған барша мектеп-лицей түлектеріне сәт сапар тілейміз!
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ