Жаңа дәріхана ашылды

Батыр ауылындағы дәріхана бір аптадан бері жергілікті тұрғындар үшін жұмыс жасауда. Медицина саласында 30 жылдан аса тәжірибесі бар Майя Әбдіқадірова осыдан 2-3 жыл бұрын құрбысының үйіне келгенде ауылда дәріхана жоқтығын біледі. Осылайша, ауыл тұрғындарымен пікірлесе келе, дәріхана ашуды жоспарлайды. Кәсіби маман елді мекендегі «Масаты» дүкенінің бір бөлігін жалға алып, дәріхана қызметін жандандырады.
– Менің анам Шолпан Әбіқадірова бірнеше жыл дәріхана саласында қызмет етті. Кейіннен екі көзінің көруі төмендеп, І топ мүгедегі атанды. Анамның сүйікті ісін жалғастыруыма ауылдағы дәріхана қызметінің дұрыс жолға қойылмауы себепкер болды. Ауыл тұрғындары сырқаттана қалса, такси жүргізушілеріне өтініш айтып, дәріханалардан керекті дәрісін алдыртады екен. Кей жағдайда қажетті дәрілер уақытында табылмай, сырқат асқынуға дейін барады. Әр айлығымнан қажетті құрал-жабдықтарды, дәрі сақтайтын мұздатқыш пен арнайы сөрелерді сатып алдым. Сонымен бірге 8 миллион теңгеге дәрі-дәрмек алынды. Шын мәнінде, дәріхана анамның иелігінде. Осыған дейін анам сыртқат жандарға қол ұшын беруді ойлайтын. Анамның арманына қанат бітірсем деген көкейімде ой тұрды. Алдағы уақытта жергілікті әкімдіктің қолдау болып жатса, жеке емхана ашу ойда бар. Жеке емхана ашылған уақытта ауыл тұрғындары арнайы сынамаларды осында тапсыруға мүмкіндік алады. Сонымен бірге УЗИ аппаратымен бірге медициналық құрылғалармен жабдықталады. Кәсіби мамандандырылған дәрігерлер жұмысқа тартылады, – дейді Майя Әбдіқадірова.
Айта кетейік, «Farmana» дәріханасы алдағы уақытта Аманкелді ауылынан да ашылатын болады. Бүгінде Нағи Ілиясов ауылындағы дәріханада екі медициналық білімі бар маман жұмыспен қамтылып, қызмет көрсетуде.
Балтабай Аябекұлы