Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас маманның жетістігі

Жас маманның жетістігі

Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Ашраф Жүсіпов басқаратын Сырдария ауданы бойынша­ Мем­лекеттік кірістер басқармасы аудандық газет ре­дакциясымен тығыз әріптестік байланыс ор­натқан. Мекеменің әрбір іс-шарасына журналист ша­қырып, ақпараттандыру жұмыс­тарын назарда ұстайтын және аудандық газетке түгел жазылған ұжымның үлгілі ісі өзге мекемелерге үлгі-өнеге. Бір­лігі жарасқан ұжымнан редакцияға сүйінші хабар келіп жетті.

Басқарманың бас маманы Жаннұр Төлегенова жас мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған «Үздік жас мемлекеттік қызметші» байқауының ІІ кезеңінің қорытындысында үшінші дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Облыс орталығында өткен сайысқа Қы­зылорда қаласын қоса есептегенде айдынды Арал мен жаңарған Жа­ңақорған аудандары аралығындағы жас мамандар қатысқан. Байқау қатысушылары алдымен зияткерлік блиц турында ҚР заңнамаларынан және Қазақстан тарихынан сұрақтарға жауап берген. Сондай-ақ топ құрып, арнайы тақырыптар бойынша пікір таластырған.

Байқау қорытындысында комиссия шешімімен жеңімпаз атанған Сыр­дария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Жаннұр Төлегенова бұл жетістігін ұжымның ортақ жеңісі деп санайтынын айтты. Ол сонымен қатар мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша өз ойы­мен бөлісті.

– Еліміз өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мақсатында кешенді жоспарлар қол­ға алынды. Президент пәрменімен тиісті Заңдар қабылданды. Сөйтіп, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы күш болып қалыптасты. Мен жас мемлекеттік қызметшімін. Мемлекеттік қызметші болғанымды зор мақтаныш санап, өзіме жүктелген міндет­терді абыроймен орындауға барлық білімім мен күш-жігерімді жұмсап келемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соң­ғы жылдардағы мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты тапсырмалары мен міндеттері біздің жұмыс жүйемізге де оң әсер етті. Әсіресе, бюрок­ратиядан арылудың, барлық жұмысты ашықтық пен қолжетімділікке бағыттаудың және цифрландыруды жетілдірудің қоғам үшін маңызы ерекше, – дейді Жаннұр Жанболатқызы.

Болашағынан көп үміт күттіретін жас маманды облыстық байқау же­ңімпазы атануымен құттықтап, жұмысына сәттілік тілейміз!





Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

14 маусым 2022 ж. 349 0