Жетінші басымдық: Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Газетіміздің көзі қарақты оқырманы Президент Жолдауындағы әр басымдыққа жеке тоқталып, арнайы мақала жазып жүргенімізден хабардар.
Мемлекет басшысы Жолдаудағы соңғы, жетінші басымдықты «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп атады.
«Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет» деген ел Президенті «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді» деп нықтап айтып өтті.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұстанымды жадында сақтаған дана халқымыз біртұтастық пен ауызбірлікті бірлігі бекем мемлекеттің негізі деп санаған. М.М.Сперанский: «Қазақтар шөлейтте өсетін балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты. Сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бір-біріне айдап салып, әлсіретіп барып бастарына құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген тұжырымға келген. Дегенмен, біздің халық бұл ойға жем болмайды. Тарих қойнауынан талай теперішті көрсе де, бірлік пен ынтымақты бәрінен биік қойып, жетімі мен жесірін жылатпай, өзге ұлттарды да өз бауырына басқан. «Сыйлағанға құшақ ашар дос, жау болғанға қиып түсер қылыш» болған халқымыз 140-қа жуық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинап, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылған. Тіпті, Тәуелсіздік алып, еліміз еңсе тіктеген тұста сарапшылар «Қазақстан – қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймақ» деп пікір де білдірген. Десек те, халықтың кең пейілі мен көңілі, елдегі сындарлы саясат пен Конституцияда белгіленген Заңға сәйкес бүгінгі таңда Қазақстан татулық пен бірліктің алтын діңгегіне айналып отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдаудың жетінші басымдығында «Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деді.
Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – тіл саясаты. Мемлекет басшысы бұл тақырыпты да тыс қалдырмады. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар» деген Мемлекет басшысы Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тілдің бар екенін және ол – қазақ тілі екенін атап өтті. Орыс тілінің «ресми тіл» мәртебесіне ие екеніне тоқталған Президент заңнамаға сәйкес оның қолданылуын шектеуге болмайтынын және «қазақ тілінің өресі шектеліп барады» деген қорқыныштың негізсіз екеніне тоқталды. Қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, туған тіліміз ғылым мен мәдениет, іс жүргізу тіліне айналып, қолданыс аясы кеңи түсуде. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақылды басты ұстаным еткен азаматтарымыздың тіл мәселесіне асқан парасаттылықпен, жауапкершілікпен қарауы маңызды.
«Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек» деген Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының бұл саладағы рөлінің айрықша екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, жастарға, оның ішінде жас таланттарға баса назар аударылу қажеттігі айтылды. Жастар – ел ертеңі. Келешек кемел болу үшін жас өренге басым мән берілу қажет. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Үкімет алдына нақты тапсырма қойып, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуды жүктеді. Сонымен қатар, «Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған» деген Президент халқымыз үшін зиялы қауымның қай кезде де орны ерекше екеніне тоқталды.
Қазіргі кезең – ғаламтор дәуірі. «Тик-ток» тентек қылып, «пранк» деп пайдасыз іске әуес болған жастарды тәрбиелер – ұлт зиялылары, аға буын. Ал басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Осы тұста, «Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы зиялы қауым мен аға буын өкілдеріне иек артты.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген түйінді ойға негізделген Жолдаудың жетінші басымдығы ынтымақ, татулық, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, елдегі этносаралық және конфессияаралық татулықтың баға жетпес байлығымыз екенін негіз етеді.
«Біздің жақын арадағы негізгі басымдықтарымыз осындай» деп жеті басымдыққа жүйелі түрде тоқталып өткен Президент халықтың амандығы ең алдыңғы орында екендігін баса мән беріп өтті.
Мемлекет басшысының әр жылдардағы Жолдауында айтылған тапсырмалардың уақытылы назарға алынуы мен ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың, сарабдал саясаттың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Бұл, ең алдымен, тұрақтылықтың көрінісі екені даусыз. Ел еңсе тіктеп, аңсап жеткен Тәуелсіздіктің отызыншы жылына қадам бастық. Алдағы уақытта мемлекетіміз одан әрі дамып, бәсекеге қабілетті озық отыз елдің қатарына қосылуды көздейді. Бұл тұста, бейбітшілік пен ауызбірлікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болатыны сөзсіз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ