Мұрат Бақтиярұлы: Демократиялық үдерісті үдетеді
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, «AMANAT» партиясының жанынан құрылған республикалық штаб мүшесі Мұрат Бақтиярұлы Іңкәрдария ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Сенатормен бірге аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, партияның аудандық филиалы жанындағы штаб төрағасы Е.Жақып жалпыұлттық референдум өткізу іс-шараларына дейінгі халықты ақпараттандыру жұмыстарына қатысты.
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы халықпен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталды.
– Ата заңның 33 бабына өзгерістер енгізілетін болады. Басты мақсат – саяси бәсекелестік үшін жағдай жасау, жеке тұлғаның емес халық мүддесіне бағыттау, халықтың елді басқаруына жағдай жасау, халықтың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту. Мемлекет басшысы біз Қазақстан азаматтары ретінде қатыса алатындай өз ұсынысын білдірді. Біз қол жеткізуге тиіс болашақтың бейнесін ұсынды және билік институттары арасында жаңа конституциялық тепе-теңдікті қалыптастыру және басқару нысандарын өзгерту міндетін алға қойды. Менің ойымша, бұл өте маңызды және өзекті, – деді сенатор.
Жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша ҚР Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы Н.Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС қызметкерлерімен де кездесті.
Президент ұсынған Жаңа Қазақстан идеясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар қамтылады. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашады.
Сенат депутаты еңбеккерлерге референдумды қолдаудағы ақпараттық-насихаттық жұмыстармен таныстырды.
– Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі пайда болып, елдегі саяси ахуалға жаңа леп болатын конституциялық референдум жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізілмек. Бұл Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асыуының бірден-бір дәлелі. Жаңартылған Заң аясында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардың дербестігін бекітуі – елдегі саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үдерісті үдете түсетіні сөзсіз, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Шаруашылықтағы кездесуге қоғам қайраткері, журналист, дипломат Е.Уәйіс, «Қазақстанның Еңбек Ері» А.Ералиев, аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев қатысты.
«ТТ» ақпарат