Соңғы қоңырау салтанаты
Талғат Қозыбаев атындағы №131 орта мектебінде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Оған Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбаев, «Жарбол» ЖШС-нің директоры Ж.Ешмаханов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Мешітбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Ғалымжанқызы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Жас түлектерге алдағы мемлекеттік сынақтан сүрінбей өтіп, қалаған мамандықтарының иесі атануларына тілектестігін білдірді.
Салтанатты іс-шарада мектеп директоры Айнұр Әлиева оқу жылындағы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді тізбектеді.
2021-2022 оқу жылында мектеп оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауына, облыстық, аудандық пәндік олимпиадаларға қатысып, жетістістіктерге жеткен. Мектеп ұстаздары да біліктіліктерін арттырып, оқу процестерінде жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануға машықтанған. Биылғы оқу жылын 24 жас түлек бітіріп отыр. Оқу жылы барысындағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталған мектеп директоры салтанатты іс-шарада жақсы үрдіс бастау алғанын жеткізді. Яғни, «Үздік сынып», «Белсенді сынып», «Таза сынып» номинацияларымен жыл бойына тәртібімен, тазалығымен көрінген сыныптар үлгі етілді. Сондай-ақ сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде елеулі еңбек еткен ұстаздар марапатталды.
Соңғы қоңырау салтанатында 11 жыл мектеп қабырғасында білім алған жас түлектер аяулы ұстаздарына жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Олар сапалы білім берген мұғалімдерге құрмет көрсетіп, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» алтын ұя мектебімен қимай-қимай қоштасты. Үрдіс бойынша мектеп бітірушілер «Білімнің алтын кілтін» ізбасарлары 10 сыныптың озат оқушыларына табыстады. Мектеп бітіруші түлектер аяулы ұстаздарына, мектебіне арнап әндер орындап, қоштасу вальсін биледі. Ал жас түлектерге арнап 1 сынып оқушылары өлеңдер оқыды. Биылғы оқу жылының соңғы қоңырауын 1 сыныптың озат оқушылары Бейбарыс Пірмағанбет пен Таңнұр Пернебаева соқты.
Салтанатты іс-шараға мектепті осыдан 10 жыл бұрын бітірген түлектер арнайы келіп, ұстаздармен қауышты. Білім ордасына сыйлықтар тапсырып, концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ