«Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі»
Соңғы қоңырау! Қимастық пен қуаныш сезімі бойды қатар билейтін ғажайып мереке. Осы күні 11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына сіңіріп, балалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектер Алтын ұя мектебімен қоштасады. Бұл білім нәрімен сусындатып, өмір заңына үйреткен ұстаздардың шәкірттерімен қоштасу мерекесі.
Аудан орталығындағы киелі қарашаңырақ №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді 32 түлек бітіргелі тұр. Биылғы салтанатты іс-шара «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты тақырыбымен өтті.
Мерекеге сай әсем безендірілген акт залында егемен еліміздің жалындаған жас түлектер мен қос сынып жетекшісі К.Тұрғанбекова және А.Ахметоваға қошемет көрсетілді. Түлектердің арасында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, тоғызқұмалақтан жастар арасында ҚР чемпионы, Орта Азия кубогінің жүлдегері, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер, Елбасы медалінің иегерлері, ғылыми жоба жеңімпаздары, пән олимпиадасының жүлдегерлері бар. Сонымен қатар өнерлі жастар мен қоғамдық жұмыстың белсенділері мерекенің кейіпкері болды.
Мерекелік іс-шара Мемлекеттік Гимнің орындалуымен басталды. Сонан соң алғашқы сөзді мектеп-лицей директоры Бақытжан Жамалқызы алып, құттықтады.
– Бүгінгі мерекені оқушы, мұғалім және ата-аналардың 11 жыл бойғы білім жолындағы атқарған еңбектің ортақ жемісі деп білеміз. Биылғы оқу жылын 569 оқушы аяқтағалы тұр. Оқушылардың 181-і үздіктер, 123-і оқу екпінділері қатарында. Мектеп-лицей бітірушілердің арасында 3 Алтын белгі және 4 ерекше аттестатқа үміткерлер бар.
Биылғы жылғы түлектер мектеп-лицейдің білім саласындағы беделенің артуына өзіндік үлес қосты. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің ертеңі сіздерсіздер. Сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспіз. Алда сіздерді үлкен сынақ күтіп тұр. Барлықтарыңыз сол сынақтан абыроймен өтіп, еліміздің білікті маманы атануларыңызға тілектеспін. Қадамдарыңыз сәтті болсын! – деді мектеп-лицей басшысы.
Мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпейтін күннің әсем мерекесі "Жас түлектер вальсіне" ұласты.
Салтанатты іс-шараның қадірменді қонақтары аудандық қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Бисембаев, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы А.Есназар, мектеп-лицейдің бастауыш ардагерлер кеңесінің төраймы Ұ.Бекмағанбетва, түлектердің алғашқы ұстаздарының атынан А.Әлиева жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар бірінші сынып оқушыларытүлектерді мерекемен құттықтап, әрқайсысына арнап тақпақ айтты.
Соңғы қоңырау мерекесінің дәстүрі бойынша «Жас ұлан» туын тапсыру, "Аманат" қабылдау,Білім кілтін, «Жеңіс кубогын» тапсыру рәсімі жасалды. Өз кезегінде 10 сынып оқушылары "Мектеп-лицейіміздің мәртебесін биіктетіп, жоғары деңгейге көтеруге өз үлесімізді қосамыз" деп сеніммен ант берді.
Түлектер атынан 11 сынып оқушылары Ә.Дәуренбекқызы, Н.Төлебаева, Г.Нұрзылдаева, Е.Пернебаев ұстаздарға алғыс айтып, жүрекжарды ақ тілегін білдірді. Сыныптастарын А.Шайланов пен Д.Тасымова құттықтады.
Нағыз жүрек тебірентерлік сәт те келіп жетті. 11 жыл бойы әр сабақ арасында естіген әдемі қоңырау үні бітірушілер үшін соңғы рет соғылмақ. Қоңырау соғу салтанаты «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты республикалық ғылыми жоба жеңімпазы, «Елбасы медалі» иегері, оқу озаты Нұрбек Әбіласан, аудандық олимпиаданың жүлдегері Медина Жәнібекқызы мен 1 сынып оқушылары, "Пони" халықаралық байқауының 1 орын иегерлері Жаңыл Бекмұратқызы, Дәулет Әшімге берілді.
Соңғы қоңырау мерекесінде «Соңғы қоңырау», «Мектебім», «Қимай тұрмын», «Енді қоңырау соғылмайды бізге» әнін өнерпаздар мен жас түлектер орындады.
Салтанатты мереке соңында ата-аналардың атынан еңбек ардагері М.Елеусінов түлектерге бата берді.
Осылайша сәні мен салтанаты келісіп жас түлектер жаңа өмірге қанат қақты. Алдағы Ұлттық бірыңғай тестті табысты тапсыруларыңызға шын жүректен тілектеспіз!
Салтанатты жиынның екінші бөлімі мектеп бітіргеніне 10 жыл, 20 жыл болған түлектердің жиынымен жалғасты. Түлектер “Туған елге тағзым” жобасы аясында әлеуметтік аз қамтылған 2 отбасының баласын Алматы қаласындағы “Тау жанашар” лагеріне қаржылай демеушілік көрсетті.
Бибісара ЖАНӘЛІ