Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елін сүйген Елаға

Елін сүйген Елаға

ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН ТАМЫРЛАР

Биыл жиырма жылға жуық табан аудармас­тан бұрынғы Сырдария аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы болып қызмет ат­қарып, жаңадан құрылған ауданның іргелі елге айналып, шаруашылығының өркендеуіне, халқының тұрмыс жағдайының артуына зор үлес қосқан Еламан Досекеұлы Жүнісбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Ауданның кө­се­гесін көгертем, елдестерін ерге мінгізіп, ұлан­дарын ұшпаққа шығарам деген ұстанымды бе­рік ұстап, ұсынылған жоғары лауазымды қыз­меттерден сыпайы ғана бас тартып, өзі ту­ған елінен жырақтамаған салиқалы да сауатты басшы болған Еламан Досекеұлының еңбегінің ұшан-теңіз екенін Сыр халқы әзір ұмыта қойған жоқ. Елағаның Сырдария ауданы үшін еңсерген ерен еңбегі ер маңдайын баққа бұрып, абыройлы азаматтыққа бастады. Туған елі де, одан сыртқары жұрт та танитын еңселі тұлғаға айналды.

Еламан Досекеұлының қарауында қыз­мет атқара жүріп, ол кісінің қамқорлығын көр­ген­дердің бірі ретінде арыс азаматтың туға­нына ғасыр толып отырған шақта елін көкке көтерген, елі десе еміреніп тұратын елшіл ағаның есте қалған еңбектерін еске алдым. Әрине ол кісінің бүкіл еңбегін бір мақаламен еңсеріп тастау мүмкін болмас. Елекеңдік еңбек бір емес бірнеше томға жүк болары сөзсіз. Ендеше, мұршам жеткенше мақалаға арқау етіп көрейін.

Қызылорда 1938 жылдың 15 қаңтарында об­лыс орталығына айналуына байланысты оған қарасты 8 ауданның бірі болып Сырдария ауданы құрылды. Ауданның орталығы қаланың шығыс бөлігіне орналасты. Жоғары басшылықтың талабымен аудан 1942-1944 жыл­дары қаланың теріскейіндегі «Казрис» кол­хозына көшіріліп, оның орны әскери гос­питальға берілді. 1945 жылдың басында аудан орталығы сол бұрынғы орнына қайта көшірілді. Сырдария ауданында алғашқы жылы 3 ауылдық кеңес құрылған. Оларда небәрі 33 майда артельдер мен 22 ТОЗ болған, сондай-ақ 65 тракторы бар машина-трактор стансасы, 1169 бас ірі қара, 157 жылқы, 159 түйе, 9548 бас қой болды. Барлық егіс көлемі 8,5 мың гектар еді.

Республика Жоғарғы кеңесі Президиумы­ның 1958 жылғы 28 қаңтардағы қаулысымен Сырдария ауданы Тасбөгет қыстағына көшірілді. Бұған дейін аудан орталығы Қызылорда қа­ласының қазіргі Әйтеке би көшесіндегі №9 үйде болған. Аудан елді мекендері 1962-1967 жылдар аралығында Тереңөзек ауданының құрамына еніп, 1967 жылдың қаңтар айында Сырдария ауданы қайта құрылып, Тасбөгет қыс­тағы қала типтес қонысқа айналды. Көшіп-қону, бір қосылып, бір ажырау әдет болған Сырдария ауданының соңғы тұрағы осы Тасбөгет болды. Қайта шаңырақ көтерген ескі де жаңа ауданға басшы болып біз сөз етіп отырған Еламан Досекеұлы Жүнісбаев сайланды.

ЖАҢАША ЖОЛ БАСТАУ

Жаңа құрылған ауданның ауыл шаруашы­лығымен айналысады деген аты болмаса, заты оған сәйкес емес-ті. Облыстың басқа аудандары күріш өсіру аймағына жатқандықтан күріш егетін танаптар мен су жолдары бірыңғай ин­женерлік жүйеге келтіріліп, кү­ріш өсіретін кеңшарлар жаңадан құрылып, олардың орта­лық­тарына мемлекет есебінен тұрғын үйлер мен әлеуметтік және мәдени құры­лыстар салы­нып, тас жолдар төселінген кез еді. Ал Сырдария ауданында мемлекет есебінен ірі құрылыстар салынбады. Егін инженерлік жү­йеге келтірілмеген, жабайы алқаптарға ескі әдіспен егілді. Мал шаруашылығының да халі мүшкіл болатын, ет, сүт, жүн секілді өнімдер өндіру төменгі дәрежеде еді. Малшылардың да әлеуметтік жағдайы тым нашар, көпшілігі қыста жеркепені паналайтын. Ауыл орталығы тұрмақ аудан орталығында тұратын халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оңып тұрмаған кезең болатын.

Аупарткомның жаңадан сайланған бірінші хатшысы ауыл шаруашылығы маманы болмаса да алғашқы күннен бастап аудан экономикасын көтеру үшін жұмысты неден бастау керектігін дөп басып, әр саланың білікті мамандарымен кеңесе отырып, білек сыбана іске кірісті. Соның нәтижесінде, тірлік алға басып, оң өзгерістер нәтиже бере бастады. Аудан тынысы жаңаша бағытқа өзгерді.

Ә дегеннен майда шаруашылықтарды ірі­лен­діріп, күш-қуатын арттыруды жаңа басшы қолға алды. Облыс пен республиканың тиіс­ті органдарының алдына нақты мәселе қоя жү­ріп, экономикасы әлжуаз он екі колхоз сол кез­дегі талапқа сай кеңшарларға айналдырылды. Бұл шаруашылықтардың төртеуі күріш пен сүт өндіретін, төртеуі қой өсіретін, екеуі мал бордақылайтын және екеуі көкөніс пен сүт өн­діретін шаруашылыққа мамандандырылды.

Суармалы жерден мол өнім алудың негізін қалау үшін 13 мың гектар күріш, 8 мың гектар мал азығындық дақылдар мен көкөніс, бақша дақылдарының ауыспалы егісіне арналған жер алқаптары инженерлік жүйеге келтірілді. Сонымен бірге мал тұқымын асылдандыру, мал басын өз төлі есебінен көбейту шаралары бо­йынша ауқымды істер атқарылды. Ауыл шаруашылығын дамыту, экономи­ка­лық әлеуетін арттыру бағытындағы ұтымды іскер­лік ұйымдастыру жұмыстарының нәтиже­сінде мемлекетке тапсыратын өнім түрлерін өндіру артып, аудан экономикалық жағынан өсті, хал­қының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақ­­сар­ды.

Е.Жүнісбаев ауданды басқарған 19 жыл ішінде күріш өнімінің көлемі 2,5 есе, көкөніс пен бақша өнімдерінің көлемі 1,2 есе, мал азықтық дақылдардың өнімі 3 есеге өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсет­кіштері аудан қайта құрылған 1967 жылмен салыстырғанда шарықтап өсті. Айталық, күріштің әр гектарынан жиналған өнім 28 цент­­нерден 1985 жылы 54 центнерге, сүрлем жүгері 60 центнерден 280 центнерге, жоңышқа 20 центнерден 40 центнерге артты. Осы жылдар аралығында ауданда өз істерінің шебер­лері өсіп жетілді. Жамбыл атындағы кеңшар­дың Жаңбырбай Қожауов жетекшілік ететін күрішшілер бригадасы күріштің әр гектарынан 55-60 центнерден Сыр салысын жинап, облыс­та бірінші орынды жеңіп алып, бригадир КСРО Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды.Осы кеңшардың күрішшісі Бисен Смағұлов «Ленин» орденімен марапатталса, «К-700» алып техникасын ұршықтай үйірген Гүлнәр Әле­кеева республикалық жарыста бірнеше рет оза шауып, облыстық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланды. Қызылорда машина сынау стансасы күріш звеносының жетекшісі Амангелді Ахметов «Социалистік Еңбек Ері» атанды. «Абай» атындағы кеңшардың күріш өсі­рушісі «Батыр ана» Нағима Аймағамбетова мен Жамбыл атындағы кеңшардың күрішшісі «Батыр ана» Рабиға Әбибуллаева жоғары наградалармен марапатталды.

Аудан басшысы мал шаруашылығын өрісте­туге де тиісінше ден қойды. Соның нәтижесінде, өткен ғасырдың соңына қарай ауданда 190 мың бас қой, 8 мың бас жылқы, 17500 ірі қара, 8200 бас түйе болды. Мал шаруашылығы саласында да адал еңбек еткен озаттардың қа­тары көп болды. Аудан басшылығы мал басын көбейтіп, одан алынатын өнім түрлерінің сапасын арттырған еңбеккерлерді үнемі көтер­мелеп отырды.

«1 мамыр» атындағы кеңшар жүз мыңдай қой өсіретін аудандағы іргелі шаруашылық болды. Мал басын осыншалықты өсіріп, одан алынатын өнімдерді арттырып, өнімнің өзіндік құнын барынша төмендеткені үшін кеңшар директоры Орынбасар Бәйімбетов «Социалистік Еңбек Ері» атанып, республикалық Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланды. Осы шаруа­шылықтың шопаны Айша Меңлібаеваға да «Еңбек Ері» атағы берілді. Сондай-ақ Аман­келді атындағы шаруашылықтың басшысы Алтыбаев «Ленин» орденімен марапатталды. Біріншімайлық шопан­дар Әбілхан Жұмаев, Дүйсен Жүсіпов, Аманкелді кеңшарынан Қып­шақбай Куликов, «КСРО-ның 50 жылдығы» атындағы кеңшардан Сейітбек Мінайдаров жыл сайын әр жүз аналықтан 130-150-ден төл алып, қаракөлдің сорттылығын 80-90 пайызға жеткізді.

«Комсомол» кеңшарының сауыншысы Баян Піржанова 100 бас аналық сиырды механикамен саууды іске асырып, облыстың бүкіл сүт өндірушілеріне үлгі болды. Осы қажырлы еңбегінің арқасында сауыншы Баян Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланып, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» жә­не «Құрмет белгісі» ордендерін иеленді. «КСРО-ның 50 жылдығы» атындағы кеңшардың сауыншысы Күлжан Әуезова да «Ленин» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталып, республиканың Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Шопан Рабиға Іздіқұлова да «Ленин» орденін кеудеге тағып, еліміздің Жоғарғы кеңе­сіне депутат болып сайланып, еңбегі жанды.

ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАР

Өткен ғасырдың екінші жартысында Еле­кең аудан басқарып тұрған тұста облыс аудан­дарының бірінші хатшыларының іскерлік қабі­летіне, алымдылығына талдаулар мен сараптамалар жасалынып, оларға «нағыз хатшы», «шаруа хатшы», «шала хатшы», «бала хатшы» және тағы басқа да айдарлар тағылған екен. Солардың ішінде жастайынан әскерде жүріп саяси жетекші болып партиялық саясатқа ысылған, одан соң бейбіт заманда комсомол, кеңес және партия ұйымдарында қызмет ат­қарып аупарткомның бірінші хатшылық лауазымына үлкен дайындықпен келген Елекеңе партия жұмысының қыры мен сырын, әдісі мен тәсілін терең меңгергендіктен әрі саяси сауатты, салиқалы, мәдениетті, іскер болғандықтан «оқымысты хатшы» («ученый секретарь») деген айдар тағылыпты. Және де осы жағымды атақтың Еламан Досекеұлына таңылуына ауданда ғылымға негізделген бір емес, төрт ша­руашылықтың құрылуы да себепші болса керек. «Ол қандай шаруашылықтар еді» деген са­уалдың жауабы – мынадай.

Қазақтың қаракөл қой шаруашылығы ғы­лы­ми-зерттеу институтының Қызылорда бө­лім­шесі негізінде 1972 жылдың тамыз айында Қызылорда қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе стансасы мен «Аманкелді» атындағы экспериментальді кеңшар КСРО Ауыл шаруа­шылығы минис­трлігінің қаракөл қой шаруа­шылығы Бас басқармасының бұйрығымен құ­рыл­ды және бұл тың бағыттағы шаруа­шылықтың тыныс-тірлігі бірінші хатшының тұрақ­ты бақылауында болды. Бұл тәжірибе шаруа­шы­лықтың бір бағыты мал тұқымын асылдандыру болса, екіншісі, малды азық­тандыру мен ұстап тұтудың технологиясын жетілдіру тұғын. Негізгі міндеті – облыста қаракөл қойының қара мен сұр түсті жоғары өнімді түрлерін өндірудің мүмкіндіктерін зерттеу, ғылыми тұрғыда тереңдетілген селекция және мал тұқымын асылдандыру жұ­мыс­­тарын жүргізу, асыл тұқымды қара­көл қой шаруашылықтарын дамытудың озат тәжі­ри­белері мен ғылым жаңалықтарын өнді­рі­с­ке енгізуде облыс шаруашылықтарына прак­тика­лық көмектер беру.

Тәжірибе стансасы сұр қаракөл мен Бұқар сұры түрінің күміс түсін өсіруді «Аманкелді» кеңшарында, қара қаракөл қойының елтірілік типін өсіруді Жалағаш ауданының «Аққыр», Қазалы ауданының «Қазақстанның 40 жыл­дығы», Арал ауда­нының «Арал» кеңшарында жүргізсе, көк қара­көл қойының елтірілік типін өсіруді Жа­ңа­қорғанның «Красная звезда» кең­шарында ұйымдастырды.

«Аманкелді» кеңшарында ғылым жаңа­лықтар мен озат тәжірибені өндіріске енгізу, малдың күтімі мен азықтандыру технологиясын дамыту бойынша іргелі істер атқарылды. Шаруашылық аумағында өсетін құнарлығы әрқилы далалық шөптерден аналық қойды, тоқ­тыны, қошқарды азықтандыратын «гранул» жем рецептері өндіріске енді. Витаминді шөп ұнын тартып, жартылай ылғалды азық қоспасын жасайтын түйіршік жем шығару цехтары ашылды. Бір маусымда 20 мың қаракөл сойылатын. Оны алғашқы өңдеуден өткізетін ме­ханикаландырылған қозы сою пункті іске қо­сылды. Қозы терісін өңдеудің озат тәжірибесі өндіріске енгізілді. Бұл тәжірибе стансасын 1972-1992 жыл­да­ры биология ғылымдарының кандидаты Нұр­ман Жүндабеков басқарды. Оның қа­ра­мағында мал шаруашылығының бі­лікті ма­ман­дары болды. 1972-1986 жылдары тәжі­ри­­­бе стан­сасы директорының ғылыми жұ­­мыс­­­тар жө­ніндегі орынбасары болып Әнуар­­­бек Қалтаев қызмет атқарып, сондағы не­­гіз­гі тәжірибелік жұмыстарға басшылық ет­ті. Осы шаруашылықтың кейінгі директоры болып Сейдахмет Айдаров, бас зоотехник болып Ж.Омаров қызмет атқарса, ферма мең­герушілері қызметінде А.Пірманов, Ж.Ті­леп­­­бергенов болса, директордың орынбасары қызметінде Қ.Мырзахметов, Т.Қосаевтар болды. Ауданда бірінші сортты қаракөл елтірісін өндіретін шаруашылықтардың қатарында «Тар­тоғай» кеңшары да болды. Бұл кеңшарда қаракөл қойының тұқымын асылдандырудың негізі қаланып, бірыңғай «Сұрхандария» сұр қаракөл қойларын өсіру жұмыстары жүргізілді. Ұтымды ұйымдастырылған ізденістер оң нәти­же беріп, жоғары сортты елтірінің үлесі 88 па­йызға жетті.

Сырдария ауданының аумағында ауыл шаруашылығы техникаларын сынақтан өт­кі­зе­тін Қызылорда мемлекеттік машина сынау стансасы ұзақ жылдар бойы жұмыс істеді. Қызылорда мемлекеттік машина сынау стансасы КСРО Ауыл шаруашылығы министрінің 1958 жылғы 1 қыркүйектегі №241 бұйрығымен Қызылорда қаласында орналасқан МИС-тің бөлімшесі негізінде құрылып, сол жылы Машина сынау стансасының тәжірибе шаруа­шылығының негізі қаланды. Оның орталығы Қызылорда қаласының оңтүстік-батысында Сырдария ауданына қарасты жерге орналасты. Стансаның міндеті – күріш өсіру мен жинауға арналған техникаларды, мал шаруашылығына қажетті кіші механизмдерді сынақтан өткізу. Машина сынау стансасында техника ғылымдарының кандидаты Жеті­бай Өндірбаев 15 жыл бойы директор болып жемісті қызмет атқарды және өзінің ғы­лыми жұмысты ұйымдастыру шеберлігімен зор абыройға ие болды. МИС-тің тәжірибе шаруа­шылығы күрішке арналған техникаларға сынақ жасайтын 1000 гектар алқапқа Сыр салысын өсіріп, оның мол өнімін облыста алғашқы болып қысқа мерзімде жинап алуды қалыптастырды.

Станса күріш өсіріп, техника сынаумен қатар мал шаруашылығымен де айналыс­ты, қырқым агрегаттарын сынақтан өткізіп, өндіріске енгізді. Ғылымға негізделген бұл шаруашылықта күрішші-механизаторлар қысқа оқу курстарынан өтіп, механизаторлардың ау­дандық, облыстық семинар-кеңестері ұйым­дастырылып тұрды. Кезінде Қазақстан Компар­тиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев Сырға жұмыс сапарымен келгенде бірнеше рет станса жұмысымен танысып, оның қызметін жоғары бағалады.

Күріш жинауға арналған техникалар МИС-те сынақтан өтіп, олардың өндіріске жолдама алып жатқандарының ысырапты азайтып, егіннің өнімділігін арттыруға мол ықпалы бар екенін жақсы түсінетін білімдар хатшы күріштің тиімді сұрыптарын ғылыми жолмен дайындайтын Қазақтың күріш жөніндегі ғылыми зерттеу институтының Қарауылтөбедегі тәжірибе шаруашылығының жұмысын одан әрі жандандыруды басты назарда ұстады. Жергілікті жердің табиғатына бейімделген күріштің тез пісетін, өнімді сорттарын шығаруды мақсат тұтты. Шаруашылықтарда бітік өскен дақылды МИС-те сынақтан өтіп, «Қызылорда күрішмаш» зауытынан шыққан «ЖРК-5», «ЖРК-6» жаткаларымен оруды жүзеге асыруды қолға алды.

Республиканың ауыл шаруашылығына ең­бе­гін сіңірген қызметкер, ғылым кандидаты Әшім Ибраев Қарауылтөбедегі тәжірибе ша­руашылығының директоры болып жемісті еңбек етті. Ол аталған шаруашылықты бас­қарумен қатар «Дубровский-129», «Кубань-3», кейінен «Маржан» сияқты жоғары өнім беретін күріштің сапалы сорттарын өндіруге көп күш жұмсады.

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ТЫНДЫРЫЛҒАН ІСТЕР

Сырдария ауданы өз алдына жеке шаңы­рақ көтерген 1938 жылы оған қарасты 39 бас­тауыш, 4 орталау, бір орта мектеп, 129 сауатсыздықты жою және 4600 шала сауаттылар үшін 51 мектеп ашылып, барлық білім беру мекемесінде 126 мұғалім сабақ берді. Соғыстан кейін, яғни 1950 жылы ауданда 33 бастауыш, 13 жетіжылдық, 4 орта мектеп жұмыс істеп, оларда бес мыңдай оқушы, 270 мұғалім болды. Бұдан кейін Тереңөзек ауданынан бөлініп шыққан 1967 жылы аудан көлемінде 12 бас­тауыш, 12 жетіжылдық, 6 орта мектептердегі 7300-ге жуық оқушыға 800-дей мұғалім ұстаз­дық етті.

Өз алдына отау тіккен жаңа ауданда ау­парт­комның ықпалымен білім ұяларының құ­рылысын салу қарқын ала бастады. Алғаш­қы жылдардың өзінде 320 орындық үш мектеп, 192 оқушыға арналған екі мектеп үйі бой көтерді. Сол кездегі білім беру саласын дамыту талабына сай сегізжылдық мектептерді ірілендіріп, орта мектепке айналдырып қайта құруға бетбұрыс жасалды. Сондай-ақ мектеп­терде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу, кәсіптік бағдар беру ісі өрістеді. Осы талапқа сәйкес аудан орталығы Тасбөгет қонысында аудандық оқу-өндірістік комбинаты ашылып, қыстақтағы 3 орта мектептің оқушылары осын­да еңбекке және кәсіптік бағдарлауға бейімделді.

1970-1980 жылдары типтік жобадағы орта мектеп құрылысын салу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Соның нәтижесінде, №41 орта мектеп 464 оқушыға арналып жаңадан салынды. Аудан орталығындағы №11 орта мектеп 1178 орындық, №176 орта мектеп 1256 орындық үш қабатты жаңа зәулім ғимаратқа көшті. Сол сияқты ауданның кеңшар орталықтарындағы №42, №139, №143 және №44 орта мектептер типтік жобамен салынған 624 орындық жаңа ғимараттарға қоныс тепті.

Е.Жүнісбаевтың ауданның білім саласын дамытудағы атқарған ауқымды әрі игілікті жұмыстарының нәтижесінде 12 орталау мектеп орта мектепке айналды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шенінде ауданда бір «Казрис» бастауыш мектебі, 4 орталау мектеп, 18 орта мектеп, барлығы 23 білім ордасы жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие берді. Бұларда 10 мыңға жуық оқушы, 1600-ден аса мұғалімдер болды. Осы кезеңде ұстаздардың сапалық деңгейі де жақсарды. Аудан бо­йынша жоғары білімді 1120 мұғалім ұстаздық етті. Олардың біліктілік сапасы да артты. КСРО білім беру ісінің озаты 12, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі 69 және жоғары санаттағы 73 мұғалім аудан мектептерінде нәтижелі жұ­мыстар атқарды. Жас жеткіншектерді білім мен өнерге баулу мақсатында Тасбөгет қыста­ғында бір және кеңшар орталықтарында 5 ба­лалар музыка мектептері жұмыс істесе, ау­дан орталығындағы балалардың спорт мектебі оқушыларды спортқа баулыды. Сұлу­төбе стансасындағы ҰОС ардагері Ж.Әбді­халықов басқаратын №120 селолық кәсіптік-техникалық училище 1959-1975 жылдары ауыл шаруашылығына қажетті механизатор кадр­ларын даярлады. Сексенінші жылдары учи­лище Тасбөгет қыстағындағы типтік жобамен салынған ғимаратқа көшірілді. Бірнеше қабат­ты оқу корпусы, төрт қабатты жатақхана, оқу-өнірістік шеберханалар, машина-трактор гаражы, мұғалімдер мен басқа да қызметкерлерге арналған көпқабатты тұрғын үйлері аудан орталығының төрттен бірін алып жатты. Сөйтіп, бұл кәсіптік білім беру кешені ауданда бұрыннан бар №58 кәсіптік-техникалық учи­лищенің сыңарына айналды.

Қазалы ауылшаруашылық техникумы 1971 жылы Қазалы қаласынан көшіріліп, Сырдария ауданының «Комсомол» сүт-көкөніс бағы­тындағы шаруашылығына орналастырылды. Мұндағы мақсат – ауыл шаруашылығына қажетті мамандардың алған білімдерін өнді­рісте ұштап, тәжірибе жинақтау. Ауданға қо­ныс аударған техникум жаңадан салынған 12 іс бөлмелері мен 26 оқу зертханалары, 51 орындық оқу залы, 360 орындық акт залы, жалпы ауданы 512 шаршы метрлік спорт залы, 220 орындық асханасы, 360 орындық жатақханасы, дәрігерлік емханасы бар 390 орындық оқу ғимаратына орналасты. Бұл білім ордасы Е.Жүнісбаевтың басшылығы тұсында 1976 жылы «Қызылорда совхоз-техникумы» ата­лып қайта құрылды.

Біз сөз етіп отырған Еламан Досекеұлы өзінің саналы ғұмырында «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болу» қағидасын ұстанған бекзат болмысты, әдепті іс-әрекетті, сергек сезімді, терең білімді, ұшқыр ойлы біртуар азамат еді. Оның бойындағы биязы мінезді де, мәрттікті де, зерде мен зейінді де сергек көңілмен сезетін едік. Мыңбасыдай ел басқарған Елекеңнің әдепті тәрбиесін алып, әдіпті сөздерін құлаққа сіңір­гендердің қатары сиреңкіреп қалса да, әзірге бір шоғыры баршылық. Өмір болған соң олар да біртіндеп азайып барады. Осылай-осылай елін сүйген Елекеңді білетіндер де азая беретіні анық.

Осыны ойлап, бізден кейінгі ұрпақтар да бұл өмірде Еламан Досекеұлы Жүнісбаев деген ел ағасы болғанын еске алып жүрсе екен деп үміт етесің. Ол үмітті жандырудың тетігі – оның атын мәңгі өшпестей етіп қалдыру. Тегінде осы істі елшіл Елекеңнің жүз жылдығы тұсында қолға алсақ, жөн болар еді.






Қабдеш ШАҒЫРҰЛЫ,
зейнеткер
Қызылорда қаласы
24 мамыр 2022 ж. 433 0