ЖАРҚЫН ІСТЕРДІҢ ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯСЫ
"Нұр Отан" партиясы еліміздегі қоғамды бірлікке, ынтымаққа ұйыстыратын партия ғана емес, әлемдік деңгейде өзіндік жолы, бағыт бағдары айқын саяси күш.
Тарих парақтарын ақтарып қарар болсақ, 1999 жылы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған партия "Отан" деп аталған болатын. Бүгінде құрылғанына 20 жылға жуық уақыт болған іргелі партия – халықтың әлеуетін көтеру, инновациялық-инфрақұрылымдық талаптарды негізге ала отырып, ел игілігіне бағытталған жұмыстардың бастамашысы, ұйымдастырушысы болды десек қателеспейміз. Қазір "Нұр Отан" партиясы қанатын кеңге жайған, халықтың зор сеніміне ие болған жетекші партия ретінде жарқын істердің жаршысы, әрі дем берушісі болып келеді. Осы уақыт ішінде партия шынығып, шыңдалып, еліміздегі ең үлкен саяси күшке айналды. Құрылған күннен бастап ол барлық елдік істің басы-қасында. Халқымыздың берекесінің артуына, елдегі саяси тұрақтылықтың нығаюына, экономикалық реформаларды табысты іске асыру үшін атсалысып келе жатқан бірден бір саяси ұйым. Өткен сайлаулардағы елдің зор сенімі партия беделінің зор екенін байқатса керек. Сол сайлауларда белсенді қатысқан партия мүшелерінің істеген шаруасы, жергілікті ұйымдардың жасаған жұмысы айқын дәлел.
Мен өзім де партия ардагері ретінде сол ауқымды жұмыстардың бел ортасында жүрдім және оны мақтан тұтамын. Бірнеше жыл партияның саяси кеңес мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға араластым. Партия съезіне делегат ретінде қатысып, Президенттің ұлықтау рәсімінің де куәсі болдым. Қазіргі таңда партияның беделі зор, еліміздегі ең әлеуетті саяси күшке айналды.
Әрине, бірінші кезекте Елбасының тұлғалық, көшбасшылық қасиеті, харизмасы партия беделінің өсуіне, жұмысының өнімді болуына тікелей әсер етті. Өзім партия ардагері ретінде партия филиалының жұмысына араласып, партия қолға алған бастамаларға өз тарапымнан үн қосып, қолымнан келгенше ақыл-кеңесімді айтуға тырысамын. Бізде қанша дегенмен тәжірибе бар, ол тәжірибені жастарға айтып, ел үшін жасалып жатқан берекелі істің сәтті шығуына үлес қосудамын. Әрине, ауқымды жұмысты атқаруды қолға алған партияның құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл жаңару, өсу-өркендеу жылдары. Алда мұнан да биік мақсаттар тұр. Сол мақсаттарға жету жолында елдік мүддеге қызмет ете береді деп сенемін.
Бүгінгі өтіп жатқан съезде Елбасы көп балалы отбасыларын қолдау тетіктерін атап өтті. Әсіресе, баспанаға қол жеткізу үшін берілетін жеңілдіктер қазақстандықтарды бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын. Бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру де өте дұрыс. Бұл көптеген қазақстандықтар үшін ең мықты стимул деп есептеймін.
А.БАҚТИЯРОВА,
партия ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы