Жігіттің жақсысын сұлтан дейді
«Жігітке жеті өнер де аз» дейтін қазақ халқы ер жігіттің өнерлі, шымыр, байсалды, байыпты болуына ерекше мән берген. Және де «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп, ұл мен қыздың тәрбиесіне бей-жай қарамаған.
Қазақ жігітінің бойына тән қасиеттерді дамытып, өз елін сүйетін, патриот азаматтардың жігерін жанып, ата салтын насихаттау мақсатында өткен аптада ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйі мен мәдениет үйі жанындағы мәдени демалыс кешенінің бастамасымен карантиндік талаптарды сақтай отырып өткізілген «Жігіт сұлтаны – 2021» аудандық байқауына көрермен ретінде қатысып, жігіттердің өнеріне тәнті болып қайттық.
Дүбірлі додаға кент және елді мекендерден, аудан орталығындағы мектептер мен спорт бөлімінен 18-29 жас аралығындағы серілер қатысып, 3 кезең бойынша сынға түсті.
«Сен тұр, мен атайын» деп білек сыбанып келген жігіттер «Тегін білу – тектілік» атты алғашқы кезеңде қазылар алқасы мен көрерменге өздерін таныстырса, екінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды. Бәрінен қызығы «Саламатты өмір салтын сақтау» атты соңғы кезең болды. Бұл кезде қатысушылар гір көтеру, нысананы көздеу сияқты спорт түрлерінен сайысқа түсіп, күш сынасты.
Байқау қорытындысы бойынша көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Асқар Тоқмағамбетов ауылының намысын қорғаған Абылайхан Бәйділдаев бірінші орынды қанжығасына байлады. Асқар ақын ауылының намысын қорғаған 21 жастағы Абылайхан Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің «Ән салу» мамандығын бітіріп шыққан. Бүгінде ол ауылдық мәдениет үйінде мәдени ұйымдастырушы болып жұмыс жасайды. Байқауда өзінің ерекшелігімен көзге түсіп, «Жігіт сұлтаны» атанған ол алғашқы кезеңде өз-өзін бейнекөрініс арқылы таныстырса, келесі кезеңде «Как молоды мы были» әнін шырқап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған. Соңғы кезеңде 24 келілік гір тасын көтеріп, өзінің мықтылығын дәлелдей түскен.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың бәрі өнерлі, бәрі де мықты. Қазылар алқасы әділ төрелігін берді. Байқауға дайындалу мен үшін аса қиындық туғызбады десем болады, – дейді жеңімпаз атанған А.Бәйділдаев.
Айта кетейік, байқау қорытындысына сәйкес ІІ орынды ақжармалық Бақдәулет Махамбетәлиев иеленсе, ІІІ орынды Н.Ілиясов ауылынан келген Нұрхан Нұрылдаев пен тереңөзектік Ербол Сағынбайұлы өзара бөлісті. Байқауға қатысқан барлық талапкерге арнайы «Алғыс хат» пен бағалы сыйлық табысталды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ