Бес қызы – бес жұлдызы
Шакизада әке мен Шырынкүл апа – өнегелі отбасының тірегі. Саналы ғұмырларын адал еңбек пен балаларына арнап келе жатқан жандар бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Зейнет демалысына шықса да, жасарымды жасадым деп қол қусырып отыру табиғатына жат жандар бүгінде кәсіптен қол үзбей, ризық-несібесін көріп келеді.
Шакизада Мұсағұлов 1957 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Жастық жалынға толы жігіттік шағы Сыр топырағында өткен азамат жастайынан еңбекке жақын болған. «Шакизада қай істі болмасын бастаса соңына жеткізбей қоймайды» дейді замандастары. Ауданға еңбегі сіңген азамат ең алғаш жобалық сметалық құжаттама жасайтын мекеме жұмысын жандандырып, «Проект Дизайн Құрылыс» ЖШС-нің аудандық филиалының директоры болып күні бүгінге дейін қызметін жалғастырып келеді. Қазірде аудан орталығына көрік беріп тұрған зәулім ғимараттардың көбінің сызбасында Шакизада ағаның айқын қолтаңбасы бар.
Ал үйдің отанасы Шырынкүл Байкенжеева бүгінде асқаралы алпыс екі жаста. Қызылорда қаласында дүние есігін ашқан ол тағдырдың жазуымен Тереңөзек кентіне қоныс аударған. Ауданда ұзақ жыл аяжан болып қызмет еткен абзал жан бүгінде зейнет демалысында.
1985 жылы шаңырақ құрып, отау тіккен жандардың бір шаңырақ астында тату-тәтті тіршілік етіп келе жатқандарына биыл отыз жеті жыл толып отыр. Алла жазса, үш жылдан соң лағыл тойға куә болатын жандар өнегелі, көпке үлгі отбасы. Бес қызды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде қыздарын қанаттандырып, құтты орнына қондырған жандар бақытты ата мен әже. Бес қыздан туған 14 немересі мереке күндері шаңыраққа жиналып, нағашы атасы мен әжесін қуанышқа бөлейді.
– «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше» деген осы екен. Шуылдап келіп, ата-әже деп мойнымызға асылғанда, жүрегің еріксіз елжірейді. Осылардың қызығын көрсек, адамның арманы таусылған ба, шөбере, шөпшек сүйсек дейміз, – дейді Шырынкүл ана.
Асыл дініміз отбасындағы қыз баланың орнын ерекшелейді. Қыз баланы тәрбиелеп, өсіріп, оқытып, құтты орнына қондырған жандарға, тіпті, тозақ отынан сақтау, қыздарының себеп болуымен жәннатқа кіру уәде етілген. Бұл туралы арнайы хадистерді де жиі естиміз. Соның бірі Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» деген.
Ата-ананың берген тәлімі мен тәрбиесін өмірлік өнеге еткен бес қыз бүгінде өз алдына бір-бір ошақтың иесі. Қыздардың бәрі жоғары білімді. Бұл да болса ата-ананың берген түзу тәрбиесі мен «біреудің ала жібін аттама» деген өмірлік өсиетінен. Үйдің үлкені Шара – математика пәнінің мұғалімі. Гүлнұр – философия ғылымдарының докторы, облыстық көлемдегі түрлі марапаттарға ие болып жүрген ол білім-ғылым саласында еңбек сіңіріп келеді. Ал Айзат облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің бас инспекторы болса, Жанар – Алматы қаласында балалар ауруханасының дәрігері. Үйдің кенжесі Аружан аудан орталығындағы №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасында әдіскер болып қызмет етеді.
– Ата-анамыз бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ешкімнен кем қылмай өсірді. Кішкентай кезімізден әкем «Не жағдай болса да, бізге келіп айтыңдар. Аналарың екеуміз әркез сендерді қолдаймыз» деп айтып отыратын. Қай-қайссымыз болсақ та еркін, еркелеп өстік. Одан кейін ата-анамыз бізді үлкен өмірге қанаттандырды. Әкеміз бен анамыздың берген түзу тәрбиесі қай кезде де жерге қаратқан емес, – дейді үйдің үлкені Шара өз пікірін білдіріп.
Ал Аружан әкесінің еңбекқор жан екенін айтып:
– Әкем қысы-жазы таңертеңгілік суық суға шомылады. Бұл үрдіс отыз жылдан бері жалғасып келеді. Шынықсаң, шымыр боларсың деуші еді. Расында да, әкем өмірінде дәрі-дәрмек қабылдап көрген жан емес. Аллаға шүкір, ақ адал қызмет қылып, жұмысын жалғастыруда. Одан бөлек жаз бойы бау-бақша егіп, күзде мол өнімге кенеледі. Анамыз әкеміздің күйін бағып, жағдайын жасап отырған жан. Ата-анамызға ұзақ ғұмыр тілейміз, – дейді.
Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Бұны дұрыс сараптаған халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бір-ақ түйеді. Жанұя – адам өміріндегі мейірім мен адалдықты, тектілік пен тіршілікті үйренетін киелі мекені. Иә, өмірге әкеліп, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парызы мен міндеті өлшеусіз. Ал бала – шаңырақтың шаттығы. «Бауырды ешкім тауып бере алмайды» деп даналықпен айтқан қазақ үшін қаны бір туған бауырдың орны тіптен ерекше. Осы ретте 15 мамыр – Отбасы күні мерекесі қарсаңында татулығы мен тірлігі жарасқан, бес қызы бес жұлдызға айналған Шакизадаевтар отбасы туралы қалам тербеп, көпке үлгі етуді жөн көрдік. Ендеше Отанымыз берік, отауымыз кең, отбасымыз аман болсын деп түйіндейміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ