Кітап оқып жеңімпаз болды
Аудан әкімінің қолдауымен өткізіліп жатқан «Кітап оқы да, тұлға бол» кітап оқушылар сайысының алғашқы кезеңі Қалжан ахун ауылында да өз мәресіне жетті.
№126 орта мектептің оқушылары кітап десе ішкен асын жерге қоятын талапты балалар екен. Қатысушылардың ерекше ықыласы мен «сен тұр, мен атайын» деген жастық жалындары бізді шын қуантты. Көп уақытын әлеуметтік желіде өткізіп, ұялы телефонға жиі телміретін жасөспірімдерді шексіз қазына кітап оқуға баулыған іс шара жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды.
Жобаға қатысушыларға қойылған талап ортақ болды. Яғни оқушылар «Жабайы алма» мен «Ұшқан ұяны» оқып, түсініп, ішкі сезімдерін эссе қылып қағаз бетіне түсірді. Сонымен қоса қазылар алқасының тарапынан қойылған сұрақтарға ұтымды әрі мүдірмей жауап беру жағы да ескерілді.
Сайыс болған соң жүйріктен жүйрік озары хақ. Нәтижесінде бағы мен бабы қатар жанған оқушылар марапатқа, жүлдеге ие болды. Екі ай бойғы еңбектің нәтижесінде «Жабайы алма» повесі бойынша 6 сынып оқушысы Думан Әнеш бас жүлдені жеңіп алды. 5 сынып оқушысы Аяна Базарбай І орынды иеленсе, ІІ орын 6 сынып оқушысы Бағжан Шаймұратқызына бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды 7 сынып оқушысы Сәбинұр Бақытбекқызы еншіледі.
Ал «Ұшқан ұя» повесін оқу бойынша бас жүлдені Асылжан Қоныс иеленсе, І орынды Нұршат Кенжебекова, ІІ орынды Біржан Сейтасанов жеңіп алды. Және ІІІ орынға Шәкәрім Камалиев тұрақтады.
Қалжан ахун ауылы округінің әкімі Ғалымжан Әкбаров, мектеп директоры Мұрат Төлегенұлы қадірлі қонақтарға алғыстарын білдіріп, жас жеткіншектерді кітаппен достасуға, кітап оқуға шақырды. Айта кетейік, игілікті іс-шараға «Нұрбек» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев демеушілік жасап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар ұсынды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ