Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабалар рухына құран бағыштады

Бабалар рухына құран бағыштады

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Қайырбек Асанов Жеңіс күні мерекесіне орай туған жері – Тереңөзекке арнайы ат басын бұрып, өмірден өткен ата-бабаларының рухына Құран бағыштады. Аудандық мешіттің асханасында ұйымдас­тырылған Құдайы-асқа ау­данның бас имамы А.Асқарұлы бастаған мешіт жамағаты, аудан ар­дагерлері қатысты.

Құдайы-аста қоғам қайраткері Алмагүл Божанова, ақын Қати­ра Жәленова сөз сөйлеп, Жеңісті жа­қын­датуға және тылдағы тау­қымет­ті азайтуға үлес қосқан азаматтар туралы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар ардагер Қаһарман Өмірзақов пен Зияш Үсенова бабалар рухына Құран бағыштаудың игі іс екенін айтты. Өз кезегінде еңбек ардагері Тыныштық Байбосынова Асановтар әулетінің ауданға белгілі отбасы еке­нін атап өтті.

Туған жерге перзенттік ақ пе­йілімен келген Қ.Асанов жерлес­те­рін Жеңіс мерекесімен құттықтады. Ақын Тереңөзектің құмы мен тасынан, жыңғылы мен шеңгелінен, суы­нан қымбат нәрсе жоқ екенін айтып, лебізімен бөлісті.

– Бірнеше жыл бұрын аудан ар­дагерлерінің ақ батасын алып, бабалар рухына Құран бағыштаған едік. Қазір елімізге белгілі ақын келіндеріңіз Күләштің денсаулығына орай Жамбыл облысында тұрып жатырмыз. Қасиетті Тереңөзек жүрсем – тілегімде, жатсам – жүре­гімде. Ауданның әр жетістігіне қуанып отырамын. Жақында маған «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағын берді. Бұл менің ата-анамның, ұстаздарымның, ағаларымның еңбегінің, тәр­бие­­сінің жемісі. Мен әркез Сырдария ауданында туғанымды мақтанышпен айтып жүремін. Қай та­рапта, қай талапта жүрсем де Тереңөзектің пер­зенті екенімді мақтан тұтамын, – деді Қайырбек Асанов.

Тағылымы мол жиында ауданның бас имамы А.Асқарұлы имандылық туралы уағыз-насихат айтып, ақын Қ.Асановқа қасиетті Құран кітабын сыйлады. Құдайы-астың соңында ардагерлер бата беріп, бабалар рухына Құран бағышталды.





А.СЕЙІЛОВ
12 мамыр 2022 ж. 318 0