Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірегей жоба

Бірегей жоба

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі бірегей жобалардың бірі осылай аталады. Бұл жоба 2016 жылдан қолға алынған. Ондағы мақсат – жергілікті ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, өлке тұлғаларын дәріптеу.

Бес жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба бойынша ең алғаш болып ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтың өмір жолы мен туындылары дәріптелген. Жыл бойына қырғи тілді ақынның артында қалған мол мұралары өскелең ұрпаққа насихатталып, түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілген. Ал одан кейінгі жыл белгілі қаламгер, балалар жазушысы Танаш Дәуренбековке арналса, 2018 жылы қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаған халық ақыны Қуаныш Баймағамбетовтың ғұмырдариясы мен қайталанбас туындылары дәріптеліпті.
... Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді,
Неге маған жырламасқа
Сырда туған елімді..., – деп туған жерді жырға қосқан ақын, драматург, халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың өнегелі өмірін жас ұрпаққа таныстыру, шығармаларына шолу жасау «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында 2019 жылы жүзеге асырылған.

Өткен жылы жоба бойынша ұлағатты ұстаз, жергілікті ақын Сейтмұрат Ембергеновтың шығармашылығы насихатталған. Жыл ағымында «Халқының ұлылығын жырлаған ақын», «Көркем сөзден ой құраған ақын», «Киелі Сыр мекенім – сені жырлап өтемін», «Сырда туған сырбаз ақын», «Ұрпақтарға ұлағатты өсиет қалдырған», тағы басқа тақырыптарда кітап көрмелері ұйымдастырылса, карантиндік талаптарға сәйкес «Өткені болашаққа жалғасқан ақын», «Тау бұлағындай таза жыр», «Әр шумағым жыр боп аққан тағдырым» және тағы да басқа тақырыптық жыр сағаттары, портреттік кеш, поэзиялық марафон, әдеби жыр кештері өткізілген. Бұл шараларға ақынның ұрпақтары да қатысып отырған.

–  2020 жылы аудандық кітапхана ұжымы «Өлке болып оқимыз» жобасымен асқар тау әкеміздің өмірі мен өлеңдерін, артында қалған мол мұраларын насихаттауға арнаған екен. Жыл бойына өткізген іс-шараларының біріне мені арнайы шақырды. «Даналық дәстүрді жалғастырған ақын» тақырыбындағы әдеби кеште Хайролла Әбенұлы әкемізбен бірге өткен еңбек жолдарын, ағаш ою, сурет салу өнері мен ұйымдастырушылық қабілетін, байсалды мінезін айтып, еске алды. Өзім де естеліктермен бөлістім. Іс-шарада әкемнің өлеңдерін мектеп окушылары жатқа айтты. Серік Байдаулетов ағамыз әкемнің өлеңдеріне жазылған әндерді гитарамен орындады. Жақсы кеш болды. Сондай-ақ кітапханада әкемізге арналып арнайы бұрыш жасалған екен. Осындай тағылымды іс-шараларды өткізген кітапхана ұжымына ризашылығымды білдіремін, – дейді Алтынай Сейтмұратқызы.
Қажет пе кішісің бе, ірісің бе,
Жақсының қалт жібермей бір ісін де,
Өлгенін, жерлегенін күтіп жүрмей,
Талантты қадірлейік тірісінде, – деп Қадыр ақын атқандай, жергілікті дарын иелерін тірісінде қадірлеу қажет-ақ. Осыны мақсат тұтқан аудандық кітапхана ұжымы биылғы жылы жоба аясында ауданның бас ақыны, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповтың өмірі мен шығармашылығына ден қойған. Биыл 85 жасқа толған ақынның қатысуымен жақында «Сырды жырлаған ақын аға» атты кездесу кеші ұйымдастырылған. «Тереңөзек – таланттардың өлкесі» деп жырлаған ақынмен кездесу кешінде шығармашылығы дәріптеліп, руханиятқа қосқан елеулі үлесі айтылды. Бұл жоба аясындағы алғашқы іс-шара. Жыл соңына дейін ақын ағаның қатысуымен көптеген мәдени іс-шаралар өткізілмек.

– «Өлке болып оқимыз» жобасы өңірде біздің ауданда ғана жүзеге асырылып келеді. Мұнда біз жергілікті ақын-жазушылардың өнегелі өмірі мен таңғажайып шығармаларын жыл бойына дәріптейміз. Биыл аталған жобаның жүзеге асып келе жатқанына алтыншы жыл. Осы арқылы өскелең ұрпақ жергілікті дарын иелерін танып, олардың шығармаларымен сусындайды. Сондықтан кітапхана ұжымы үшін бұл жобаның маңызы ерекше, – дейді кітапханашы Раушан Құлмаханова.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 

13 ақпан 2021 ж. 740 0