Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадір түні – мың айдан да қайырлы

Қадір түні – мың айдан да қайырлы

Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла Тағалаға мақ­тау, адамзаттың асылы Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарымызға сала­уат болсын!

Ислам дінінде ең қасиетті жыл бар. Ол – Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген жыл. Қасиетті ай бар. Ол – Рамазан айы. Қасиетті күн бар. Ол – жұма күні, Арафа күні және тағы да басқа қасиетті күндер. Қасиетті сағат (уақыт) бар. Ол – дұға қабыл болатын сәт. Қасиетті түн бар. Ол – Қадір түні. Мың айдан да қайырлы бұл түннің ерекшеліктері де жетіп артылады.

Алла Тағала Қадір түнін басқа түндермен салыстырғанда ерекшелеп, оның дә­режесін көтерген. Бұл түнде Жаратушы Иенің пенделеріне берер сыйы да мол. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлес­тіреді. Сол себепті мұсылман қауымы Қадір түнін тағатсыздана күтіп, оны құр жі­беріп алмауға әрі бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Мұсылмандардың Қадір түнін тағатсыздана күтуінің тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Себебі Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл түн туралы былай дейді:

«Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады».

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): Пайғамбарымыз (оған Алланың игі­лігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құл­шылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі»деген риуаят бар.

Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Әнас бин Маликтен (Алла оған разы болсын): «Рамазан айы кіргенде Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады» деген риуаят бар. Демек, бұл түн мың айдан артық. Сондықтан Қадір түні Алланың жақсылығынан құр қалмауға тырысу керек.

Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінде келеді. Айша (Алла оған разы болсын) анамыз Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер» деген хадисін жеткізген.

Сондай-ақ Ибн Аббастан (р.а.): Пай­ғамбарымыз (оған Ал­ланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қадір түнін Рама­занның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түн­дерден іздеңдер» деген риуаят бар. Ғалымдардың айтуынша, жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болмақ. Яғни ол 20-сынан 21-іне, 22-сінен 23-іне, 24-інен 25-іне, 26-сынан 27-сіне, 28-інен 29-ына қараған түннің бірінде келмек. Яғни Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ күндерді назарда ұстаған жөн. Ал мұндай күндердің саны – бесеу. Сондықтан мұсылман қауымы көп жағдайда осы түн­ді күте­ді, іштей Қадір түні екенін сезінеді. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде Қадір түні Рамазанның 27-cі немесе 29-ы екенін айтқан. Соған орай биыл­ғы Қадір түні 27 сәуірден 28 сәуірге қара­ған түні болып бекітілді.

Қадір түні – оның нақты қай түні екені белгісіз бо­луымен де қадірлі. Қадір түнінің бар екендігі хақ. Бірақ ол Рамазанның соңғы тақ түндерінің бі­ріне жасырылды. Осыған қатысты Ғұбада ибн Са­мит: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнін хабарлауға шықты. Осы кезде екі мұсылман кісі жанжалдасып қалды. Сон­да ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Негізінде, сендерге Қадір түнін айтқалы шығып едім, пәленше мен пәленше жанжалдасып (тұрғанын көріп), (ол) есімнен көтеріліп кетті (оны ұмытып қалдым). Бәлкім, бұл сендерге қайырлы болар, (енді Қадір түнін) жетісінде, тоғызында немесе бесінде (Рамазанның соңғы ондығының жетінші, тоғызыншы және бесінші түн­дерінде) іздеңдер» деді».

Хадистегі «қайырлы болар» деген сөз туралы Ибн Кәсир: «Егер адамдар Қа­дір түнін білсе, тек сол күні ғана құл­шылық етуге күш-жігер салар еді. Ол түнді білмеудің себебінен құл­шы­лық­тар көбірек орындалуда» деген екен.

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де Рамазанның соңғы он күндігінде ерекше ынтамен құлшылықты күшейтетін болған. Бұл туралы `Айша анамыз­дың «Рамазанның соңғы он күн­дері келгенде, Алланың Елшісі (оған Алланың игі­лігі мен сәлемі болсын) түндерін намазбен өткі­зетін, отбасы мүшелерін де оятатын және құлшы­лық­тарында ерекше ынта таны­татын» деп айтқан. Жалпы адам бала­сы осы ең соңғы түндерде ерекше құл­шылық істеуге тырысу керек.

Қадір түнінің белгілері қандай?

Иә, Алла Тағала дәл нақты қай күні болатынын жа­сырып қойған Қадір түнінің өзіндік белгілері бар. Бірінші белгісі – ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қы­зыл болып шығады» деген. Екінші белгісі – сол түнді құлшы­лықпен өткізген адамның жүрегінде ты­ныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі періштелер жерге түсу арқылы пен­делерге мейірбандықты әкелген еді. Убада ибн Са­миттен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сә­лемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы: «Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді» деп сипаттағаны риуаят етілген.

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмен­дегіше атқаруды үндейді:
Бірініші, бұл түнде Алланың риза­шылығы үшін ғи­бадат жа­сап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арт­тыруы­мыз керек.

Екінші, Құран Кәрім оқылып, тыңда­лып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрім­ге сүйіспеншілік пен байла­ныстар орна­тылуы тиіс.

Үшінші, Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сә­лемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуі­нен үміттеніп, оның үмбетінен болғанымызды сана­лы түр­де сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.

Төртінші, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнде­лікті күйбең тіршілік барысында жүрек­ке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кө­мес­кіліктен арылуға тиістіміз.

Бесінші, Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат бе­ретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адам­дармен дос­тық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен бір­тұ­тастықты арттыруға мән беруі тиіс.

Алтыншы, Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәп­сісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайыр­лы істерді жасауға құмбыл болуы шарт.


Жетінші, Алланы зікір етіп, тефек­кур (терең жақ­сы ой­лану) етіп, Алланы еске алғаннан жүрек ты­ныш­талады. Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сыр­ларын нәзік тефек­кур (жақсы терең ойланып) етіп, има­ны­мызды күшейтуіміз қажет.


Сегізінші, жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені дұға адамды Ұлы Жара­тушыға жақындататын дәне­кер десек болады. Пайғамбарымыз (Алла­ның игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: «Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйе­сің, мені кешіре гөр».


Тоғызыншы, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүрек­тің қақ төрінен орын алары сөзсіз.


Оныншы, Бұл Қадір түнінің құрме­тіне Раббы­мыздан бү­кіл исі бүтін мұсылмандардың күнәларының кешірі­луін тілеуі­міз керек. Қадір түнінің жақсы­лыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ис­лам әлемінің біртұтастығын және күллі адам­затты апаттардан сақта деп тілеуі­міз шарт.

Мың айдан да қайырлы Қадір түнін­де тілеген тілектеріміз бен құлшылық­тарымызды Алла Тағала қабыл еткей!




Асхат АСҚАРОВ,
аудандық мешіттің
бас имамы


26 сәуір 2022 ж. 461 0