Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадір түні – мың айдан да қайырлы

Қадір түні – мың айдан да қайырлы

Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла Тағалаға мақтау, адамзаттың асылы Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарымызға салауат болсын!
Ислам дінінде ең қасиетті жыл бар. Ол – Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген жыл. Қасиетті ай бар. Ол – Рамазан айы. Қасиетті күн бар. Ол – жұма күні, Арафа күні және тағы да басқа қасиетті күндер. Қасиетті сағат (уақыт) бар. Ол – дұға қабыл болатын сәт. Қасиетті түн бар. Ол – Қадір түні. Мың айдан да қайырлы бұл түннің ерекшеліктері де жетіп артылады.
Алла Тағала Қадір түнін басқа түндермен салыстырғанда ерекшелеп, оның дәрежесін көтерген. Бұл түнде Жаратушы Иенің пен­делеріне берер сыйы да мол. Раббымыз пенде­сіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті, мұсылман қауымы Қадір түнін тағатсыздана күтіп, оны құр жіберіп алмауға әрі бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Мұсылмандардың Қадір түнін тағатсыздана күтуінің тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Себебі, Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл түн туралы былай дейді:
«Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсір­дік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады»
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): Пай­ғам­барымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», –деген риуаят бар.
Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алла­ның игілігі мен сәлемі болсын): Әнас бин Ма­ликтен (Алла оған разы болсын): «Рамазан айы кіргенде Алла елшісі (Алланың игілі­гі мен сәлемі болсын): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады», – деген риуаят бар. Демек, бұл түн мың айдан артық. Сондай-ақ, Қадір түні Алланың жақсылығынан құр қалмауға тырысу керек.
Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнді­гінде келеді. «Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер» , – деген хадис жеткізген.
Сондай-ақ, Ибн Аббастан (р.а.): Пайғам­барымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер», – деген риуаят бар. Ғалымдардың айтуынша, жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болмақ. Яғни, ол 20-сынан 21-іне, 22-сінен 23-іне, 24-інен 25-іне, 26-сынан 27-сіне, 28-інен 29-ына қараған түннің бірінде келмек. Яғни, Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ күндерді назарда ұстаған жөн. Ал мұндай күндердің саны – бесеу.
Сондықтан, мұсылман қауымы көп жағдайда осы түнді күтеді, іштей Қадір түні екенін сезінеді. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде Қадір түні Рамазанның 27-cі немесе 29-ы екенін айтқан.
Қадір түні ‒ оның нақты қай түні екені белгісіз болуымен де қадірлі. Қадір түнінің бар екендігі хақ. Бірақ ол Рамазанның соңғы тақ түндерінің біріне жасырылды. Осыған қатысты Ғұбада ибн Самит: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнін хабарлауға шықты. Осы кезде екі мұсылман кісі жанжалдасып қалды. Сонда ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Негізінде, сендерге Қадір түнін айтқалы шығып едім, пәленше мен пәленше жанжалдасып (тұрғанын көріп), (ол) есімнен көтеріліп кетті (оны ұмытып қалдым). Бәлкім, бұл сендерге қайырлы болар, (енді Қадір түнін) жетісінде, тоғызында немесе бесінде (Рамазанның соңғы ондығының жетінші, тоғызыншы және бесінші түндерінде) іздеңдер»,—деді».
Хадистегі «қайырлы болар» деген сөз туралы Ибн Кәсир: «Егер адамдар Қадір түнін білсе, тек сол күні ғана құлшылық етуге күш-жігер салар еді. Ол түнді білмеудің себебінен құлшылықтар көбірек орындалуда», ‒ деген екен.
Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де Рамазанның соңғы он күндігінде ерекше ынтамен құлшылықты күшей­тетін болған. Бұл туралы `Айша анамыздың «Рамазанның соңғы он күндері келгенде, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түндерін намазбен өткізетін, отбасы мүшелерін де оятатын және құлшылықтарында ерекше ынта танытатын», ‒ деп айтқан. Жалпы адам баласы осы ең соңғы түндерде ерекше құлшылық істеуге тырысу керек.

Қадір түнінің белгілері қандай?
Иә, Алла Тағала дәл нақты қай күні болатынын жасырып қойған Қадір түнінің өзін­дік белгілері бар. Бірінші белгісі – ауа райы­ның бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. Екінші белгісі – сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Убада ибн Самиттен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы: «Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді», - деп сипаттағаны риуаят етілген.

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?
Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмендегіше атқаруды үндейді:
Бірінішіден, бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.
Екіншіден, Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспен­шілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.
Үшіншіден, Пайғамбарымыз (Алланың игілі­гі мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
Төртіншіден, уағыз-насихат тыңдап, сұхбат­тар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуға тиістіміз.
Бесіншіден, Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
Алтыншыдан, Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуы шарт.
Жетіншіден, Алланы зікір етіп, тефеккур (терең жақсы ойлану) етіп, Алланы еске алған­нан жүрек тынышталады. Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын нәзік тефеккур (жақсы терең ойланып) етіп, иманымызды күшейтуіміз қажет.
Сегізіншіден, жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жаратушыға жақындататын дәнекер десек болады. Пайғам­барымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: «Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр».
Тоғызыншыдан, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай бол­ған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғы­ласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.
Оныншыдан, Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемі­нің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.
Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тіле­ген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей!

Асхат АСҚАРОВ,
аудандық «Мұсылмандар»
мешітінің бас имамы
28 мамыр 2019 ж. 1 825 0