Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Иесіз жүрген иттерден қауіп көп

Иесіз жүрген иттерден қауіп көп

«Ит екенсің». Өкпе-ренішпен астасып жатқан бұл ауыр сөзді қазақ ашынғанда айтқан. Себебі халқымызда «Ит иттігін жасайды» деген тәм­сіл бар. Ал адам мен иттің айырмашылығы не­де деп ойлайсыз? Әрине санада ғой. Өкінішке қа­рай, қазір қоғамда саналы адамдар азайған се­кілді. Оның дәлелін иесіз жүрген иттердің кө­бей­генінен-ақ аңғаруға болады.
Егер адамдар саналы болса, яғни әр ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамға тигізер оң немесе теріс әсерін бағамдай білсе, қоғамдық қа­рым-қатынаста ешқандай мәселе туындамас еді. Алайда кейде қызығу­шылықпен, кейде мән бермеушілікпен кейбір іс-әрекетіміз үлкен дау тудырып жатады. Мысалы, ит асырау мәдениетін алайықшы. Біз итті асырап, күтіп-бағуға қаншалықты мән беріп жүрміз? Бұл мәселе өзгенің өмірінің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін сезініп көрдік пе?
Жақында осы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевпен сөйлесудің сәті түсті. Әкім орынбасары тұрғындар итті асырай алмаса, асырамай-ақ қойғаны дұрыс деген мағынада пікір білдірді. Сондай-ақ қараусыз жүрген ит тістеп алып, ауруға шалдыққан азаматтардың өміріндегі келеңсіз әрі күрделі сәттер туралы бірқатар мысал айтты. Пікірлесу барысында Димаш Серікбайұлы осы жердің жер­гілікті азаматы ретінде итін иесіз жібере салатын тұрғындарға ой салу мақсатында жергілікті газетке мақала жазуымды ұсынған еді. Көктем айларында иесіз жүрген иттердің көбейетінін өзім де сырттай байқап жүрген едім. Әкім орынбасарының ұсынысы сол ойыма тұздық болып, қолыма қалам алдым.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда аудан орталығындағы қай көшені алып қарасақ та иесіз жүрген иттерді кездестіруге болады. Кенттің не­гізгі көшелерінде де иесіз иттер толып жүргенін жасыра алмаймыз. Ал олардың иелері кім? Иелері – осы жердің жергілікті азаматтары. Сол жергілікті азаматтар иесіз жүрген иттерінің осы жерде тұратын жер­гілікті жердің тұрғындарына қауіп төндіретінін ойлап көрді ме екен? Әй, қайдам, олар ойланса иттерін байлап ұстар еді-ау... Осы орайда данышпан Абайдың «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген астарлы сөзі ойға оралады. Асқар Сүлейменовше айтсақ, «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді». Абай ақын «балтырымды қанатты» деп ауыс­­палы мағынада айтып тұр. Балтыр деген адамның жанды жері, ақын кейде кейбір адамдардың іс-әрекеті жанды жеріне жара салады деп үлкен ой тастап тұр. Соны ұғарлық сана, жүзеге асырарлық жүрек болса, қанекей...
Ойды ой қозғайды ғой. Бірер апта бұрын үйленгендеріне бірнеше жыл болған жас отбасы мұң шақты. Отағасының айтуынша, көршісінің иті жұмыстан қайтып келе жатқан келіншегінің үстіне атылып, қауып ала жаздапты. Өкініштісі сол, жас келін сол күні-ақ түсік тастап, бүтін бір отбасының үш қыздан кейін ұлды боламыз деген үкілі үміті ерте үзіліпті. Не айтып жұбатарымды білмедім. Жанарын жас шайған ананың жылағанын көрсеңіз, сай-сүйегіңіз сырқырайды. Өте қиын жағдай. Осыдан кейін «Ит иттігін істейді» деген сөз өтірік деп айтып көріңіз.
Жас отбасының қайғысын естіген сәтте ойыма анамның айтқан ес­телігі оралды. ...1982 жылдың көктем айы екен. Анам декреттік де­малысқа шығып, босанарына бірер ай қалғанда аудандық емханаға дә­рі­герлік тексеріске барады. Ол кезде көлік аз шығар. Үйге жаяу қайтып келе жатқан анамды жолай иесіз жүрген үлкен ит қауып ала жаздайды. Зәресі ұшқан адам не істемейді. Анам үлкен тастың арасына тығылып, кептетіліп қалады. Бұл оқиғаның соңы баланың өлі туылуы­­мен аяқталады. Дәрігерлер қатты қорыққаннан іштегі баланың жүрегі тоқтап қалған деп қорытынды шығарыпты. Сонда деймін-ау, сол иттің иесі үлкен итін байлап қойса, қараусыз жібермесе, қазір ата-анамның сол перзенті қырықта қамал алған азамат болар ма еді. Ата-анам бұл оқиға туралы айта қалса, сол иттің иесіне деген өкпе-ренішіміз арта түседі. Өкінгенмен өткенді кері шегере алмаймыз. Бірақ Жаратқан Алла есебінен жаңылмайды. Бірер жыл бұрын сол отбасының он бірінші сынып бітіргелі жүрген перзентін ит талап тастады. Әлгі отбасының қайғысын естіген сәтте ойыма тағы да анамның айтқан естелігі оралды...
Иесіз иттен жәбір көрген аудан тұрғындары аз емес. Былтыр ре­дакцияға көпбалалы ана келіп, бізге мұңын шаққан еді. Айтуынша, кенже қызының үстіне көршісінің бос жүрген қабаған иті секіріпті. Абырой болғанда тістемеген. Бірақ жүрегі шайлығып қалған жасөспірім әлі күнге түнемелік шошып оянады екен.
– Ол күнді есіме алғым келмейді. Қызым сабақтан үйге еңіреп жылап келді. Шошып кеттік. Иесіз ит талады ма, әлде біреу бірдеңе жасап қойды ма деп есіміз сан-саққа кетті. Мұздай су беріп, ұшықтап, жұ­баттық. Әбден қорқып қалған қызымның денсаулығы сол күннен бе­рі дұрыс емес. Сәл нәрседен қорқады, шошынады, – деген еді өкпелі кейіп­пен көпбалалы ана.
Отбасы мүшелері аталған мәселемен иесіз жүрген итті ату бойынша аудандық ветеринария бөліміне хабарласыпты. Бөлім мамандары аудандық полиция бөліміне арыз түсіру қажеттігі жөнінде кеңес бе­ріпті. Ал «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген даналыққа сүйенетін көпбалалы ана көршісінің үстінен шағым түсірмейтінін айтып, мәселені ушық­тырмай қоя салыпты. Бұл да өмірден алынған мысал.
Біз кейде өзіміздің іс-әрекетімізге мән бермей, өзгені сынап жатамыз. Мысалы, қоқысты көшеге өзіміз тастаймыз да «әкімдік жинамайды» деп өкпелейміз. Кейбір жастар ішімдік ішіп, темекі шегеді де «қазір жастар арасында ауру-сырқау көбейіп кетті» деп саясат соғып отырады. Сол секілді итімізді байлап ұстауды білмейміз, бірақ «әкімдік неге ауламайды, атып тастамайды» деп тағы өкпелейміз. Меніңше, әр адам әкімдікке ысырып отыра бермей, жеке жауапкершілік танытуы керек. Жоғарыда әкім орынбасары айтқандай, итті асырай алмасақ, асырамай-ақ қойғанымыз дұрыс. Жұрттың өкпе-наласына ұшырап, иесіз итіңіздің кесірінен қарғысын арқалағанша итіңізді байлап қойыңыз, күнделікті қадағалауыңызда ұстаңыз, болмаса өзіңіз-ақ аттырып тастаңыз. Хал­қымыз «Ит иттігін істейді» деп бекер айтпаған... Қалай болғанда да ит адамның жанынан артық емес. Ал қоғам мүшелерінің өмірінің қауіп­сіздігіне бәріміз бірдей жауаптымыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
23 сәуір 2022 ж. 332 0