Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Спорттағы жетістік оңайлықпен келмейді

Спорттағы жетістік оңайлықпен келмейді

Спортпен тұрақты шұғылдану қай жаста болсаңыз да ден­саулықтың мықты болуына ықпал етеді. Кейде көпшілік 40 жасқа дейін ғана спортпен шұғылданып, одан кейін жетістікке жету мүмкін емес деп ойлайды. Десе де спортты жанына серік еткендер одан асса да биіктерді бағындырып жүр. Сондай мықты спортшылардың бірі – Президенттік көпсайыстың бірнеше дүркін чемпионы Мұрат Бөдеев. Біз сырдариялық саңлақ спортшымен сұхбаттасқан едік.
– Мұрат Тұрымұлы, Қалжан ахун ауылындағы №126 мектепте ал­ғаш­қы әскери дайындық пәнінен са­бақ бересіз. Бірақ жұртшылық Сізді тә­жірибелі спортшы ретінде жақсы таниды. Осы тұста, спорт саласындағы алғашқы қадамдарыңыз жөнінде айтып өтсеңіз.
– Өзім бұрынғы «ХХІ партсъезд» кең­ша­рының тумасымын. Осындағы №131 орта мектепте білім алдым. Сол мектеп қабырғасында жүргенде спортқа бейім­делдік. Негізі менің спортпен шұғыл­да­нуыма әкемнің ықпалы зор. Ол кісі еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер болатын. Әкем үйге гір тасын, спорттық құ­ралдар әкеліп, жаттығу жасауға баулыды. Одан бөлек әжем Күнбала қазақтан шыққан Қажымұқандардың ерліктерін әң­гі­мелеп отыратын. Сол кісілерге ұқса­ғымыз келді. Содан 7-сыныптан бас­тап бокс үйірмесіне қатыса бастадым. Бізді боксқа баулыған ұстазымыз Жарбол Зі­кіряев болды. Сол кезде менімен қатар бокс үйірмесіне Арыстан Алмашев, Алмат Жұмабаев, Бақытбек Ерғалиев, Жанболат, Жұмаділдер қатысты. Ауылдағы бокс үйірмесінде осындай мықты былғары қолғап шеберлері шынықты. Біздердің спортта мықты болуымызға Қарағандыдан жоғары оқу орнын бітіріп келген Ақылбек Нұрахатов бапкердің ықпалы көп болды. Ол кісі қандай жаттығу жасау керектігін, қалай шыдамды болу қажеттілігін үйретті. Біздерді жарысқа баптап шығаратын. Мә­се­лен, біздің кезімізде сағаттап жүгіруге ма­шық­танған хоккейшілер болды. Міне сол спортшылардың деңгейіне жетіп, жүгіруден шыңдалуымызға Ақылбек ағайдың әдіс-тәсілдері көп көмегін тигізді. Осылайша, спорт­­тағы алғашқы қадамдарымыз бас­та­лып, аудандық жарыстарға қатысып жүр­дік.
– Көпшілігі мектеп жасында спорт­тық үйірмелерге қатысып, кейіннен оны жалғастырмай, тастап кетеді. Сіз­­де де солай болды ма?
– Жоқ, спорттық жолға түскеннен ке­йін оны әрі қарай жалғастырдым. 1987-1991 жылдары Қарағандыдағы педа­гоги­ка­лық институтта «Дене шынық­ты­ру» фа­культетінде жоғары білім алдым. Ол ке­зеңде Қараған­дыда бокс спорты Қы­зыл­ордаға қарағанда әлдеқайда дамыған. Ол жақтан КСРО чемпионы Серік Нұрқазов, әлем чемпионы Игорь Ружников, кәсіпқой боксшы Бақытжан Аманбаевтар шыққан. Кіл мықты былғары қолғап шеберлері шық­қан жерде жүріп, бапкерлерден тәлім алдық. Мен ауылдан барғанмын. Ал ме­німен қатарлар – ол кезде спорт шебер­лігіне үміткерлер. Содан-ақ Орталық Қа­зақстандағы бокстың деңгейін аңғара беруге болады. Оқу орнында оқып жүріп, облыстың атынан Жезқазған, Петропавл қалаларындағы жарыстарға қатысып, же­ңім­паз, жүлдегер атандым. Қарағанды об­лы­сында Ғалым Жарылқаповтың тур­ни­­ріне қатысып, жүлделі ІІ орынды ие­лендім. Орталық Қазақстандағы шар­шы алаңдағы қарсыластарым әлем кубогінің иегері А.Топаев, Қазақстан чемпионы А.Ибрагимов, Орта Азия чемпионы С.Мұ­сатаевтар болды. Оларға қарсы тұрудың өзі ауылдан барған біз үшін жетістік болды. Десе де Қарағандыда жарыстарға қатыса жүріп, спорт шеберіне үміткер атандым.
– Шаршы алаңда шыныққаннан кейін шәкірт тәрбиелеу ісіне қай уа­қыт­тан бастап кірістіңіз?
– Мен Қарағандыда оқып жүргенде отбасым Қалжан ахун ауылына көшіп барған. Содан жоғары білім алып келген соң сол ауылдағы №126 мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі ретінде сабақ бере бастадым. Алты жыл дене шынықтыру пәнінен сабақ берсем, кейіннен алғашқы әскери дайындық пәнінен бала оқытып келемін. Жалпы ұстаз ретінде бүгінгі күнге дейін 31 жылдық еңбек өтілім бар. Осы уақыт ішінде бокс пен футболдан шәкірт тәрбиелеп ке­лемін. Алғашқы уақытта шәкірттерімнің ара­сынан Дархан Тұрғанов бокстан облыс чемпионы болды. Ақылбек Әбдібахитов облыстан ІІ орын, Ерлан Әбілдаев облыстан ІІІ орын иеленді. Одан кейін Нұрлыбек Зинабдинов облыс чемпионы атанды. Берік Шілдебаев, Дәурен Әкбаровтар облыстан жүлдегер болды. Қазір олар әр саланың білікті маманы атанған. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін 10 жыл бойына футболдан балаларды дайындадым. Ал өткен жылдан бастап қана бокс­ты қайта қолға алдым. Мектепте 2-сыныпта оқитын оқушыларды шаршы алаңға шығуға тәрбиелеп жатырмын.
– Футболдан балаларды дайында­дым дедіңіз. Одан да нәтиже көрсет­кен шәкірттеріңізді атап өтсеңіз.
– Футболдан 1996 жылғы туылған оқу­шыларды тәрбиелей бастадым. Ауыл балалары арасынан аяқ допқа икемі барлар аудан, облыс біріншіліктеріне қаты­сып, жеңімпаз атанды. Олардың арасы­нан шыққан Айбол Жақаев «Қайсар» сапын­да өнер көрсетті. Мейіржан Меңлі­баев «Байқоңыр» құрамасында ойнады. Диас Темірханов «Қайсардың» дайын­дық тобында ойнап жүрді. Бұлар – респуб­ли­калық чемпионаттарға қатысқан шә­кірт­терім. Ал 1998 жылғы туылған Данияр­ Сейітқазиев, Бекарыс Амангелдиевтер облыс құрамасында доп тепті. Қазір 2008-2009 жылы туылған балалар жарқын же­тістікке жетіп жүр. Жақында футболдан оқушылар лигасы өтті. Аудан біріншілігінде топ жарған жасөспірімдер облыстық лигада жүлделі ІІ орынды иеленді. Футболдан осындай жетістігіміз бар.
– Сізді облыс жұртшылығы Прези­денттік көпсайыстың жеңімпазы ре­тін­де біледі. Осы сайыс бойынша бір ғана емес бірнеше мәрте чемпион атандыңыз. Ең алғаш қай жылы қатыстыңыз?
– Жалпы бұл спорт түрі КСРО-ның ке­зінен бар. Ол кезде «Отан қорғауға да­йын бол» деген атпен өткізілетін. Ондағы мақсат – халықты спортқа баулу арқылы Отан­ды қорғауға дайындау. Ал егемендік алғаннан кейін «Президенттік көпсайыс» болып ауысты. Халықаралық деңгейде «Полеатлон» деген атпен өткізіледі. Бұл – негізінен Олимпиадаға енгізілмей қал­ған спорт түрі. Елімізде Президенттік көп­сайыстың 3 түрі бар. Біріншісі – 4 спорт түрінен ғимарат ішінде, екіншісі – спорттың 5 түрінен жазғы көп­сайыс және үшіншісі – 7 спорт түрінен Прези­деттік тест. Ең алғаш мен 1991 жылы қатыс­тым. Сол кезде облыс чемпионы болдым.
– Спорттың бірнеше түрінен бір мезетте қатысу оңай емес шығар.
– Әрине, Президенттік көпсайыс ерекше дайындықты қажет етеді. Спортпен тұ­рақты шұғылданып, форманы ұстау қажет. Осы жарыстарда жеңіске жетуге бір жағдай себеп болды. Өзің де ауылдың баласысың ғой, жарыс болады десе 1-2 апта қалғанда ғана дайындалып, қатыса салатынбыз. Со­дан бір жолы Жалағашта «Алтын күз» спартакиадасы болды. Оған Аралдан Алтай Нұрмаханов деген жігіт қатысты. Ол спортқа ыждахаттылықпен қарап, үнемі шұғылданады екен. Сөйлескенімізде жыл бойы дайындалып, ізденетінін айтты. Со­ның нәтижесінде облыс чемпионы болып, республикалық жарыстарға қатысып жүрді. Сол жігіт спортқа ден қойып, да­йындықты күшейтуге кеңес берген болатын. Содан күнделікті жаттығуды, жүгіруді үрдіске айналдырдым. Спорттық форманы қалыптастырдым. 2016 жылы Президенттік көпсайыс Петропавл қаласында болды. Республикалық чемпионатқа қаржы бө­лінсе, кез келген жерден команда болып қатыса беруге болады. Сол жылы мен Қарағандыда тұратын інім Марат Бөдеевтің үйіне қонаққа бардым. Барған бетте інім осы Президенттік көпсайысқа ба­руға жолға дайындалып жатыр екен. Сол сәтте маған «Мәке, маған серік бол, чемпионатқа барып келейік» деп, бірге жолға шығып кеттік. Марат чемпионатқа дайындалған. Ал менің дайындығым жоқ. Чемпионатқа 230-дың үстінде спортшылар қатысып, інім ІІ орын алды, ал мен 11 орынға тұрақтадым. Осылайша, қыдырып барып, чемпионатқа қатысып келдім.
– Осыдан кейін Президенттік көп­сайысқа дайындықты үдеттіңіз бе?
– Петропавлдағы жарыстан кейін бір кісі қатысқан 230-дың үстіндегі спортшының 10-ы ғана қазақ екенін көріп «Бұл Қа­зақстан чемпионаты ма, әлде Ресейдің чемпионаты ма? Өз өңірлерімізге барып, осы спорт түрін қолға алып, қазақтартың көптеп қатысуына үлес қосайық» деді. Әлгі кісінің айтқанын құптап, ауданға келіп спорт бөлімінің басшыларына айттым. Олар бізді қолдап, құптай кетті. Бұл, бір жағынан, аудан спортшылары үшін «Алтын күз» спартакиадасына дайындық болды. Сөйтіп, Президенттік көпсайысқа қаржы бөлініп, бірінші барғанда 11-ші орын алсам, келер жолы 9, одан кейін 8, 5-ші орындарға көтерілдім. 2017 жылы облыста «Халық ойындары» өткізіліп, сол жарыста ІІ орын иелендім. Артынша Қа­зақстан біріншілігіне қатысып, одан да ІІ орынды жеңіп алдым. Сол жолы жүгіруде қатты ауыртпалық салып жіберген болуым керек, аяғымның бұлшық еті жыртылып кетті. Осы арада шамалы үзіліс болды. Бұлшық етті қалпына келтіру үшін қажетті дәрі-дәрмек қабылдадым. Аяғым жазылып, қалыпқа келген соң жаттығуды қайта бастадым. Спорттық форманы қа­лыптастырып, сол 2017 жылы Тараз қа­ласында жылдың қорытындысы бойынша Президеттік тестке қатыстым. Осы жарыс­та жүзуден бірінші орын алып, ең алғаш жеңімпаз атандым. Осыдан кейін жеңісті жолым жалғасты. 40-49 жас аралығындағы Президенттік көпсайыста 2018 жылы ІІ орын, 2019 жылы Көкшетаудағы чемпионатта І орын, Ақтаудағы жазғы көпсайыста І орын, 2021 жылы Өскемендегі Қазақстан біріншілігінде І орын, Ақтаудағы жазғы са­йыста І орынды жеңіп алдым және Ал­матыдағы Президенттік тестте абсалют чем­пион атандым.
– Биылғы жыл басы да жеңіспен бас­талғанының куәсі болып отырмыз. Қазақтсан біріншілігінде тағы да чемпион атанып, облыс, аудан ме­рейін үстем еттіңіз. Бұл жолғы чемпио­нат қалай өтті?
– Бұл жолғы Көкшетауда өткен бірін­шілік тартысты болды. Бұған дейін 40-49 жас аралығында қатыссам, осы жарыс­та 50-59 жас аралығындағы 11 спортшымен сайысқа түстім. Алғашқы мылтық ату спорты бойынша 100 ұпайдан 66 ұпай алып, 7-ші орынға тұрақтадым. Ертеңіне 60 метр қашықтыққа жүгіруден бірінші болып келдім. Соның нәтижесімен 3-ші орынға шықтым. Одан кейін жүзуден де бірінші келіп, 2-ші орынға көтерілдім. Келесі күні ұзақ қашықтыққа жүгіру болды. Бұл күні чемпиондыққа 5 спортшы үміткер болды. Ұпай мен коэффицент нәтижесімен бәрінде де чемпион болуға мүмкіндік бар. Жүгіруде павлодарлық Бондарь есімді жігіттің мық­ты екендігін көпшілік ескертті. Ол ұзақ қашықтықта жүгіруде халықаралық дең­гейдегі спорт шебері екен. Сол жігіт маған «Сені 17 секунд ұтсам, бірінші орынды иеленемін» деп сенімді түрде айтты. Мұндай кәнігі спортшыларға әдіс-амал қолданбаса, жеңіп кету өте қиын. Со­ны ескеріп, жан-жақтағы спортшылардан кеңес сұрадым. Олар «Бондарьдің арты­нан 10 метр қалмай жүгіріп отырсаң, мәреге жақындағанда жан-жағына қарай­ды. Өзімен жарысқа түсетін спортшыны көрмесе, қатты күш салмайды. Сөйтіп жеңуге болады» деді. Осыдан бір жыл бұ­рынғы жарыста ол менен 100 метр алға шығып кетіп, мәреге жақындағанда 80 ме­трге дейін ғана арақашықтықты қысқартып едім. Бұл жолы да жарыс оңай соқпасын білдім. Старт берілгеннен кейін екеуміз бір-бірімізбен жарысқа түстік. Содан соң артынан 2 метр қалмай, жүгіріп отырдым. Сөйтіп, артта қалған спортшылардан 2 айналым озып кеттік. Бір уақытта Бондарь жан-жағына қарай бастады. Ме­ні таба алмай келе жатыр. Соңғы айналым қалғанда менен 15 метрге дейін ұзап кетті. Мәреге 50 мертдей қалғанда барып мені көрді. Бондарь 17 секундқа озбасын білді. Сөйтіп мәреге екеуміз де жетіп, мен 3 секундқа ғана кеш келдім. Нәтижесімен Қазақстан чемпионы атандым. Осындай жаста мұндай жеңістер оңайлықпен кел­мейді. Спортпен тұрақты шұғылданып, көп еңбектену қажет. Кейде қанша жерден мықты болғаныңмен әдіс-амалды қолдану керек болады. Соңына дейін күресіп, оған ерік-жігерің де мықты болуы тиіс. Сонда ғана шыққан биігіңнен аласармайсың.
– Қазақстанның бірнеше дүркін чем­пионы атанып үлгірдіңіз. Халық­аралық деңгейге шығуға мүмкіндік болмай жүр ма?
– Мүмкіндік жоқ емес. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Ерташовқа рахмет, әлемдік жарыстарға шығуға қаржы бөлуге қолдау көрсетуде. Бірақ «енді ғана халықаралық жарыстарға барамын» деп тұрғанда небір жағдайлар орын алады. 2020 жылы әлемдегі пандемия жағдайы бойынша жарыс өткізілмей қалды. Ал биыл көршілес мемлекеттегі қақ­тығыс бойынша тағы да бара алмайын деп отырмын. Негізгі жарыс Ресей мен Белорусь мемлекетінде болады. Сондықтан осы спорт түрі бойынша халықаралық жарыстар тоқтап тұр.
– Енді Президенттік көпсайыс бо­йынша шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?
– Қазір ауылда алғашқы әксери дайын­дық пәні бойынша сабақ беріп жүрмін. Оның үстіне бүгінде мектепте бала саны аз. Дегенмен осы спорт түрі бойынша шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап жүрмін. Ау­данда «Алтын күз» спартакидасына қа­­тысу­шыларды дайындауға атсалысып ке­лемін. Солардың арасынан әр спорт түрі бойынша мықтыларын, жүйріктерін сыртынан бақылап, іздеп жүремін. Араларынан шығып жатса, көпсайысқа дайындайтын боламын.
– Сіздің жұбайыңыз да спортшы екенін білеміз. Ол кісі де тартысты до­даларда топ жарып жүргенінен хабардармыз. Ата-анасы спортшы болса, балалары да спортты жанына серік етіп жүрген шығар.
– Әрине, спорттан алыс емес. Жұбайым Гүл­майра Сүлейменмен 1989 жылы «Алтын күз» спартакиадасында танысқанбыз. Ол біз шаңырақ көтерген 1991 жылы спорттың баскетбол, волейбол, үстел теннисінен және Президенттік көпсайыстан да облыс чемпионы болатын. Одан кейінгі уа­қытта қыз бен ұлымыз дүниеге келіп, біршама уақыт спорттан қол үзіп қалды. Ұл-қызымыз есейгеннен кейін мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, бү­гінде шәкірттер тәрбиелейді. Түрлі жарыстарға, спартакиа­даларға қатысып, жүлдегер ата­нып жүр. Қазіргі таңда қызым Жанат тұр­мыста, Нұр-Сұлтан қа­ласында тұрады. Ал ұлым Нұрлыхан «геолог» ма­мандығы бойын­ша жұмыс істейді. Бірақ спортқа жақын, футбол ойнайды. Кіші футболдан жарыс­тарға қатысып жүреді.
– Мұрат аға, маңызды сұхбатыңыз­ға рахмет! Әлемдік деңгейдегі жар­қын жеңістерді тілеймін!

Сұхбаттасқан
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
09 сәуір 2022 ж. 742 0