Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өркені өскен шаңырақ

Өркені өскен шаңырақ

«...Бабаларымыз малының көпті­гі емес, ұрпағының көп­тігімен мақ­та­нып, баланы өмі­рінің жалғасы санаған...»

Абай Құнанбайұлы

Батыр Нағи Ілиясов ауылында аты аймаққа әйгіленген шаруашылық бар. Берекелі ұжым нарық талабына сай тың бастамалармен жұмыс ырғағын еселей түсіп отыр. Еңбеккерлердің ең­бекке деген құлшыныстары басым, соған сай табыстары да қомақты. Ауыл келбеті, ты­ныс-тіршілігі қала тынысынан әсте кем емес. «Ауылын көріп, азаматын таны» демекші, бұл атқа қонған аптал азаматтардың туған жерді түлетуі,текті тұлғалар ата-әкелерінің дәстүрін жалғастыру мақсатындағы оң тірліктері. Әсі­ресе, омыраулы ұрпақтары елдің жарасым­ды, сәулетті болмысының айшықталуы – отба­сын­дағы ұйыған бірлік пен береке арқы­лы орындалатынына көздері жетіп отыр. Оған еңбекті ту еткен бақытты отбасылардың өнегелі ісі дәлел.
Бүгінгі әңгіме өзегі де тәлімді тәрбиесімен ұрпағының бойына ұлылықты ұялатқан Бисембаевтар әулеті жайында ой өрбіту.

Қазақтың «Жаста берген тәрбие, жас шы­бықты игендей» ойлы сөзі өмір тәжіри­бесінен алынғаны айқын. Сонымен қатар «Тәрбие – тал бесіктен» дейтін де данышпан бабамыз. Бұл – жас шыбықтардың бір-бір бәйтерекке айналуы жолындағы отбасы құндылығын айқындап тұр емес пе?!

Аталған шаңырақтың қос бәйтерегі Махамбет Құрақбайұлы мен Жақсыгүл Қалмақанқызы да дүниеге келген ұрпақтарының өсіп-жетілуі, азаматтық дәрежеге көтерілуі жолында өзіндік жауапкершілік үрдісін қалыптастырды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Ата-ана ұясынан ұшар әр баласының қарым-қабілеті, икем-дағдысына қарай ұлттық көзқараспен жол көрсетті. «Барға қанағат, жоққа жүйрік жетпейді» деген ақылдарын айта отырып, кі­сінің ақысын жемеуді, молшылыққа тасымай, жоққа жасымай, барды базар етуге үйретті. Ысырапшылдыққа бармау, ұқыптылыққа, қа­на­ғатшылдыққа баулудың жолы осында. Ұр­пағының бақытты өмір сүруін, өздері ащы дә­мін татқан қиындықтар мен бейнеттерді көр­меуін тіледі.

Иә, әр адамның өмірі – жеке тарих. Бір сәт қос қарияның өмір белестеріне аз-кем шо­лу жасай отырып, ғибратқа толы тұстарын бағамдауды жөн көрдім. Бұл кісілер небір тау­қыметті бастан өткерген. Ашаршылықты, соғысты да, жұтты да, соның бәрінде сабырға келген, шүкірлік еткен жандар. Махамбет аға он екі жасынан бастап еңбек иіріміне араласты. Қабырғасы қатайып, буыны бекіді. Оқуын оқи жүріп, бос уақыттарында егін қору, диірменге есек арбамен астық тасу, егін ору жұмыстарына қолғабыс жасады. Жастығына қарамастан техника тілін де меңгерді. Колхоз ардагері атанды. Омырауына орден таққан қарапайым механизатордың инженер-механик дәрежесіне көтерілуі – адал еңбегінің нәтижесі.

Жақсыгүл ана бала күтімі, үйдің күйбең тірлігімен қатар, ерімен бірге жоқтан бар жа­сап, ағайынның бірлігінің сақталуына ұстаны­мын жасаған, ақ көңіл, бауырмашыл адам болған. Екеуі де атақ үшін еңбек еткен жоқ. Тек еңбектен нағыз адами бақыт, ләззат, рахат тапты.

«Баланы бұзуға, түзетуге себеп болатын шарт – жас күнде көрген өнеге» деп Алаш ар­дақтысы Жүсіпбек Аймауытов тағылымды ой айтқан екен. Бұл отбасында «тәрбиенің бі­регейі – еңбексүйгіштікті бала бойына жас­та­йынан сіңірмесек, келешегінен үміт күту бос әурешілік» деген қағида қалыптасқан. Өз­де­рінен бастап байлық, молшылық жер-ана бо­йында екендігін ұғынған ұрпақтарының бү­гінгі жағымды тірлік­тері тәрбиенің оң қалып­тасуынан көрініс бе­реді.

Отбасы мүшелерінің ерте көктемнен ер­мегі – бау-бақша. Кез келгенінің ауласына бас сұқсаңыз, алуан түсті алқызыл гүлдерді, өні­мі мол жеміс-жидектер мен жайқалып өскен бақша дақылдарын көріп, көзің тояттайды. Дас­тарқан мәзіріне күнделікті қажетті көкөніс дақылдары да, жыл бойы азық болар өнімдер де осы жерден алынады.

Жақсылыққа жаны құмар ата-ана өсер ұр­пағына мәнді тәлім-тәрбиені дарытсам деп биік мақсат қойғанын аңғардық. Баланың бола­шағына жол ашқан, қонымды істер ұзақ сонар ойларды ұрпағы сабақтай түсті.

– Көпті көрген көнекөз қариялардан «Дүние – серуен, адам бір көшкен керуен» дегенді жиі естуші едік. Жас кезімізде үлкендер сөзін терең түсінбеппіз де. Мән-мағынасын, тәңірден бұйыртқан несібесін көрген әке-шешеміз ба­қилық болғаннан кейін ұғындық. Сөйтсек, адам өмірге қонақ екен. Біз ұрпақтары бала жастан ата-ананың қас-қабағына қарап өстік. Арқа сүйедік. Өмірлік үлгі өнегенің мол екенін сол кісілерден таптық деумен келеміз. Көреген тәрбиесі бізге ұшар қанат, шабарға қуат берді. Әсіресе отбасы мүшелері арасындағы ерекше ізгілік, жарасымды сыйластықты әке қаны, ана сүтімен дарыған құнды қасиетке балаймын. Қатарымыздан кем қылмады. Әруағына өз ұясынан ұшқан ұрпақтары әркез сыйынады, бас иеді, – деген үлкен ұлы Тұрмағанбет сөзін әрі жалғай түсті.

– «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген қанатты ұғымға өзіміз ұл-қыз өсіргеннен кейін, олар қанаттанған соң мән бере қарадық емес пе?! Сол өскіндердің қызығы, қуанышын көрген сәттерде бойымызды ерекше ағын керней түсті. Бала – өмір жалғасы. Әрине, өмірдің мәні сол қадірі мол ата-ананың жалғасына берген тағылымында. Жастайымыздан санамызға кісінің ала жібін аттамау, үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік, ар-ұят қағидаттарын сіңіруі болашақ өмірімізге жарқын жолда болды. Адам деген атқа кір келтірмей, ғұмыр кешуіміз, жақсы қырынан көрінуіміз – әке тәрбиесі, ана үлгісінің биік шыңы, – деп сөзін түйіндеді Тұрмағанбет бауырымыз.

Қуанышбек те көргені мол, салиқалы пікі­рі бар азамат. Ұшқан ұясындағы мағыналы мақсаттардың бұл күнде жүзеге асқанына ри­за. Шаңырақтың шат-шадыман шаттыққа толы өмірінен өнеге шертіп әңгімелеуді перзенттік парызы санайды.

– Әке ретінде, ұстаздық саладағы көп жылдық тәжірибемде көңілге түйгенім, отбасы жүрегі мен тірегі саналатын ерлі-зайыпты тату-тәтті, өнегелі болса, тілегі саналатын балалары да бақытты, алымды болары сөзсіз. Ондай өнегесі мол қасиеттер бұл кісілердің бойынан танылғаны қуантады. Рухы биік ата-ананың елге сыйлы, ағайын-туыс, бауырларына жанашыр, кеңпейіл болған асыл тұлғалары үнемі елестейді, жанарымда мәңгілік өшпейтіні рас, – дейді ол.

Бұл жерде ағылшындардың «Алдымен баланы емес, өзіңді тәрбиеле» деген сөзі ғиб­ратталып отыр.

– Анамыз шуағы мол жан болса, әкем тура мінезді, қара қылды қақ жарған шыншыл, өсек аяңға жаны қас кісі болатын. Бала үшін білімнің болашағы зор екендігін ерекше бағалайтын. Ұр­паққа ұлағатты сөз тағылымынан ой тербеген, талғамы жоғары, рухани жан дүниесі де кең еді. Көркем әдеби туындыларды, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын, мерзімді басылымдарды талғап, сұрыптап оқитын. Бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын талапшыл еді. Бізге тапсырма беріп, оның нәтижесін қада­ғалайтын-ды. Бәрін көз қиығымен жүргізіп, дауыс көтергенін, ұрып-соққанын көрген емеспіз. Жұмысқа ерте кетіп, қас қарая келетін кездері көп болатын. Кейде ойынның қызғаны сонша кеш болғанын байқамаймыз. Тапсырманың шала орындалғанын ішіміз сезеді. Алыстан машина дауысы естілген мезетте әжемнің «Әй, балалар, әкелерің келе жатыр жұмыстан» де­ген хабар құлаққа тигенде біріміз отын жару, біріміз су әкелу, біріміз мал жайғауға, үй жинау тірлігіне қызу кірісіп кетуші едік. Әт­тең, әке қабағы қатал болғанымен астарын­да бізге деген қамқорлықтың жатқанын кейін ұғындық. Әр баласын бір-бір төбеге балап, жақсы көрген сәттерінде мейірімін аямай, «Құдайға тәубе» деп шүкіршілікпен еміре­ніп отырушы еді. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілер» деген әке сөзі осы күнге дейін жүрегімізде сақтаулы. Мұның бә­рін­де ата-анамыздың балаға нұрын төккен сү­йіспеншілігі, ақ ниеті екен. Артында іздеуші ұрпақ қалдырған ол кісі­лердің үмітін біз де ақтап келеміз. Қазақ «Орнында бар оңалар» дейді. Әулеттің атадан тараған ұрпақтары 2019 жылы әке-шешенің рухына арнап ас бердік. Әруағына бағыштап Құран оқылды. Осылай жұлдыз тәрізді жар­қырап маңайға сәуле шашып, ғұмыр кешкенге не жетсін! Өмірдің мағынасы да сол емес пе?! – деді Қуанышбек.
Шабыт тізгінін кейде бұра тартпасаң, қы­рандай ұшар биікке қанат сермейтіні рас-ау! Осы сәтте тақырыпқа ұзын-сонар тұздық болар салмақты ойларға еркіндік беріліп, әңгіме өрісі әрі кеңейе түсті.

Ұлықпан хәкім айтқандай, «Ұрпағымен мың жасайтын» халықпыз. Махамбет ағаның Құдай қосқан қосағы Жақсыгүл анадан дүниеге келген бес ер, үш қыз бүгінде өз отбасына ие болып отыр. Олардан өрбіген жиырма бес немере, жиырма үш шөбере бар. Құдайға шүкір, тамыр-таныс, құда-жекжат, алыс-жақын, аға­йын тобымен өрісі кеңейді. Бір қауым елге айналды.

«Өзіңді тану үшін жалғасыңды көрсет» де­мекші, бесігін Қыдыр тербеген Бисембаевтар әулетінің ғибратқа толы өмірінің жалғасы болған азаматтарды көріп сүйсіне қарайсың. Бәрі де өрелі де, өнегелі істерді бетке ұстаған. Ұлдары қайсар, қыздары инабатты, келіндер ибалы.

Тұрмағанбет – отбасының тұңғышы. Өз мамандығымен мал дәрігері, өндіріс бригадирі болып, туған ауылын түлету жолында тер төкті. Еңбекпен ысылған. Көпшілікке өнерімен таныс. Гитара, баян, домбыра аспаптарына қосылып, ән салады. Ауылдағы өнерлі жастардың басын қосып, вокалды-аспапты ансамбль құрғанда осы Тұрмағанбет. Еркін күрес, гір көтеруден талай мәрте топ жарып, аудан, облыста жеңіс тұғырына көтерілген жігерлі азамат. Бұл күнде зейнеткер жұбайы Баян екеуі немерелер қуа­нышына бөленіп отыр.

Ал Бақытжан – қасиетті қарашаңырақтың иесі, әке жолын жалғастырушы ұл. Техниканың қас шебері. Қара темірдің тілін бала жас­тан терең меңгергені сонша кез келген түрін жөндей алады. Жеке кәсіпкер ретінде адал­дығымен ел алғысына бөленіп келеді. Отанасы Гүлбарам болса шаруашылықта маман.
Елжанды азамат Қуанышбек – Отандағы үшінші ұл. Мектеп директоры, ауыл әкімі, ауданда бөлім басшысы қызметтерінде болды. Қай салада болмасын білімді, сауатты, саяси тұрғыда шыңдалған қызметкер екендігін та­ныта білген тұлға. Ауылдың өркендеуіне үлес қосатын, әлеуметтік мәселелерге пікір біл­діретін азамат. Зайыбы Гүлшат – жоғары санатты орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Бақытгүл – есепшіліктен зейнеткерлікке шықты. Ұл-қызының қуанышына кенелген, немере сүйген әже. Марат болса экспедитор, Алтынкүл – балабақшада шаруашылық меңгерушісі. Кенже ұл – Асқар табыстың тай­қазанын тасытқан, еңбегі елеулі майталман ме­ханизатор. Қыздың кенжесі Индира есепші болып қызмет атқаруда.

«Өнер қонған, құт береке дарыған киелі шаңырақ». Бұл – халық бағасы. Әрине, ауыз­ға ілінген әулеттің үлгі аларлық, өнегелі өзін­дік жақсы дәстүрлері бар. Той-мерекелер, туған күн қуанышын, наурыз, Құрбан айт мере­ке­лерін ерекше сипатта атап өту үрдісі қалып­тасқан. Наурыз көже, шелпек жасап, ата-баба дәстүрін жалғастыра алатыны, олар­дың жүрегінде ұлттық сезім мен сананың қалып­тасуы қуантады. Бір жағынан, үлкен-кішісінің түгел бас қосуынан бір-біріне жарасымды сый­ластығы, ыстық құрметі мен бауырларына демеу болғанының өнегесін көруге болады.

Балалары мен немерелерде «Білімді мың­ды жығады» деген ата аманатын орындауд­ы парыз санаған. Осы мақсатқа ден қойған ұрпақтарының білім биігіне қол созуы қуантады. Өнерден кенде емес. Ән айтады, спортқа жақын. Техникаға әуес. Музыкалық аспаптарда ойнайды. Өлең жазатын талапкерлер де бар орталарында. Бәрінің арнаулы музыкалық білімдері жоқ, тек табиғат берген қабілет пен ізденістің жемісі. Өнерімен көпке танылғандары көпшілік құрметіне ие, әркез мәртебесі биіктей түскені айқын байқалады.

Отбасы ісі – әркімнің жеке шаруасы, бірақ ол түптеп келгенде, қоғамның тыныштығы, мемлекеттің беріктігінің ұйытқысы. Біз бүгін жапырағы жайқалған жарасымды отбасының үрдісін өзге отбасыларға, әсіресе жастар бойы­­на сіңуі үшін өнеге болсын деген мақсатпен баяндадық. «Үйдің берекесі қабырғасының қиюы­мен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді» деген ұла­ғатты сөз біз үлгі етіп отырған осындай жан­дарға арналып айтылса керек.

Нағыман ӘЙТЕНОВ,
ардагер-ұстаз,
Қазақстан Журналситер
Одағының мүшесі
05 сәуір 2022 ж. 498 0