Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Темекіні қалай тастауға болады?

Темекіні қалай тастауға болады?


Нұрбек ҚАЙЫРМҰХАММЕД
Темекінің сансыз зиянын білетін ақыл-ойы дұрыс адамның бірінші істейтін ісі – темекіні тастау үшін жол іздеу. Темекіні біржолата тастап кету адамның ерік-күшіне, сабыр-төзіміне, табандылығына тығыз байланысты. Өзіне-өзі бекем бола білетін, нәпсісіне билік жүргізе алатын адамдарға темекіні тастап кету қиын емес. Темекіні тастағысы келетін адам мына қағиданы есінде ұстауы тиіс: «Ең мықты адам – өзгені емес, өзін-өзі басқара алатын адам». Жалпы, темекіні бірден тастап кету – қайратты адамдарға тән қасиет.
Мамандар темекіні тастағысы келген адамның оны бірден тастап кетуі дұрыс болатынын алға тартады. Өйткені, қандағы никотин деңгейі соңғы темекіден кейін 30 минуттың ішінде ыдырап, тән қажетті дозасын қайтадан талап ете бастайды. Сол кезде темекі тартпай шыдау қажет. Шылымқор өзін-өзі осылай тежеп ұстаса, 3-4 күннің ішінде улы түтінге құштарлығы бәсеңдейді, тіпті басылады.
Дәрігер-мамандар шылымқорлықтан сауықтыру үшін темекі шегетін адамға оның мінез-құлқын негізге ала отырып, сауықтыру шарасын жүзеге асырады. Мәселен, жүйкесі жұқалар, ерік-жігері мықтылар, жігерсіздер, түтін құмарлар үшін сауықтыру тәсілдері де әрқилы болып келеді.
1. Жүйкесі жұқа адамдар үшін сауықтыру шараларының құрамына көңіл-күйді тыныштандыратын дәрі-дәрмектер кіреді. Оларға арақ-шарап ішуге тыйым салынады.
2. Ерік-жігері мықтыларға «Енді қайтып темекі тартпаймын», – деп, шешім қабылдату арқылы темекіден бас тартқызатын сауықтыру шарасы қолданылады. Мұндай жандарға дәрігердің, әйелінің, ата-анасының айтқан ақылымен, өтінішімен емес, өз ықтиярымен темекіден бас тартуына мүмкіндік тудыру қажет.
3. Жігерсіз адамдар өз еркімен темекіні қоя алмайтындықтан мұндай жандарға психотерапиялық, психологиялық тұрғыда 1-2 жыл сауықтыру шараларын қолдану қажет. Оларға гипноз қолданып, ем жасауға да болады. Дәрігер-мамандар шылымқорларды төмендегі сауықтыру тәсілдерімен темекіден бас тартқызуға болатынын алға тартады:
а) Іс-әрекеттің нәтижелі болатынына жан-жақты сендіре отырып, емдік тәсілдер қолдану;
ә) Ине салу, нүктелі (сылап-сипау), электрлі акупунктура тәрізді рефлекстік терапия тәсілдеріне жүгіну;
б) Никотинді ауыстыратын, әйтпесе темекі тастаудың ауыртпалығын жеңілдететін дәрі-дәрмекті пайдалану.
 
Темекі тастаудың тәсілдері
Темекіні ермек етер – Түбіне өзі жетер.
Өзіне-өзі шарт қою арқылы
Темекіні біржолата қойғысы келетін адамдар өздеріне мынандай шарттар қою арқылы да шылымды тастай алады.
1. Жұмыс уақытында, көшеде темекі тартпаймын;
2. Ұйықтар алдында қолыма темекі ұстамаймын;
3. Түн ортасында тұрып темекі тартпаймын;
4. Таңертең ашқарынға шылым шекпеймін;
5. Автокөлік жүргізіп келе жатқанда темекі тартпаймын.
Темекіні біртіндеп тастау
Кейбіреулер темекіні бірте-бірте қойғанды қалайды. Ол үшін мамандар мынандай ақыл- кеңес ұсынады:
1. Темекінің маркасын ауыстырып, иісі мен дәмі жеңіл түріне көшу қажет.
2. Бір тал темекіні қайшымен қырқып, үштен бір бөлігін ғана тартыңыз.
3. Ауырған кезде адам ағзасы темекіні іздемейтіндіктен, мұндай жағдайда мүлдем темекі тартпауға тырысыңыз.
4. Рамазан айында ораза ұстап, күндіз темекі шекпеуге дағдылана отырып, Рамазан біткенге дейін темекіден толықтай бас тартуға болады.
5. Темекіні қойып жүргеніңізде, оны іздей бастасаңыз, ауызыңызға кәмпит немесе құрт сияқты тәтті, ащыларды салып, соны ермек етіңіз.
6. Темекіні тастаған соң, денсаулығыңызды арнайы күтімге алыңыз: жеміс-жидектер мен көкөністері мол тамақты дұрыс пайдаланыңыз, дене еңбегімен көбірек айналысыңыз.
7. Темекіні тастаған алғашқы мезгілде темекі тартпайтын дос-жаранмен көбірек араласуға, темекі тартатын таныстарыңыздан бойыңызды аулақ ұстауға тырысыңыз.
Темекіні тастаған адамның артықшылығы
Темекіні тартпайтын адамның темекі тартатын адамнан мынандай бес артықшылығы бар:
1. Темекі тартпау – салауатты өмір салтының нышаны. Сіздің ағзаңыздың түрлі сырқаттардан қорғану қасиеті күшті.
2. Темекіге кететін қаржы үнемделеді. Ол басқа пайдалы мақсатқа жұмсалады.
3. Темекі тартпайтын адам қоршаған ортасын, айналасын ластап уламайды.
4. Темекі тартпайтын адам қашанда әдемі, мәдениетті көрінеді. Денедегі темекінің сасық иісінен арылады.
 
Темекіні тастағаннан кейін
• 20 минуттан соң жүрек соғысы реттеледі, дене температурасы темекі тартпайтындармен теңеседі.
• 8 сағаттан соң қандағы оттегінің 95 пайызы тазарады.
• 24 сағаттан соң жүрек талмасының қауіпі азаяды, сау адамның жағдайына жақындайды.
• 2 күннен кейін дәм мен иіс сезу қалыпты жағдайға көшеді.
• 3 күннен кейін тыныс алу жақсарады.
• 3 айдан соң өкпе 30 пайызға артық (жақсы) жұмыс істейді.
• 1 жылдан соң жүрек ауруының қаупі 50 пайызға азаяды.
• 10 жылдан соң өкпе рагіне шалдығу қаупі темекі тартпаған адамдікімен теңеседі.
• 15 жылдан соң жүрек пен қан қысымы темекі тартпаған адамның қан қысымы секілді қалыпты жағдайға түседі.
06 желтоқсан 2017 ж. 2 334 1

Гость JeaOrer от 17 ақпан 2019 23:15
isotretinoin cheap internet with free shipping over night Precio De La Propecia Cialis Donde Comprar viagra Keflex Conjunctivitis