Қызылордада адасып кеткен үш адамды үш ауыл болып іздеген
Сарбұлақ ауылының тұрғыны Серік Жүсіптің айтуынша, 17 қараша күні Тасарық елді мекенінде өткізілген байқауға барған ауылдағы клубтың екі қызметкері мен қатысушы өнерпаз, кішкентай қыз бала қайтар жолда ауа райының бұзылуына байланысты бағытынан адасқан.
«Көлікте үшеу, біреуі – менің әйелім. Тасарыққа барарда төте жолмен барған, кешке қайтарда сол жолмен жүреміз деп басқа бағытқа түсіп кеткен. Үш күн әуре-сарсаңға түстік. Оларды бүкіл ел болып іздедік. Сол кезде Лақалы, Тасарық ауылдарының халқы, біздің ауыл тұрғындары, Қазалы аудандық ішкі істер, төтенше жағдайлар бөлім мамандары жанашырлық көрсетіп, іздеуге көмектесті. Оларға алғысым шексіз», – дейді Серік Жүсіп.Сөйтсе, адасып кеткен үшеу Сарбұлақ ауылынан 90 шақырым ұзап кетіпті. Қарақалпақстан шекарасына жақындаған екен. Дос деген бұлақтың қасына келгенде олар адасқанын түсінген. Жанармайы таусылған көлігін тастап, кері қарай жиырма шақырым жаяу жүрген.
«Төтенше жағдайлар бөліміне үш адамның жоғалып кеткені жөнінде хабар жетті. Бізден екі қызметкер, екі техника және жергілікті атқарушы органнан бес-алты адам, төрт техника іздеу жұмыстарына жұмылдырылды. Нәтижесінде, 19 қараша күні табылды. Үш адам да аман», – деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің маманы Еркін Жәкей.«Көліктің ізіне қарап, бағытын таптық қой. Бірақ жаяу қайда бет алғанын білмес едік, егер әйелімнің биік өкшелі аяқ киімі болмаса. Соның ізі ғана бар екен. Осылай үшінші күн дегенде таптық. Қарындары ашқан. Үшеуі бір алманы бөліп жеген. Құдай сақтады», – дейді Серік.
Ибраш ӘЛИ