Жаңа қазақстан құруға бетбұрыс
Аудандық орталық кітапханада «Жолдаудың жарқын жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кітапханашы Раушан Құлмаханова ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басым бағыттарға тоқталды.
Мемлекет басшысының төртінші Жолдауының мән-мағынасы ерекше болды. Мазмұны мен ауқымы жағынан кең, арқалайтын жүгі де ауыр құжат арқылы биік мақсаттар қойылды. Бүгінде Жаңа Қазақстанды құруға бет алған мемлекет Тәуелсіздік жылдары көптеген табысқа жетті. Дегенмен ел бірлігі бекем болмаса осынау жылдарға дейінгі атқарылған қыруар жетістіктен айырылып қалуымыз мүмкін. Жыл басында ел-жұрт үлкен қатермен бетпе-бет келді. Бұрын-соңды болмаған қауіпке бас тіккен халқымыз бейбіт өмір мен тыныштықтың, тұрақтылық пен татулықтың қадірін білді. Мемлекетке ылаң әкелгісі келгендердің жолы кесіліп, лаңкестердің арам пиғылы орындалмады. Сондықтан Президент қаңтардағы дүрбелеңге егжей-тегжейлі тоқталып, ендігі кезде Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі 10 басымдықты алға тартты.
Президенттің өкілеттілігінен бастап, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту секілді басымдықтардың міндет-мақсатын айқындады.
Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау мен насихаттау барысында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиал төрағасы Ш.Нұрсейітов, еңбек ардагері, кітапхананың тұрақты оқырманы М.Елеусінов, «Amanat» партиясының аудандық филиалдың өкілі Б.Ахметов өз пікірін білдірді.
– Ел мүддесі қашанда биік. Мұны Президент тағы бір мәрте дәлелдеді. Ғұламалардың сөзін арқау еткен Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құрудың жолын атады. Ескінің ізімен емес, жаңаша көзқараспен, дамыған елдің болашағы үшін жастар алға басу керек. Президенттің жанына топтасып, қолдау білдіру – азаматтығымыздың белгісі. Жастар нық сеніммен Жаңа Қазақстанды құруға атсалысса, елдің бірлігі мен тұтастығы мызғымайды, – деді еңбек ардагері М.Елеусінов.
Жолдаудағы жақсы жаңалықтарға елең етпеген жан қалмағаны рас. Бұл жайына халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиал төрағасы Ш.Нұрсейітов тоқталды.
– Республика көлемінде жаңадан құрылатын облыс орталығы мен оның атаулары шұғыл қабылданған шешім емес. Жаңа бастаманы қолдаған ел-жұрттың қуанышында шек болмады. Сонымен қатар алдағы уақытта атауларға байланысты кезек күттірмейтін мәселелер де оң шешімін табатын болады. Ал өзім БАҚ саласының ардагері болғандықтан, құжаттың жетінші басымдығына үлкен мән бердім. Әрине журналистердің мәртебесі туралы дер кезінде айтылуы, жаңа Заңның қабылданатыны – баспасөз саласында болатын оң өзгерістердің бастамасы. Қоғамның мәселесін көтеретін журналистерді заң аясында қорғау да қалыс қалмауы тиіс, – деді ардагер-журналист Ш.Нұрсейітов.
Жолдаудың ерекшеліктеріне талдау жасап, бүгінде жаңарған Қазақстанды құруға атсалысу – жастардың қолында екенін «Amanat» партиясының аудандық филиалдың өкілі Б.Ахметов айтты.
Жолдауда айтылған әрбір бастаманы жарқын болашаққа бағыттауға, оны іске асыруға барша қазақстандық белсенді түрде атсалысуы қажет.
Бибісара ЖАНӘЛІ