Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарқын бастамаларға жол ашқан Жолдау

Жарқын бастамаларға жол ашқан Жолдау

Ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады.

Ел-жұрт асыға күткен маңызды құжат шын мәнінде мазмұны жағынан ерекше болды. Жаңа Қазақстанды құруға кіріскен мемлекетіміздің алдында тұрған мақсат-мүдделері ашық айтылды.

Қазір күллі қазақстандықтарды елде қаңтар айында орын алған жағдай мазалатады. Бұл жайына ел Президенті егжей-тегжей тоқталды. Халықтың бірлігі мен тұтастығын сақтау үшін көптеген жұмыс атқарылғанын айтты. Мемлекетке бүлік әкелгісі келгендердің мақсаты орындалмай олардың жолы кесілгені, бүгінде лаңкестер жауапқа тартылып, тиісті тергеу жүріп жатқанын баяндады. Ендігі кезекте мұндай келеңсіз жағдайдың орын алмауы үшін бір кісідей жұмылуға шақырды.

Қай кезде де ел мүддесін биік қоятын Мемлекет басшысы халықтың қолдауының арқасында Жаңа Қазақстанды бірге құратынымызды айтты. Президент: "Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен халқымның болашағы қалай болатыны толғандырады" деді.

Жаңа Жолдауда Президент стратегиялық мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін бірнеше бастаманы ұсынды. Бастаманың негізі – билік, сайлау және партия жүйесі, құқық қорғау, Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін нығайту, азық-түлік қауіпсіздігі т.б. болды. Әсіресе, тұрақсыз халықаралық жағдайдың азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкелуі халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етуде.

Жолдауда ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмысын жетілдіру үшін Үкімет пен әкімдіктерге бірқатар тапсырма жүктеді. Қазіргі кезде аграрлық саладағы жанар-жағар майдың бағасынан бастап, тұқым, тыңайтқыш, мал азығы т.б. қорын жасақтау, мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керектігі шын мәнінде шаруалар үшін маңызды.

Қарапайым халықтан бастап, бизнес өкілдерінің нақты сұранысына сай тиісті шешімдердің қабылдануына үш күн, қажет болса бір тәулік берілетіні көңілімізді қуантты. Сондықтан баршамыз болып ел Президентінің бастамаларын бір ауыздан қолдап, Жаңа Қазақстанды құруға атсалысайық!

Мәдина ОМАРОВА,
жеке кәсіпкер
17 наурыз 2022 ж. 200 0