Қоғам дертімен күрес тоқтамау керек
Аудандық орталық кітапханада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы аясында «Дамудың даңғыл жолындағы Қазақстан» атты тақырыптық кеш өтті. Кешті кітапхана қызметкерлері ұйымдастырды. Игі шараға «Nur Otan» партиясы аудандық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ш.Нұрсейітов, ардагер-ұстаз М.Елеусінов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Е.Әбілдаев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ә.Шөжиев және Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығының маман қызметкері Д.Алашбаева қатысып, Жолдауда айтылған негізгі 5 бағыт бойынша ой өрбітіп, билік пен халықтың байланысына жаңа леп әкелген басты құжат жайлы пікір білдірді.
Шараны қорытындылаған кітапханашы С.Сейтен Мемлекет басшысының мәдениет қызметкерлеріне назар аударып, руханият дүниесін ерекше қолдауы, өздеріне артылған үлкен жауапкершілік деп түсінетінін айтып, дана Абайдың отыз бірінші қара сөзін жатқа оқыды.
«ТТ» ақпарат