Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тереңөзектің төл перзенті

Тереңөзектің төл перзенті

Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің негізін қалаған Жиентай Байкенұлы Есеновтің 90 жылдығына орай толғаныс

Газеттің қарбалас жұмыстарынан сағат тілі 14.00-ге таяған уақытта түскі асқа шыққаным сол еді, ұялы телефонымның қоңырауы шыр етті. Хабарласып жатқан облыстық мәслихат депутаты, «Сырдария ау­данының Құрметті азаматы» Расул Есенов ағамыз екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін «Қазалы ауданына бірге барып қайтсақ» деген ұсыныс айтып, аталған аудандағы аграрлы-техникалық колледж­дің негізін қалаған, біздің Тереңөзек ауданының тумасы Жиентай Бай­кенұлы Есеновтің 90 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар жос­­па­рымен бөлісті. Мен келісімімді беріп, сенбі-жексенбі күнімізді жол­сапарға арнадық.

Сапардың алғашқы күні

Қазыналы Қазалыға сапарымызда бізге серік болған зейнет демалысындағы полиция пол­ков­нигі Ерлан Сағидуллаұлы жолай Қазалы ауданы­­ның тарихы мен қалыптасу кезеңдері жөнінде әңгіме өрбітті. Ерекеңнің еңбек жолы өзге өңір­лер мен аудандарда өткенімен ол – біз бағыт ал­ған ауданның төл перзенті. Ата-бабасының ата­қонысы болған, өзі туып өскен киелі мекен­нің өткені мен бүгіні туралы тереңнен сыр шерткен азамат әсіресе Жалаңтөс баһадүр мен Жан­қожа батырдың ерлік пен елдік істерге толы тарихи оқиғаларын жақсы біледі екен. Әсерлі әңгі­мелер мен тарихи-танымдық сұхбатқа толы сапарымыздың мазмұнды өрбігенінен бірнеше жүз шақырымды әп-сәтте артқа тастап, Әйтеке би кентіне түс ауа табан тіредік. Бізді Есеновтер әулетінің баскөтерері Серікбол Жиентайұлы күтіп алып, қарашаңыраққа ертіп апарды. Мұнда әрісі Елорда мен Алматыдан, берісі Қарағанды, Шымкент қалаларынан келген әулеттен өрбіген ұрпақтары мен құда-жекжаттары жиналған екен. Үлкен ас тартылып, бата берілгеннен кейін Жиентай Байкенұлының рухына арналып оқыл­ған Құран-хатымды қорытындылаған жер­­гі­лікті имам әруақтар рухына дұға етті. Қара­­ша­ңырақтың иесі Серікбол ағаның айтуынша, осы күні аудандық турнир мәресіне жетіп, біз барардың алдында ғана жеңімпаздар марапат­талған екен. Осы ретте турнир туралы Серікбол ағадан турнирді ұйымдастырушылар туралы сұ­рап білдік.
– «Өлі риза болмай, тірі байымайды» – дейді. Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!

– Әумин. Иә, біз әкеміздің 90 жылдығы­на орай еске алу іс-шарасын өткізуді жоспар­ла­­ғанбыз, менің ұжымым «Есенов Жиентай Байкенұлы – 90 жаста» атты іс-шара жасап он­күндік өткізуде. Іс-шара жоспарына сәйкес, Қа­за­лы аудандық спорт бөлімі мен Қазалы аг­рарлы-техникалық колледжінің ұйымдас­тыруымен аудан колледждері мен мектептері ара­сында волейболдан турнир ұйымдастырдық. Әкеміз Қаза­лы аграрлы-техникалық колледжі­нің негі­зін қалаушылардың бірі болғандықтан турнир колледж базасында өтті.
– Турнирге қанша команда қатысты?
– Турнир аудандық деңгейде өтті. Турнирге №17, 70, 92, 190 орта мектеп, №249 мектеп-лицей және Қазалы аграрлы-техникалық кол­леджінің командалары қатысты. Тартысты өт­­кен спорт бәсекесінде 70-ке жуық спортшы бақ­ сынады.
– Турнирдің ұйымдастырылуына кімдер қол­­дау көрсетті?
– Ең алдымен, Арман Мұсаев басқаратын Қа­залы аграрлы-техникалық колледжінің ұжы­мы­на шынайы алғысымды айтқым келеді. Колледж ұжымы біздің бастамамызға жан-жақты әрі тұрақты түрде қолдау көрсетті. Турнирдің сәтті, ойдағыдай өтуіне колледж қызметкерлері белсене атсалысты. Ал жеңімпаздарға сый-сыя­патты әулет болып көтердік.

– Оң болсын! Енді Жиентай Байкенұлының еңбек еткен жылдары, өмірдегі өнеге етерлік ізгі істері туралы айта өтсеңіз?
– Әкеміз Жиентай 1932 жылдың тумасы. Ата­мыздың есімі – Байкен, ал әжеміз Палау деген кісі болған. Әкеміз отбасындағы 5 ұл, 2 қыздың үлкені болғандықтан әрі балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен тыл­­да еңбек етіп, ата-анасына, бауырларына көп жәрдемдескен. Өмір ол кісіні ерте есейткен. 1950 жылы Тереңөзектегі бұрынғы Калинин атындағы мектепті бітіріп, Ресей жеріндегі Маг­нитогорск қаласында әскери борышын өте­ген. Кейін Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1954 жылы ақпан айында КПСС Орталық Комитетінің Ақпан Пленумында еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру туралы Қаулысы қабылданған. Осыған байланысты қазақ даласынан 25 млн га жер игеріліп, мыңдаған совхоздар ашылуы керек еді. Осы совхоздарға мыңдаған маман ме­ха­­­ни­заторлар мен басқа да мамандарға қа­жеттілік туды. Сондықтан да Қазақстанның жер-жерлерінде ауыл шаруашылығы маманда­рын дайындайтын кіші оқу-орындары – ауыл­ шаруашылық училищелері ашыла бастады. Сондай училищелердің бірі – №34 Қазалы қала­сындағы ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі (УМСХ №34) 1954 жылы сәуір айында ашылған. Училищеге патша өкіметі кезінде салынған, кезінде жетім балалар үйі, кейін ат­ты әскер полкі орналасқан үлкен ғимарат пай­далануға берілген. Училищеге облыстан директор болып тәжірибелі ауыл шаруашылығы саласының маманы Қалдыбай Маханов, директордың орынбасарлығына Та­набай Есмағамбетов, аға шебер Жақып Әб­ді­халықов және оқытушылар Жиентай Есенов, Николай Артемович Подольских жіберілген. Сөйтіп, әкем 1954 жылдан бастап Қазалы ауыл шаруашылығын механизацияландыру учили­ще­сінде еңбек жолын бастаған.
– Сонда Жиентай Байкенұлы Тереңөзектен Қазалыға осы кезде қоныс аударған ба?
– Иә, әкеміз сол 1954 жылдан бастап Қа­залыға келіп, осында еңбек еткен. Училищеде арнайы пән оқытушысы, директордың саяси, оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары, өндірістік оқу шебері қызметтерін атқарды. Украина, Молдавия, Беларусь елдеріне іс-са­пармен барып, білім алатын жастарды жинап, олардың Қазалыға келіп оқу оқуына мұрындық болған. Сөйтіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, олардың өмірден өз орнын табуына жол ашқан.

– Бірге еңбек еткен әріптестері мен шәкірт­тері жөнінде де айтып өтсеңіз?

– Қазалы аргарлы-техникалық колледжінде мұражай бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ашылған мұражай туралы колледждің бұрынғы директоры, «ҚР Білім беру ісінің құр­метті қызметкері» Темірбек Исмайлов жақсы мақала жазды. Сол мұражайда «Колледждің не­гізін қалаушылар» деген бөлім бар. Бұл бөлімде Қалдыбай Маханов, Танабай Есмағамбетов, Жақып Әбдіхалықов, Жиентай Есенов, Николай Артемович Подольскихтардың суреті ілініп, қысқаша өмірбаяндары жазылған. Ал «Колледж түлектері» деген бөлімде біздің әкелерімізден білім алып, кейін «Социалистік Еңбек Ері» атанған Әбуша Дінісламов, Кәрібоз Әлимаев бас­таған түлектердің суреті мен өмірбаяны баяндалады. Колледждің «Социалистік Еңбек Ері», «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атанған шәкірттері көп. Ертең олардың ізбасарлары әзір­леген танымдық кештің өздеріңіз куәсі боласыздар...

Бұл біздің Серікбол аға мен турнирді ұйым­дастырушылармен өрбіген сұхбатымыз еді. Бұл уақытта сағат тілі де 22.00-ге таяп қалған-тұғын. Осылайша Қазалыға сапарымыздың ал­ғашқы күнінде-ақ Есеновтер әулетінің көпке үлгі етерлік іс-шаралар өткізіп, тәрбиелік мәні зор жақсы басқосу ұйымдастырып жатқанын аң­ғардық. Сөйтіп, түннің жарымында Серікбол ағаның жары, үлкен әулеттің өнегелі келіні Ба­ғым апайдың қою шәйін ішіп, арқа-жарқа кез­десулерге куә болып, түнгі ұйқыға қонақ бер­дік...

Сапардың екінші күні

Екінші күнгі сапарымыз ерте басталды. Біз таңғы сағат 08.30-да Серікбол ағаның қара­шаңырағынан Жиентай аға мен өмірлік жары Зұлхия апа жерленген қорымға бет алдық. Алты көлікке мінген әулет үлкендері мен ағайын-туыспен бірге марқұмдардың рухына Құран ба­ғыштап, дұға тіледік. Мұнан соң Қазалы аг­рарлы-техникалық колледжіне табан тіреп, колледждің негізін қалаушылардың бірі, білім беру саласының көрнекті қайраткері Жиентай Байкенұлының 90 жылдығына арналған та­ғылымдық кештің құрметті қонағы болдық. Бізді колледждің педагогикалық ұжымы мен колледж ардагерлері қарсы алып, директордың оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары Шарбану Баекеева колледж мұражайында колледж тарихымен таныстырды.

Ал үлкен залда ұйымдастырылған тағы­лым­­ды іс-шара «Студенттік Парламент» ұйы­­мының белсенді мүшелерінің Жиентай Бай­кен­ұлының өміржолына арналған сах­налық театр­ландырылған қойылымымен басталды. Мұнан соң кеш қонақтары мен қатысушылар тұлға рухына құрмет мақсатында 1 минуттық үнсіздік жариялап, еске алды. Колледж бас­шысының іссапарда болуына байланыс­ты тағылымды іс-шараны директордың оқу істері жөніндегі орынбасары Шарбану Толыбайқызы ашып, кеш қонақтары мен колледж ардагер­леріне Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің негізін қалаушылардың бірі – Есенов Жиентай Байкенұлының 90 жылдығына арналған онкүндіктің аясында өткізіліп жатқан іс-ша­ралар барысы жайында ақпарат берді.

– Халқымызда «Тарихты тұлғалар жасайды» деген даналық сөз бар. Бүгін біз тарихи тұлға Жиентай Байкенұлының 90 жылдығы аясында өткізілген онкүндіктің қорытынды іс-шарасына жиналып отырмыз. Біздің колледжіміздің тарихы туралы айтсақ, міндетті түрде Жиентай Есеновтің есімі аталады. Өйткені, білім са­ласының көрнекті қайраткері – оқу ордасының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз еңбек сі­ңірген тұлға. Қиын кезеңдерде директордың сая­­си, оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары, өндірістік оқу шебері қызметтерін абыроймен атқарды. Ал Украина, Молдавия, Беларусь елдеріне іссапармен барып, білімге құштар жастарды жинап, олардың Қазалыға ке­ліп оқу оқуына мұрындық болғаны Жиентай Байкенұлының ағартушылық қарым-қабілеті жо­ғары болғанын аңғартады. Сондықтан біз кол­леджімізден түлеп ұшқан, қазір жемісті ең­бек етіп, өмірден өз орнын тапқан барлық түлегімізді осы оқу ордасының негізін қалаушылардың бірі Жиентай ағаның шәкірттері деп санаймыз. Осы орайда педаго­гикалық ұжым атынан ардақты тұлғаның ұрпақ­тарына алғыс айтамын. Онкүндік барысында біз еңбегімен елге танылған азаматтың ұлағатты ұрпақтарымен бірге көптеген жақсы іс-шаралар ұйымдастырдық. Мұның бәрі өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік, тағылымдық маңызы зор жұ­мыс­тар болары сөзсіз, – деді Ш.Баекеева.

Осы орайда колледж директоры А.Мұсаев бекіткен іс-шаралар жоспары жөнінде айтып өтсек. Алдымен директордың оқу-тәр­бие істері жөніндегі орынбасары Г.Жаңы­ло­ваның әзірлеуімен іс-шаралар жоспары нақ­тыланып, бекітілген. Соған сәйкес кітап­ханашы Ж.Кенжебаеваның ұйымдас­тыруы­мен «Еңбегінен ел таныған азамат» атты кітап көрмесі мен библиографиялық шолу жа­салған. Ал топ кураторлары мен топ шебер­лері барлық оқу тобында бірыңғай тәрбие сағатын өткізген. Мұнан бөлек арнайы пән оқытушылары А.Әнапия мен А.Өмірзақ бейнеролик әзірлеп, ол күн сайын колледж фойесіндегі теледидар арқылы көрсетілген. Сонымен қатар қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Г.Ер­тасованың ұйытқы болуымен «Берекелі еңбектің берері мол» тақырыбында эссе жазудан колледжішілік шығармашылық байқау өт­кізіліп, жеңімпаздар марапатталған. Волейбол турнирі мен тағылымдық кешке спорт бөлімі мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Г.Ертасова, жастар ісі жөніндегі комитет тө­райымы Г.Жетес бастаған оқытушылар, студенттер атсалысқан. Колледж директорының оқу-тәрбие істері жөніндегі орынбасары Гүлазат Инабатқызының айтуынша, барлық іс-шаралар уақытылы, сапалы өткізіліп, жоғары деңгейде қорытындыланған.

Тағылымды іс-шарада Жиентай Байкен­ұлы­ның Қазақстанның түкпір-түкпірінен кел­ген бауырлары, ағайын-туыстары, құда-жекжаттары, ұрпақтары атынан інісі Амантай Есенов мен келіні Күләш апа, үлкен ұлы Есенов Кенжетай Жиентайұлы, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Расул Есенов сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісіп, ақ тілектерін жеткізіп, колледж ұжы­мына шынайы алғыстарын білдірді.

– Біз кешелі бері қазыналы Қазалы ауданы хал­қының бекем бірлігі мен көркем тірлігіне куә болып, үлкен әкемізді еске алуға арналған іс-шараның жоғары деңгейде өткізіліп жатқанын аңғарып жатырмыз. Ең алдымен Серікбол аға бастаған әулет мүшелеріне, бауырларыма, сон­дай-ақ колледж ұжымына алғыс айтамын. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің не­гізін қалаушы Жиентай Байкенұлы – әкем Әбутәліп Есеновтің үлкен ағасы. 85 жасқа тол­ған әкем денсаулық жағдайына байланысты бү­гінгі іс-шараға қатыса алмады. Тереңөзектік туыстарымыздың ниетін арқалап, сіздермен бір­ге тағылымдық кештің қатысушысы болып отырмыз. Өзім де осындай колледжде білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан едім. Колледж «Жас маман» жобасының жеңімпазы атанған екен. Колледждің материалдық-техни­калық базасымен толық танысып шықтым. Қазір кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп жатырмыз. Еңбек еткен, ізденген жастарға барлық мүмкіндік бар. Мен осы оқу ордасында білім алып жатқан сту­денттердің жақсы маман атанарына сенемін. Колледжді ұзақ жылдар басқарған, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Темірбек Исмайловқа және қазіргі директоры Арман Мұсаевқа алғыс айтамын, – деді Расул Әбу­тәліп­ұлы.

Өз кезегінде колледж ардагерлері Темірбек Кәнішұлы мен колледж ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинебай Әзілханқызы, Жиентай Бай­кенұлымен қызметтес болған ардагер-ұстаз Деменбай Әмірашұлы сөз сөйлеп, мерейтой иесі туралы естеліктер айтты. Кеште Қазалы қалалық мәдениет үйінің әдіскері Мәмбетов Айбек қазақтың термелерін орындаса, «Студенттік Парламент» ұйымының мүшелері Аслан Болатбек ән шырқап, бишілер би биледі. Колледж студенті Индира Нұрман ақын Мұқағали Мақатаевтың «Әке» өлеңін мәнерлеп оқыды.

Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің негізін қалаушылардың бірі – Есенов Жиентай Байкенұлының 90 жылдығына орай өткізілген іс-шараның қорытындысында қайраткер-тұл­ғаның ұлы Серікбол Жиентайұлы Қазалы аг­рарлы-техникалық колледжі ұжымына шынайы алғысын білдіріп, Есеновтер әулеті атынан оқу ордасына «Epson Eb X06» маркалы үлкен проек­тор сыйға тартты. Мұнан соң ас беріліп, ата-бабалар рухына Құран бағышталды.

Осылайша, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мә­ні зор тағылымды іс-шаралар жоғары деңгейде қорытындыланып, біз де қойнауына құт қонған Қазалыдан тарихы терең Тереңөзекке бағыт алдық. «Жолаушының тілегі қабыл» демекші, қайтар жолда адал еңбекті ту еткен Есеновтер әулетінің ырысты ынтымағы мен берекелі бір­лігі арта берсін деп тіледім.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Тереңөзек – Қазалы – Тереңөзек
29 наурыз 2022 ж. 656 0