Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақжармалық келіндер сайысы

Ақжармалық келіндер сайысы

Жақсылықтың жаршысы, жаңа жыл­дың бас­тауы болған әз-Наурыз мейрамы да келіп жетті. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы наурыз айы­ның халқымыз үшін артықшылығы мен ерек­шелігі көп.

Мерекеге орай Ақжарма ауылдық округі әкімі ап­пара­тының қолдауымен, ауылдық мәдениет үйінің ұйым­дастыруымен ауыл­дың пысық та бесаспап ке­лін­­дері арасында байқау өтті. Оған аудандық жас­тар ресурстық орта­лығының директоры Ғани Оралов, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Айдана Маратқызы, Шаған ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Гүлзира Райым­­бекова және келіндер байқа­уы­ның жүлдегері, респуб­ликалық «От­басы – бақыт мекені» байқауының бас жүлде иегері Әйгерім Қара­таева қазылық етті. Көңілді өткен сайысқа бір-бір үй­дің тіршілігін шыр айналдырып отырған алты келін қа­тысты.

Халық лық толған залда өнер көрсету қатысу­шы­ларға оңай болмады. Алты бөлімнен тұрған сайыс­та келіндердің өнері бір-бірінен асып түсті. Бірінші таныс­тыру сайысында қатысушылар бар өнерлерін ортаға салды. Өз өнерлерін көрсету сайысы бо­йынша додаға түскен келіндердің бірі домбырамен ән шырқаса, бірі мәнерлеп жыр шумақтарын оқыды. Ен­ді бірі жанды дауыста ән айтты. Сонымен қатар келіндердің бір күндік өмірлерінен түсірілген бейне­баяндар көпшілікке керемет көңіл күй сыйлады. Тағылымды тәрбиеге толы бейнебаяндардан келін­дер­дің үлкендерге деген ізетін, балаларына деген мейірімділігін, отбасындағы тіршілікті иіріп әкетуін көре алдық. Келіндердің ерте тұрып сиыр сауып, ер азаматтарын жұмысқа шығарып салып, ата-ененің бабын тауып, балаларының жағдайын жасап, жеңіл көлік пен тракторды тізгіндегенін де көріп таң қалыстық.

Қатысушылар арасында үй шаруасы мен жұмысты қатар алып жүрген келіндер де баршылық. Сонымен қатар көпбалалы ана да бар екен. Бармағынан бал тамған келіндердің үй тапсырмасына жасап келген ас мәзірлерінің дәмі тіл үйіреді. Бірі балық етінен қарма жасаса, енді бірі ұмыт болып бара жатқан бүрме қарынды дайындап әкеліпті. Ақ дастарханнан қазақ халқының ұлттық асы бауырсақ пен наурыз көже, ай­ран, қатық, құрт пен ірімшік, сары май, тіпті тәтті бәліш те табылды.

Тартысты өткен байқауда келіндер сән әлемінен де алыс емес екендіктерін байқатты. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген сайыста келіндер ұлттық киім үлгі­лерін насихаттады. Бұл сайыс бойынша Нұрила Сә­тенова мен Құралай Қырғызбаева көпшілік көңілінен шыға білді. Бірі болмашы дүниелерден көйлекке көрік берер әшекей дайындаса, екіншісі – ұлттық киім шапан мен тақия тігіп, қызы екеуі ортаға шығып, сән үлгісін көрсетті.

Әр келіннің өзіндік ибалығы мен ина­баттылығы жа­расқан сайыста қатысу­шылар өнері бір-бірінен асып түсті. Ауыл халқының ыстық ықыласына бөленген келіндер өз өнерлерімен көпшілік көңілі­нен шықты. Тиісінше тракторды да тізгін­деген сәнқой келін, аяу­­лы жар Нұрила Сәтенова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды ибалы да инабатты, әнші келін, жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Ақнұр Ноғаева иеленді. Ал екінші орынға өзі қарапайым әрі аспаз келін Ақмарал Әбжалиева лайық болса, үшінші орын үй тіршілігі мен жұмысты қатар алып жүрген әмбебап келін Құралай Қырғызбаеваға бұйырды. Байқауға қатысқан бесаспап келіндер Перизат Қыдырәлі мен Әсемкүл Жоламанова «Алғыс хат» иеленді.

Өнегелі іс-шараға ауылдың бірқатар азаматтары демеушілік жасаған. Атап айтқанда, Асқаровтар отбасы, М.Замадинов, Ғ.Байболов, А.Болатов, Ж.Әбілқасымов сынды арда азаматтардың демеушілігімен өткен са­йыс­­та келіндер ақшалай және заттай сый-сияпатқа ие болды.
Айдана Қалиева
22 наурыз 2022 ж. 804 0