Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқсаныншы көктем

Тоқсаныншы көктем

Осы шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шыып, келін болып қызмет етіп жүргені кеше ғана сияқты көрінеді Құрманкүл әжеге. Бүгінде келіндерге өнегелі тәрбиесін көрсетіп, нөмере-шөбере сүйіп, Емжаровтар әулетінің ардақты ақылшысына айналған. Қытымыр қыстан кейінгі шуақты мезгілді асыға күтетін ақ жаулықты әже биыл тоқсаныншы көктемін қарсы алып отыр.

Құрманкүл Шаңбайқызы шұғылалы көктемнің мерейлі мерекесінде көршілес мемлекет Қырғызстанның Джалал-Абад жерінде өмір есігін ашқан. Құрманкүл десе көбісі біле бермейтін шығар, ал Құрмаш әжені жұртшылық жақсы таниды.

Қиыншылық кезең. Оның үстіне есейген шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіпті. Жас кезінде әкесі өмірден өтіп, Асан деген нағашысының қамқорлығында болған. Қиын-қыстау шақта олар «Майлықұм» колхозына қоныс аударады. Осындағы мектептің табалдырығын аттап, бастапқы білімді алады. Сол кезеңде қан майдан алауы тұтанып, ер азаматтар қолына қару алды. Ал еңбекке жарамды қыз-келіншек, әйел-аналар колхоз жұмысына араласып, майдан даласындағы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етті. Бұл қатарда Қ.Шаңбайқызы да болған. Өгізбен жүріп жер жыртып, егін егіп, оны қолмен орып жинаған.

– Мен Құрбан айт кезінде өмірге келгенмін. Соған байланысты есімімді Құрманкүл қойған. Жас шағымыздан бейнеткеш болдық. Сұм соғыс жанымызға жазылмас жара салды. Ол кезеңдерде күндіз-түні тыным таппай еңбек еттік. Егін егіп, оны қолмен жинадық. Күн ыстықта бидай дәндері шашылып қалатын болған соң, таңғы шықта егін жинау жұмысы қызу жүретін еді, – дейді жастайынан бейнет көрген ардақты жан.

Өткен ғасырдың ортасында Құрмаш әже колхозшы Қанибекке тұрмысқа шығып, «ХХІ партсъездге» келін болып түседі. Мұнда да колхоз жұмысына араласып, бақшалық дақылдарды еккен. Қара жұмыс жасап жүріп қара шаңырақтың берекесін келтірген. Колхоздан кейін кәсіптік-техникалық училищеде, одан кейін 1977-1983 жылдары мектепте жұмыс істейді.

– Осы өлкеде тұрмысқа шығып балалы-шағалы болдық. Азаматым Құндызды ауылдық кеңесте хатшы болды. Ұстаздық қызмет атқарып, «СПТУ-88» училищеде сабақ берді. Өзім де №131 орта мектепте қызмет еттім. Сол бейнетіммен зейнетке шығып отырған жайым бар. Осы елді мекеннің байырғы тұрғынымын. Ер азаматым екеуміз 8 ұл-қызды тәрбиелеп өсірдік, – дейді қос қуаныш иесі.

Бір әулеттің ақылшысына айналған ардақты әже үнемі елдің амандығын, ағайын-туыстың тату болуын тілеп отырады. Көктем мерекесінде бала-шағасынан үлкен сыйлық күтпейтінін, тек солардың тілеуін тілеп отыратынын жеткізді.

– Шуақты мерекеде туған ерекше қуаныш қой. Балаларым жыл сайын құрмет көрсетіп, сыйлық жасап жатады. Маған олардың аман болып, немере-шөберелерімнің ортасында отырғаным зор қуаныш. Сол жеткілікті. Осы күнімізге шүкір деймін. Кейінгі буын, ұрпақтарым жаманшылық көрмесін. Барша әйел қауымын мерекемен құттықтаймын, – дейді тоқсаныншы көктемін қарсы алған Құрмаш әже.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
06 наурыз 2022 ж. 369 0