Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тотықұс не дейді?

Тотықұс не дейді?

Қоғамға өзіңнің керексіз һәм қызықсыз екеніңді сезіну, әсіресе шығармашыл адамдарға өте ауыр. Ал бұл шындықпен бетпе-бет келсеңіз, тіпті сұмдық. Герман Гессенің «Авторлық кешіндегі» жазушы-кейіпкердің Квербург қалашығына жасаған сәтсіз сапары есіңізде болар. Оқырмандармен кездесуге барған жас автор бүкіл қала өзін күтіп отыр деп ойлайды, алайда ол кешке ешкім келмейді. Әңгіме ғасыр бұрын жазылса да, бүгінгі қоғаммен бір ұқсастығы бардай көрінеді. Әлқисса.

Ол осы әдеби кездесуге ерек­­­­­ше ықыласпен келе жатты: жол бойы әдебиет туралы, адам­­дардың сөз өнеріне де­ген құрметі туралы, көркем шығар­маның қоғамның жақсы өмір сүруіне, ізгіленуіне әсері туралы ойлады. Ертеңгі болар кездесуде оқырмандарға ұсынатын шығармаларын да пысықтады. Алыс шалғайдағы кішкентай өңірдің өзінің шығармашылы­ғын елеп, ескеріп, әдеби жиын ұйымдастырып жатқанына риза болды. Жергілікті халықтың әлі де әдебиетке қызығатынына, ба­ғалайтынына іші жылыды. Сол үшін вокзалдан түсе сала күтіп алған фраур Шифельбайнға ала­қандай Квербургте әдеби кеш­тер өткізетін ұйым барына қуа­нышты екенін айтты. Ал тап-таза буржуаз Шифельбайн оның бұл көңіл күйіне аса таңғалмаған ке­йіпте әрі қонақтарды қарсы алып, шығарып салуға әбден үйренген қалыпта «біз жұмыссыз отырмаймыз ғой» деп сыпайы қайырады. Ақиқатында, фраур күтіп алған кеш иесінің кім екенін, немен айналысатынын да білмеді. Бәлки, оған оның маңызы жоқ...

Жазушыға Шифельбайнның түр-тұлғасы, өзін ұстауы, мәде­ниеті, буржуаздық өмірі, тіпті әйелі мен үйіндегі жиһаздары­на дейін ұнады. Ол, әсіресе ас үстінде әдеби әңгіме айтудан қауіптенетін. «Йорн Ульді оқы­дыңыз ба?» немесе «Толстой мық­ты ма, әлде Гангхофер ме?» деген сауалдар оның тәбетін қа­шыратын. Алайда бұл үйдегі түскі аста тыныштық пен үйлесім ғана болды. Тек үй иелері дастар­хандағы жас үйрек еті туралы пікірін сұраған кезде: «Бұл, әдет­те жазушылар аса қызыға бер­мейтін тақырып», деді. Сон­да ғана фрау Шифельбайн шаныш­қысын төмен түсіріп, оған үл­кен домалақ көздерімен таңдана қарап:

– Яғни сіз тағы жазушысыз ба? – деп сұрайды.
Фрау бұл жолы да, әдет­те­гідей әлем елдерін аралап, баян­дама оқитын біреу деп ойла­ған екен. Тіпті бавар халық ән­дерін орындап, би билеген бұ­рын келген Эмильді еске түсі­реді. Осылайша, қонақтың жазу жазатыны белгілі болған соң үй иелерінің ілтипа­ты артып, шы­ғармашылығына қызыға түсті.
– Ал сіз, негізінен не жазасыз? Театрға арнап па?
– Жоқ, театрға әлі жазып көр­­­медім. Тек әңгімелер мен өлең­­дер.
– Бұл сұмдық қиын шығар иә?
...Буржуйлардың бұл таң­ға­лысы тірі жазушыны өмірде алғаш көргендей әсер қалдырды. Үстел басындағы адамды жазу­шы дегенге қимай әрі ойдағы кү­дікті де жасыра алмады.
– Дегенмен сіз толық бір кітап жазбайтын боларсыз...
– Мен, тіпті бірнеше «толық» кітап жазып үлгердім.
Бұдан кейін үй иелері шы­нын­да да ойлана бастады. Қалаға кел­ген қонақтың жазушылығын мо­йындаған соң, көңілдегі тоң жібіп, тост көтерілді.
Ал арғы бөлмедегі үлкен тор­да торығып тотықұс отырды. Ол кө­бінесе түс ауған уақытта сөй­лейді. Өмірінде мұндай тоты­құсты алғаш рет көрген жазушыны оның күнделікті өзін қалай ұстайтыны қызықтырды. Оның бақытына қарай, көп өтпей-ақ үй иелерінің көздері іліне салысымен тотықұс та өз даусын естіртті. Сөйлегенде де жалпы адамзатқа өте таныс сөз айтты. «О Құдайым... Құдайым... Құ­дайым... менің».
Жас авторды қонақ еткен шал­­ғай мекендегі бейтаныс жан­ның үйіндегі кездейсоқ тоты­құстың Құдайды атап, таң­ғалуына не себеп? Әлде бұл таң­ғалу емес, сол қоғамның сырын ашар сөз бе?
Үй иесі оған кішкентай шкаф­тағы кітапханасын көрсетті. Иә, жазушының әйтеуір бір кітап оқы­ғысы келді. Кейде осындай үй сөрелерінде сирек кездесетін кітап­тар кездесіп жатады. Ол со­­лай деп үміттенді. Алайда онда екі ән жинағы, «Елдер мен те­­ңіздер туралы» кітаптың үш серия­сы, Брюссельдегі бүкіл­әлем­дік көрменің каталогы мен француз тілінің қалташа-сөздігі тұр екен. Әрине, шаң басқан.
Ферейн хатшысы оған ал­да­ғы кештің билеттері сатылмай жатқанын хабарлайды. Яғни тіпті жалға алған залдың ақы­сын төлей алмаулары мүмкін. Сон­дықтан авторға берілетін қала­ма­қыны кішкене азайтуды сұра­ды. Ал залдың безендірілуіне тиіс­педі: сондағысы екі ту. Ол екі ту міндетті түрде тұруы керек.
Кеш қарая үйдегі үшеу әдеби кеш өтетін жерге қарай аяңдады. Көшедегі қалың адамға автор таң­ғалды: «мына нөпір халық менің кешіме бара жатыр ма?..»
Алайда олар бірінші қабат­тағы сыраханаға бет алған еді. Ал әдеби кешке шыққан үшеу тым-тырыс тұрған екінші қабат­қа көтерілді.
«Мен хатшыға жақындадым.
– Айтыңызшы, көрермен ме­нің кешімді қалай елестетеді? – дедім асыға. – Меніңше, әдеби кештен басқасының бәрін».
Зал, шамамен жиырма қатар орынға арналған. Алайда бұл кеш­те оның үш-төртеуі ғана бос емес еді. Әрине, алдыңғы қатарда ерлі-зайыпты Шифельбайндар отыр.
«Құдайдың қолдауымен кеш­ті өлеңмен бастадым. Бәрі тебіре­не тыңдап отыр, бірақ... Аяғым­ның астынан барабан ойнап, сырахана кешіне жиналғандар­дың шулы дауысы естіліп жатқан­да келесі өлеңді оқығаным дұрыс па?..»
Ол санаулы көрерменге зер салды: күлген, түсінбеген, таң­ғалған һәм қатулы адамдардың жүзін көрді. Жаңа кірген алты тұрғын да ренжіген кейіпте түк­ке тұрғысыз кештен тұра қашты.
Оның Квербургтегі алғашқы кеші осылай аяқталды. Траге­диямен.
«Ұйықтамай тұрып мен көр­ші бөлмедегі шамды жағып, құс отырған торға жақындадым. Осы құрметті буржуаздық үй­дің өміріне әбден жарасқан кәрі тотықұсты естимін деп үміт­тен­дім. Егер іште бір айтары бол­са, ол міндетті түрде шығады. Пай­ғам­барлардың бейнесі бар, ақын­дар өлең жазады, ал бұл үйде бір дауыс бар, ол мына құстың шырылынан білінеді. Құдай оған жаратылысты жырласын деп дауыс берген».
Кейіпкердің қалағаны орындалды: шам жарығынан үркіген құс ұйқылы-ояу қалыппен қана­тын керіп, дәл бір адам дауысымен есіней отыра саңқ етті. «О Құда­йым...құдайым...құдайым...менің».
Көркем әдебиеттен, жалпы, шы­ғармашылық ортадан жа­лыққан, безінген, шаршаған қо­ғам әр дәуірде де болды. Герман Гессе кейіпкерінің басынан өт­кен өкінішті оқиға бүгінгі қа­зақ қо­ғамына да таңсық емес. Бұл шын­­дықты, бәлки, еліміздің шал­ғай өңіріндегі бір үйде торда торығып отырған тотықұс айтып жатқан болар...

Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»
23 ақпан 2022 ж. 200 0