Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбек иесі

Адал еңбек иесі

Адам өміріне араша түсер дәрігерлердің жұмысы өте күрделі десем артық айтқандық емес. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда жанымыздан табылатын дәрігерлер қа­уымы екені сөзсіз. Себебі шүберекке түйген жанымызды солардан басқа ешкімге сеніп тапсыра алмайтынымыз тағы бар. Ал өмірінің отыз жылдан астам уақытын дәрігерлікке арнау ол мамандыққа деген адалдықтың белгісі деп білемін. Гиппократ антына адал болған ардақты дәрігерлер абыройы әрқашанда жоғары бағаланады. Бүгін осындай абзал жандардың бірі, мықты дәрігер, асыл ана, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Сәрсен Олинова туралы қалам тербемекпіз.

Табиғатынан өте қарапайым болу – отбасында берілген тәрбиенің арқасы. Болмысынан қарапайым дәрігер болу бұл адамгершіліктің белгісі болар. Сәрсен Мол­дашқызы 1959 жылы облыс аумағын­дағы Қараөзек ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Молдаш Жанәлиев қарапайым көлік жүргізуші болған. Ал анасы Әсила Мұстапаева аудандық кәсіптік техникалық училищеде аспазшы болып жұмыс істеп, сол жерден зейнет демалысына шыққан. Отбасында он екі баланың тұңғышы болған С.Олинова №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектепте білім алған. Аталған білімнің қара шаңырағын үздік тәмамдағаннан кейін білімін Павлодар қаласының совхоз техникумында жалғастырады. Веттехник мамандығын игеріп шыққаннан кейін аудан орталығы Тереңөзек кентінде мамандығы бойынша екі жылдай қызмет атқарады. Кейін Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, одан терапевт дәрігер мамандығын алып шығады. Медициналық институтты үздік бітірген дәрігер бір жыл облыстық ауруханада терапевт дәрігер болып еңбек етеді. Кейін Нағи Ілиясов ауылдық ауруханасына терапевт дәрігер болып жұмысқа орналасады. Ауылдың тумасы Шыңғыс Олинов деген азаматқа тұрмысқа шығады. Қазіргі уақытта үш қызды өмірге әкелген бақытты ана, қыздарын қияға қондырып олардан үш немере сүйіп отырған асыл әже. Ауыл халқы құрметтейтін Сәрсен Олинова қазір құрметті зейнет демалысында.

– Нағи Ілиясов ауылына жұмысқа келген уақытым әлі есімде. Ол кезде жас күніміз жұмысқа деген қызығушылық пен ынта жігердің бойымызда тасып тұрған шағы. Ол кезде аурухана ғимараты ауылдың ше­тінде еді. Ескі ауруханада күндізгі стационар науқастар жатып ем алатын. Жұмысқа орналасқаннан кейін араға үш жыл салып осы амбулаториялық аурухананың мең­герушісі болдым. Мұның барлығы әрине оңай шаруа емес. Небір қиын кезеңдермен қатар небір аты жаман дерттермен күресіп, науқастардың жанын аман алып қалу үшін алғашқы көмекті көрсетіп келдік. «Ауру айтып келмейді» деген тәмсіл бар сап-сау жүрген адамның ауырып құлап қалуы аяқ астынан болатын жағдай. Күн демей, түн демей амбулаторияның басқа да қызметкерлері бар сол науқастың үйіне барамыз. Алғашқы көмекті көрсетіп, жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткіземіз. Бұл жұмыстарды атқаруда менің жанымнан әрдайым амбулаториялық аурухананың бас­қа да қызметкерлері табылды. Бұл бірі­гіп, бірлесіп жинаған абырой. Содан зейнет демалысына шыққанша осы қызметті абыроймен атқарып келдім деп ойлаймын. Зейнетке шыққаннан кейін ауыл хал­қының өтінішімен үш жылдай тағы қызмет ат­қардым. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанға көмектесу – ақ халатты аб­зал жандардың дәрігерлік борышы. Сол жұмысын жақсы атқарған дәрігер әрқашан ортасында абыройлы болады деп сенемін. Адам өміріне араша түсу оңай шаруа емес. Сол себепті қыздарыма да бұл саланы таңдауды қолқалаған емеспін. Қыздарым әрқайсысы өзі қалаған салада жоғары білім алып, қазір мамандықтары бойынша жұмыс атқаруда. Қызығынан қиындығы көп мамандығымды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін, – дейді білікті дәрігер С.Молдашқызы.

Қазіргі уақытта бейнетінің зейнетін көріп отырған дәрігерді Нағи Ілиясов ауылының халқы аса жоғары бағалайды. Ауыл халқы сырқаттанып қалса бірден Сәрсен апайға барады. Ол кісі науқастың диагнозын дөп басып тауып, ем-домын жазып беретін. Айтылған ем-домнан кейін аттай шауып кеткен науқастар алғысын айтып жүретін.

– Алғыс арқалаған дәрігер ауылдың әрбір тұрғынына үнемі жылы қабақ танытатын. Әркезде де бақылауында ұстап, тіпті көшеде көріп қалса да қазіргі халінің қандай екенін сұрап жүретін асыл қасиеті бар. Сырқаттанып қаншама рет алдына барғанымда сан мәрте сырқатымнан айықтырған еді. Күні бүгінге дейін ауыл халқы облысқа, ауданға емес тек Сәрсен апайға қаралатын, оның себебі айтпаса да түсінікті шығар. Білікті дәрігер әрқашанда сұраныссыз қалмайды емеспе, – дейді ауыл тұрғыны Роза Маханова.

Осы салада отыз жылдан аса сіңірген ерен еңбегі үшін Сәрсен Молдашқызы бір­неше мәрте аудан, облыс әкімдерінің «Алғыс хаттарымен», «Құрмет грамоталары­мен» мара­пат­талған. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тә­уел­сіздік бәрінен қымбат» атты бағдар­ламалық мақаласын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Құрметті Азаматы» атты байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Ең­бек еш уақытта елеусіз қалмайды. Ауыл халқының денсаулығын нығайту жолында ұзақ жылдар еңбек еткен дәрігердің бей­нетінің зейнетін көруіне тілектеспіз.

Айдана Қалиева
22 ақпан 2022 ж. 539 0