Жас кәсіпкер мал шаруашылығын дамытуда
Қазіргі уақытта жеке кәсібін ашып, табыс көзін еселеген жандар көш қатарынан қалмайды. Әрине, қолынан іс келген адам кәсіп түбі – нәсіп екенін біледі. Өткен жылы кәсібін бастаймын деген 350 азаматқа қайтарымсыз грант бөлінді. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында тереңөзектік Ержан Мұратов та мал шаруашылығымен айналысу мақсатында екі бұзаулы сиыр сатып алған болатын.
Ата кәсіпті қолға алған Ержан Мұратов төрт түліктің күтімін жақсы біледі. Жас кәсіпкер бала кезінен әкесі Ғабиттің жанына еріп, мал бағудың қыр-сырына қаныққан. Ержан Ғабитұлы отбасында 5 ағайынды. Ол №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Көпбалалы отбасынан шыққан оның кәсіпті игеруге ынтасы зор. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жергілікті тұрғындарды ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етпек.
– Мен Павлодар қаласында оқыған болатынмын. Ауылға келгенде өз мамандығым бойынша жұмыс табу қиындыққа соқты. Осылайша, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында жеке кәсібімді ашуды жоспарладым. Сала мамандарының көмегімен «Бизнес бастау» жобасын жасауды меңгеріп, өз кәсібімнің болашағын бағдарлай алдым. Шын мәнінде, бизнес бастамас бұрын шығын мен табыс көлемін зерделеу міндетті. Бұл ретте кәсіпті игеремін деген жандарға арнайы курс оқудың пайдасы зор. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына алғысымыз шексіз. Қайтарымсыз грант иелену барысында сала мамандарының қызметіне жүгінген едім, – дейді Ержан Мұратов.
Иә, биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы өзгеріске еніп, қайтарымсыз грант алу тетігі жаңарды. Алдағы уақытта грант алушы азаматтарға талап күшейді.
– Биылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грант алатын азаматтардың санаты өзгерді. Мәселен, қайтарымсыз грант атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне, көпбалалы отбасылардың 4 балаға жәрдемақы алушыларға, жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек бала күтушіге, қандастар және 29 жасқа дейінгі жастарға беріледі. Өз кезегінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізген жандар немқұрайлылық танытпаса игі. Белгіленген көлемдегі қаржы алған кейбір жандар мақсатсыз пайдаланып жатады. Біз мұндайда аталған азаматтан қаржыны қайтару мақсатында жұмыс жасайтын боламыз. Негізінен, Ержан Мұратов секілді жас кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Бизнестің жарқын болашағы жастардың қолында, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Айнаш Байымбетова.
Балтабай ОРДАБЕКОВ