Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қосағымнан айырылсам да...

Қосағымнан айырылсам да...

Редакцияның мерейтойы қарсаңында басылым жұмы­сымен танысуға аудандық елді мекендерден мектеп оқушылары келгенін газеттің өткен нөмірлерінің бірінде айтқан болатынбыз. Кейін сол сан жарыққа шыққан соң бас редактор маған тапсырма берді. Ол Жансая Әби­боллаева деген қыздың шы­ғармашылығымен танысып, материал әзірлеу болатын.
Сол күні-ақ бұрынғы О.Мәлібаев ауы­­лына аттандым. Айтылған мекен-жайға жеткенімде, алдымнан кішкентай ғана арықша келген қыз бала шықты. Жөнімді айтып едім, бақшада жүрген көкесін шақырды. Қарапайым ауылдың күйбең тірлігімен жүрген Жайық ағаның жасы да жетпіске таяп қалған екен. «Інім Әбиболланың жары өмірден ерте озды. Артында бес баласы қалды. Соларға бас-көз болып отырмын», – деп бастады өз сөзін. Біз сөз еткелі отырған Жансая осы үйдің кенже қызы екен. Оқуын да үздік аяқтап, жазғы тынығу лагеріне демалуға дайындалып жүрген көрінеді. Жасы небәрі он үште.
Жайық Асанұлы – осы шаңырақтағы бес баланы өсіріп, жетілдірген жаны жомарт кісі. «Өзім оқи алмадым, бірақ осы балаларды оқытып, көзін ашып, өмірге қанаттандырып жіберсем, мен үшін бақыт сол болып тұр, қарындасым. Үйдің үлкендері елордада жұмыс жасап, еңбек етіп жатыр. Ортаншы қыз биыл университетті үздік аяқтап, мамандығына сәйкес жұмысқа орналасты. Осымен тоқтап қалмай тағы да оқуың керек дедім», деп ағынан жарылды.
Анасынан ерте айырылған ұл-қыздарға өзі ана, өзі әке болып жүр. Азын-аулақ дүниесімен күн кешіп жүрген қария әлі тың. Әңгіме барысында тарихтан біраз хабары бар екенін байқадым. География, тарих сабақтарын үздік оқығаны көрініп тұр.
– Ол қиын-қыстау уақытта оқу оқып, маман болу тым қиын еді. Мен тек сегіз сыныптық білімі бар жанмын. Тек өз қызығушылығыммен Ресейдің көптеген қалаларын аралап, таныстым. Тіпті Қазақстанның бүкіл облысының тыныс-тіршілігінен хабарым бар. Тек диплом ғана жетіспей тұр. Әйтпесе, география пәнінің нағыз маманымын, – деді қария күліп. Расымен де, мен естімеген тарихи оқиғалардан хабары бар әуесқой тарихшы деуге болады.
Қамшының сабындай бейопа жалғаннан мәңгілік дүниеге тым асығыс аттанған анасы қатерлі ми ісігі ауруынан өмірден кеткен. Ол кезде Жансая төрт жаста еді. Он жылдан астам уақытта көкесі оларға көмек беріп, жандарына медеу болды. Қиналғанда жан сырын айтар сырласы, қуанғанда қуанышын бөлісер жанашыры. Қосағынан айырылып, бауырының ұл-қыздарын өз қолына алған Жайық ағаның бұл ісі көпке үлгі. Өзгенің емес, өз отбасының шаңырағын ұстай алмай жүрген қаншама адам бар біздің қоғамда. Сол жандарға сабақ болар мысал екені көрініп-ақ тұр.
Жансаяның жаны қара өлеңге жақын. Болашақта филолог, тіл маманы боламын деген кішкентай қыздың арманы асқақ. Біздің редакциямен тығыз байланыс орнатып, осы кенже қызды қасиетті «өлең» деген ортаға қосып, қанаттандырғысы келетінін жеткізді қария. Жансая мектепте оқу озаты, қоғамдық жұмыстармен де белсене айналысады. Түрлі үйірмелердің мүшесі екен. Саналы ұрпақ тәрбиесі мен білімі үшін отбасын аудан, облыстың білім саласы басшылары «Алғыс хаттармен» марапаттаған. Жансая – республикадағы үздік оқушылар энциклопедиясына енген оқу озаты. Қосығынан айырылса да, ошағының отын өшірмей, бауырының балаларына да қамқорлық жасап отырған Жайық Асанұлына Алла ұзақ ғұмыр берсін дедік...

Майя ҚОЖАБАЙ

30 шілде 2019 ж. 700 0