Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі

Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі

Дұрыс орнатылмаған электр желі­лері, қате жалғанған кабельдер, сақтан­дырғыш­т­а­ғы ақау кез келген уақытта өртке алып келуі мүм­кін.  Бір уақытта желіге қосылған бірнеше электр құрылғылар тоқ жү­йесінің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі және ол өрттің туындауына се­бепші болуы мүмкін. Отбасыңызды және дүние мүлкіңізді өрттен сақтау үшін бірқатар ережелерді орындауыңыз қажет:

– Егер сіз тұрмыстық техниканы іске қосқанда және сөндіргенде ұшқын көрсеңіз немесе электр құрылғыларды желіге қосқанда розеткалар қыза бастаса, желілердің ішінде ақау бар деген сөз. Өрт қаупінің алдын алу үшін розеткаларды ауыстыру қажет;

– Үйден шығып бара жатқан кезде электр желісіне қосылған барлық тұрмыстық электр қондырығылардың ажыратылғанына көз жеткізіңіз, электр жүйесін электр ажыратқыштан өшіріп шығыңыз;

– Есіңізде болсын, сақтандырғыштар электр жүйелерінің тұйық­та­луынан сақтайды, бірақ өрттің алдын алмайды. Сол себепті тұрмыста сапасыз розеткалар мен ұзартқыштарды қолданбаңыздар. Бұл өрт қаупін туғызатын бірден-бір себеп.

Егер сіз электр жылыту пешін пайдалансаңыз, мына қағидаларды білуіңіз қажет:

– Электр жылытқыштар тек зауытта жасалған болуы қажет;

– Электр жылытқыштарды жанғыш заттармен жабуға, олардың үс­тіне зат қоюға болмайды;

– Тоққа қосылған құралдарды үнемі бақылап, үйден шыққан кезде оларды міндетті түрде өшіру керек;

Уақытша металл пештерді орнатқанда аяғының ұзын­дығы 0,2 метрден аз болмауын қадағалаңыз. Металл пештерден өрт шыққан жағдайда ең алдымен «101» нөмірін теріп, өртке қарсы қызметті шақырыңыз. Өз мекен жайыңызды дұрыс түсіндіріп, өртеніп жатқан жерді сипаттап беріңіз. Өрт сөндірушілер келгенше өрт көзін жабуға әрекет жасаңыз. Өрт өршіп кетсе және сіздің оны оқшаулауға шамаңыз келмесе, электр таратқышты өшіріңіз. Мүмкін болса, өрттің өршуін еселейтін газ баллонды сыртқа шығарып, есіктерді жабу қажет. Сондай-ақ, өртеніп жатқан жерде ұзақ уақыт тұрмағаныңыз абзал.

Есіңізде болсын, осы ережелерді қатаң ұстансаңыз өз өміріңіз бен дүние мүлкіңізді сақтай аласыз. Тілсіз жау айтып келмейді. Сондықтан сақтық шараларына аса мән беріп қараған жөн.


Сырдария ауданы
төтенше жағдайлар бөлімі
05 ақпан 2022 ж. 432 0