Қасиетті өнерді төрге оздырған
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Толғанай Қашақова – жас та болса өз саласының үздігі атанған жан. Оның өнерге деген махаббаты бала кезінен қалыптасты. Отбасында домбыраның үнін естіп өскен қаршадай қыз болашақта өнер иесі болатынына күмәнданбады.
Толғанай Мұратқызы – Қалжан ахун ауылының тумасы. Ардақты әкесі шаруашылықта еңбек етсе, анасы төрт бірдей қыздың тәрбиесімен, отбасындағы шаруамен айналысты. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, музыкаға жаны жақын болған жас балғынды мұғалімі Алтынай Иманқұлова тәрбиеледі, өнерге баулыды. Алғаш мектеп сахнасында ән салған жас өнерпаз «Әнші балапан» әнін шырқап, көрермендер көзайымына айналғаны есінде. Ән айтумен қатар, би өнерін де меңгеріп, мектепішілік іс-шараларға, байқауларға қатысқаны да күні кеше өткендей.
Бала кезінен құлағына домбыранын үнін сіңірген асқар таудай әкесі Мұрат аға күй тартқанды ұнатады екен. Әрине, әуесқой домбырашы ретінде ән де айтып, кішкентай қызының бойына өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіріп өсірді.
– «Әу» демейтін қазақ жоқ. Құлағыма келген әуенді ешқандай нотасыз домбырамен әуендетемін. Атақты күйлерді де арнайы үйренбесем де тартып беремін. Домбыраға қосылып кейде ән айтамын. Кішкентай қызым Толғанай өнерге жақын болды. Үлкен әпкелері Жанат, Жанар, Жанерке мұғалімдікті, медбикелікті және мұнай саласын таңдады. Олардан жұбайым Гүлнәр екеуміз жеті жиен немере сүйіп отырмыз. Қазір Толғанайдың жетістігіне қуанып отырмыз. Сүйікті ісімен айналысып, мәдениет саласында абыройлы қызмет етеді. Ата-анаға бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә, – дейді өнер иесінің әкесі Мұрат Қашақов.
Толғанай мектептен негізгі білімін алып, Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжге оқуға түседі. Колледжде баяннан сабақ берген ұстазы Тұрмағанбет Ізбасаровта 4 жыл бойы оқып, кәсіби маман атанады. Арнаулы оқу орнын тәмамдаған болашақ мәдени ұйымдастырушы жоғарғы оқу орнына түсу үшін бағын сынайды. Мамандығына деген ыстық ықыласының және біліктілігінің арқасында Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының музыкалық білім маманы бойынша грант иесі атанды. Болашақ мәдениет маманы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, алғашқы еңбек жолын да бастап кетеді.
– Киелі мекен Қалжан ахунда туып-өсіп, болашақта мәдени ұйымдастырушы маманы атану арманым орындалып, жоғарғы оқу орнын бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде бастадым. Төрт жыл бойы мәдениет майталмандарымен қатар жүріп, мамандығымның қыр-сырын меңгердім. Әсіресе ақын, сценарист, режиссер, ҚР мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтан үйренгенім көп. Қалалық мәдениет үйінің директоры Эльмира Қанатбаеваға да айтар алғысым шексіз. Ұстазым ретінде өнер жанашырларын құрметтеймін. 2017 жылдан бері ауданға ауысып келдім. Мені әріптестерім жылы қарсы алды. Мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға, сценарий жазуға аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрхан Көшербаевтың еңбегі зор. Жас мамандарға үнемі қамқорлық танытып, алға жетелеп жүреді. Кемшіліктерді де айтып, оны түзетуге көмектеседі. Өнерді шын талантты адам бағындырады. Бірақ көп еңбек пен шығармашылық ізденіс те қажет. Бірін-бірі толықтырып отыратын осындай қасиеттерсіз өнер иесі атану мүмкін емес, – дейді Сырдария аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Толғанай Мұратқызы.
Кәсіби мамандардан тәжірибе жинап, туған ауылға қызметке келген мәдени ұйымдастырушы бүгінде аудан көлемінде өтетін мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Ол кәсіби біліктілігінің арқасында мәдениет үйі жанындағы жастар театрында өнер көрсетіп келеді. Мәселен, театр ұжымы сахналаған С.Раевтың «О, қыздар» драмасында Жарқынайдың рөлін сәтті сомдап шықты. Ал драматург Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында Жәмиланың образын сомдаған Толғанайға өнерсүйер қауым жоғары баға берді.
Күн сайын сүйікті мамандығымен қауышатын өнер иесі – өткен жылы сәтті шыққан «Жұлдыз лайк» жобасының ұйымдастырушысы. Телевизиялық шоу биыл да ұйымдастырылып, сәл өзгеріс енетінін айтады.
– Өткен жылы жаңа жоба сәтті өтті. Жұп ретінде 1 кәсіби әнші мен 1 өзге маман иесі таңдалса, биыл екі өнерпаз да кәсіби әнші болады деп күтілуде. Өнерлі жұптар арасында өтетін байқауды жоғары деңгейде ұйымдастыруға кірісіп кеттік. Жалпы, аудан бойынша атаулы даталар мен мерекелік іс-шаралардың көңілден шығатындай етіп өтуіне күшімізді саламыз, – дейді Т.Қашақова.
Аудан өнерпаздарымен қатар жүріп, мәдениет саласының дамуына үлес қосып келе жатқан білікті маман өткен жылдың қорытындысымен ауданда «Үздік мәдениет қызметкері» атанды. Мұнан басқа саладағы жетістіктері үшін облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл жетістіктер мәдени ұйымдастырушының алдағы қызметіне тың серпін береді деген сенімдеміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ